"Тілі қазақша шыққан": Түркістанда орыс қызы қазақ тілінен сабақ беріп, ұстаздық етуде
Түркістандық Наталья Григорьева бүгінде қазақ тілін өзгелерге дәріптеп жүр. Мемлекеттік тілді жақсы меңгерген ару қазақ тілінен сабақ береді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Turkistan" телеарнасына сілтеме жасап.
Наталья бала кезден көршілерімен бірге өскен соң тілі қазақша шыққан. Ол қаладағы Некрасов атындағы мектепте орыс сыныбында білім алып, сол кезден бастап алғырлығымен ұстаздарының назарына іліккен. Қазақ тілінен түрлі деңгейлердегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Қазір ол қазақ гуманитарлық колледжінде қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, өзі білім алған мектепте ұстаздық етуде.
“Қазақ тілін таңдап, мемлекеттік тілімізді дәріптеуге, өзге де ұлт өкілдеріне осы тілді жаттап, осы тілдің арқасында жолдары ашық болатынын түсіндіргім келеді. Осы тілдің мәртебесін биіктеткім келеді”,- деді Наталья.
Жас маманның айтуынша қазақ тілін жетік меңгеруіне, ұстаздық жолды таңдауына Несіпгүл апайы түрткі болған. Ұстазы да арудың өте алғыр, зерек, елгезек болғанын алға тартты.
“Байсалдылығымен таңқалдыратын. Мәтінді қазақ тілінде бір рет оқып-ақ мазмұнын айтып беретін”,- деді ұстазы.
Наталя бүгінде өз ұжымына үлгілі білікті педагог. Ол бос уақытында қазақ ақын жазушыларының шығармаларын сүйіп оқитынын айтады.