Танымал тележүргізуші Гүлмира Дайрабаева халықаралық деңгейде білім алып, 5 тіл білсе де неге елге қайтып оралғанын айтты
Танымал тележүргізуші Гүлмира Дайрабаева бірнеше жыл бұрын білімін жетілдіру мақсатында шетелге жол жүреді. Оңтүстік Калифорния университетін "мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша үздік аяқтайды. Халықаралық білім мен тәжірибе жинап, қазақ, орыс, ағылшын, француз және sign language (мылқаулар тілін) тілдерін меңгергеніне қарамастан журналист дипломын ала салып, еліне оралған. Бүгінде қаржы министрлігінің баспасөз қызметшісі қызметін атқарып жүрген үш баланың анасы елге не себепті қайтып оралғанын, патриотизм деген ұғымды қалай түсінетінін, ұлдарына қандай тәрбие беретінін айтты.
“Бұндай сезімді алғаш рет ана атанғанда ғана сезінген шығармын”
Гүлмира Дайрабаева АҚШ-та "мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша үздік оқып шыққан. Алдына қойған мақсатым орындалды деген тележүргізуші “Болашақ” бағдарламасымен оқуға түскенде ерекше сезімде болғанын жасырмады.
“Біріншіден өзімнің ата-анамның алдында, екіншіден балаларымның алдында, үшіншіден өзімнің алдымда оқу орнын абыроймен, үздік қызыл дипломмен бітіргеніме ерекше қуанамын. Үлкен жеңіске жеттім десем де болады. “Болашақ” бағдарламасының талаптары жоғары екені бәріне мәлім. Әлемдік рейтинг бойынша ең үздік 30 деген университетке ғана оқуға тапсыра алатын едік. Осы үздік 30-ға кіретін үш университетке тапсырып көрдім. Бастапқыда уайымдадым. Шарт бойынша, 7 университетке дейін тапсыруға болатын еді. Жанымда бізбен бірге оқып жүрген ағылшын тілін жақсы меңгерген жігіт 7 университетке тапсырып, жетеуіне де түсе алмады. “Неге олай болды” деп қорқып кеттік. Мен кейін тек үш университетке тапсырып көруге шешім қабылдадым. Үшеуінің біреуіне түсемін деп іштей ойлап жүрдім. Дегенмен қуанышыма орай, үш университеттен қатар шақырту келді. Ол кездегі бақытты сәтімді ешқашан ұмыта алмаймын. Бұндай сезімді алғаш рет ана атанғанда ғана сезінген шығармын”, –дейді ол.
Бір ел атынан барған соң намысқа тырысып, адал оқу керек болды
Гүлмира Дайрабаева - үш ұлдың анасы. Оқуға кеткенде үлкен ұлын елде қалдырып, кіші ұлдарын өзімен бірге алып кеткен. Сол себепті де журналисттің АҚШ-та қаржыдан тарыққан кездері де болған. 1858 доллар көлемінде шәкіртақы алған ол соманы үйді жалға алуға, тамақ, жол жүруге жеткізуі керек болған. Сөзінше, елінің алдында жауапкершілікті сезінген, барын салып жақсы оқуға тырысқан.
“Менің таңдаған мамандығым – “Мемлекеттік басқару және саясат” болды. Мамандықты сол елдің тілінде оқу өте үлкен, күрделі жұмысты талап етеді. Бұл жерде ағылшынды жай ғана біліп қана қоймай, сабақ беретін профессорлармен бір деңгейде сөйлей алатындай, ғылыми диссертацияңды қорғай алатындай дәрежеде білуің керек”, – дейді Гүлмира Дайрабаева.
Айтуынша, онымен бірге қойылған сұраққа міндетті түрде талдау жасап, сараптап, мониторингпен, дәлелмен, себептермен жауап беру керек.
“Америкадағы оқудың тағы бір ерекшелігі, егер сіз сабаққа екі рет бармасаңыз, емтиханнан құласаңыз шығарып жібереді. Бұл жерде талап өте қиын. Жалпы Американың барлық ЖОО-ларында микроэкономика, макроэкономика, статистика деген сабақтар өтеді. Осы пәндерден жақсы көрсеткіш көрсете білсең ғана келесі жылға оқуға көшуге мүмкіндік жоғары. Оның үстіне, біз грантпен түскеннен кейін баға B-ден төмен болмауы керек еді. Оқуға түсіп алғаннан кейін мейлінше жақсы оқуға талпындым. Себебі бір елдің атынан оқып жатқаннан кейін намысқа тырысып, адал оқу керек болды. Сондай-ақ артымда халық, мені Гүлмира Дайбабаева қылған көрермен бар. Сол себепті менде екі есе жауапкершілік басымда екі есе жауапкершілік болды. Жай ғана оқып ғана қоймай, жақсы оқуға тырыстым”, – дейді журналист.
Әрдайым Қазақстан туралы айтып, елімді таныстыратын болды
Сондай-ақ тележүргізуші оқуда қандай қиындыққа тап болғанын сөз етті.
“Өзім шығармашалық адамы болғаннан кейін математикаға аса бір жақындығым жоқ. Алда емтихан болады деген кезде үш күн бойы балаларымды көрмей, үйге бармай кітапханада отырған күнім болған. Әйтеуір ең болмаса B алсам екен деп барып, 100 баллдың 100 балын да жинап шыққан болатынмын. Сол кезде іштей түсінгенім, “талпынсаң, алдыңа мақсат қойсаң” алар белес барлығының қолынан келеді. Осының арқасында мені университетте “сенатор” етіп тағайындап, түрлі әлеуметтік шараларға қатысып жүрдім. Әрқашан әртүрлі конференциялар мен шараларда спикер болғанымда міндетті түрде “Қазақстан” туралы айтып, елімді таныстырып кететін. Осыдан кейін барып қана, негізігі тақырыпқа көшетінмін. Кейін ол дәстүрге айналып кетті”, – дейді ол.
Қазақстанның білім жүйесі жан-жақтылыққа үйретеді
Журналист Қазақстандағы білім саласы жайында айта келе еліміздегі білім деңгейін өте жақсы деп бағалайтынын жеткізді.
“Біз жан-жақтымыз деп айтар едім. Мәселен, бір адамның тегінің кімдікі, қай ұлттікі екенін бірден айта саламыз. Ал америкалықтарды ондайды білмейді. “Сіз қайдан білесіз?” деп таңғалады. Бұл кішкене ғана дәлел. 100% деп алып қарайтын болсақ, біздікі одан да асып кетеді. Ал Американың білімі тар бейінді десек болады. Мәселен, географияның ішіндегі тек бір саланы немесе бір елді ғана зерттейді. Профессорлардың өзі Австралияны зерттеп, сол туралы бәрін білгенімен, Германия туралы ешқандай мәлімет білмеуі мүмкін. Ал бізде оның барлығы қамтылады. Бір шетінен ол дұрыс та шығар. Мысалы, заманауи работотехниканың ішінде де тек детальдарды ғана білуі мүмкін. Ал ол басқа салаға мүлде назар аудармайды”, – дейді Гүлмира Дайрабаева.
Тележүргізушінің сөзінше, Америкадағы білімнің тағы бір ерекшелігі профессорлар алдымен “барлығын бірінші практика жүзінде үйрену керек” екенін айтып отырады екен.
“Мәселен, кез келген заңды қабылдау үшін оны бірінші практика жүзінде әбден тексеріп алған жөн. Ал ол практикаға, яғни қолданысқа жарамды болса ғана теориясы жасалады. Мәселен, конституция, заңнама, нормативтік-құқықтық құжаттарды қабылдамас бұрын да алдымен ол “практика жүзінде қажет пе” деп ойлану керек. Содан кейін ғана барып жасалынады. Бізде бәрі керісінше алдымен оны жасап аламыз, ал ол практика жүзінде жарамсыз болып қалады. Осы кезде бөлінген ақша, адамдардың оған бөлген уақыты мен күш-қуаты да бекер болмайды. Бізге осы дүние қажет”, – дейді ол.
Еш ойланбастан елге оралдым
Гүлмира Дайрабаева елге қайтып келуінің ең басты себебі – сүйікті жұмысының, ерекше бағалап жақсы көретін отбасым мен достарымның осында болуы дейді.
“Сол себепті мен ешқандай ойланбастан еліме оралдым, менде тіпті қалу туралы ойыма кіріп шықпаған. Мен кезінде Францияда да жұмыс істеген қазақ қызымын. Бірақ дегенмен де ол жақта қалмай өз еліме келдім. Себебі, елде әке-шешем, өзім жақсы көретін ана тілім бар. Өз еліңде емін-еркін, сұлтандай болып жүресің. Қазақстанда өткен әр сәтім жүрегіме жақын. Америкаға көшкеннен кейін үш айдай жылағым келіп жүрді. Қарным ашқаннан емес, елдегідей “достарыммен тойға бару, одан қалса әр сенбі анаңның қолынан ас ішу, әкеңмен әңгімелесу” деген нәрселер маған жетпеді. Менің ойымша, осындай сезімді бастан кешіретін әрбір адам “патриоттыққа” жақын секілді”, – дейді ол.
Нағыз патриоттық қолына плакат, микрофон ұстап алып кеуде ұру емес
Айтуынша, оның ұғымындағы патриотизм қолына плакат, микрофон ұстап алып кеуде ұру емес. Нағыз патриот –ол өзінің отбасында дұрыс тәрбие бере алатын ата-ана.
“Патриот ол балалаларының алдында өзін дұрыс көрсете алатын жан. Яғни дұрыс сөйлеу, дұрыс киіну, дұрыс тамақтану, дұрыс адамдармен араласу, дастархан басында отырғанда дұрыс сөз сөйлеу, бар жағынан үлгі болатын адам. Өйткені біз мәңгілік емеспіз. Осының барлығы тәрбиемен балаларға сіңеді. Кейін оны өзінің балаларына, келешек ұрпаққа жеткізеді. Менің ойымша, әр отбасыдан дұрыс, тәрбиелі, адами қасиеттері мол бала шықса ол нағыз патриот бола алады. Ертеңгі болашағын ата-ана бүгіннен дайындау керек”, – дейді Гүлмира Дайрабаева.
Журналистің түсінігіндегі патриот – ол білімді адам. Адам білімді болған сайын оның көзқарасы кеңея түседі.
“Білімді адам дипломатиялық, стратегиялық, одан басқа да көзқараста өз ойын жеткізе алады. Менің ойымша, бұл қоғамға керек нәрсе. Себебі білімді жастар көп болған сайын еліміз мықты бола түседі. Бізде қазір жастар сәл басқа бағытты көздейді. Тез ақша табу, тез табысқа кенелу деген секілді. Әрине, күнкөріс қамы дұрыс. Неге Америка мықты мемлекет? Себебі Америка мықты профессорларды, дарынды адамдарды өздеріне тартады. Яғни олар дарынды адамның ақылы мен біліміне инвестиция жасап жатыр. Бізге де ең бірінші білімді жастар керек. Сонда мемлекетіміз мықты болады”, – дейді Дайрабаева.
Сондай-ақ ол шетелде жүргенде талай жастың сонда қалғанын сөз ете отыра, оларды сөкпейтінін айтты.
“Білім алып шетелде қалуды шешетін отбасылар бар. Іштей, әрине, көңілім құлазиды. Оларды дұрыс не бұрыс жасады деп сөкпеймін. Мүмкін, Қазақстанға деген өкпесі бар шығар. Өз басым дипломымды алған күннің ертесінде елге ұшып кеттім. Демалыс болғанда да бірден Қазақстанға келетінмін. Халық мені еркелетті. Көшеден көріп қалса, батасын беріп, маңдайымды иіскейтін. Қалай мен сол кісілердің маған деген ыстық ықыласы мен мейірімін аттап кетемін? Ол менің жүрегімде. Сол себептен мен еліме келуге асықпын”, – дейді журналист.
Қазақ қызы екенімді мақтан тұтамын
Гүлмира Дайрабаева ең біріншіден, қазақтың салт-дәстүрімен мақтана аламыз дейді.
Айтуынша, Америкада оқыған жерде “Наурыз” мейрамы ірі мереке ретінде тойланбаған. Журналист мейрамның университет көлемінде тойлануына ықпал еткен көрінеді.
“Мен оқуға түскен жылы бірнеше қазақ болды. Сол жерде бірігіп, Наурызды ауқымды мейрам ретінде университеттің ірі мерекелер тойланатын тізіміне енгіздік. Бұл да бір үлкен жетістік деп ойлаймын. Сол күні біздің бүкіл декандарымыз, факультеттің оқытушылары мен профессорларына шапан кигізіп, ұлттық дәстүрлі тағамдарымызды жасап, домбырамен күйімізді тартып үлкен дәрежеде атап өттік. Бұның өзі бір жетістік”, – дейді ол.
Сондай-ақ, тележүргізуші Америкада жүргенде қазақ екеніме қуанған сәттері болғанын жасырмады.
“Таксимен келе жатқан едім маған жүргізуші “қай жақтансыз?” деген сұрақ қойды. “Қазақстаннанмын” деп едім, ол кісі “ол қай жақ?” деп сұрап, бұрын-соңды естімегенін айтты. Кейін менен кешірім сұрады. “Бұл сіздің кемшілігіңіз емес, менің кемшілігім. Себебі сіз менің тілімде сөйлеп отырсыз, ал мен 60 жасыма дейін бұндай мемлекеттің барын білмегенмін” деді. Сіздің елде білімді азаматтар көп екені көрініп тұр. Ал мен тек бір тілді білемін. Осылай деп ол өзін кінәлі санап тұрды. Сол кезде өзімнің “қазақ қызы” екенімді қатты мақтан тұттым. Кейін Қазақстан туралы айтып, Димаш Құдайбергенді тыңдаттым. Осыдан кейін ол кісі “интернет арқылы Қазақстан туралы барлық мәліметті оқимын. Бала-шағама, жиендеріме айтамын” деді. Ол кісіні екінші рет көрмейтін болсам да сол сәт оның да, менің де өмір бойы есімде қалды деп ойлаймын”, – дейді Гүлмира Дайрабаева.
Америкада қазақ балалаларын таптым
Бұнымен қоса тележүргізуші Қазақстан әрқашан спортшыларымен мақтана алатынын айтты.
“Өйткені спорттағы еңбегі көзге көрінбейтін болғанмен олардың еңбегі зор. Спорттың қай түрі болмасын – еліміздің басты көрсеткіші. Өз басым екі спортшымен мақтана аламын. 20 жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған бір қыз бар. Отбасы бес қызды асырап алған екен. Арасындағы бір қыз гимнастикадан алты мәрте чемпион болған. Сондай-ақ әкесі жапон, анасы америкалық отбасы тағы бір қазақстандық баланы жанұясының мүшесі еткен. Қазір сол жігіт - АҚШ-тың волейбол командасында ойыншы. Мен балаларға олардың туған жерінен келгенімді білдіргім келді. Өзімде бар Қазақстанның иісі сіңген жеке заттарымды, киімдерімді үлестірдім. Кейін өзім іздеп-тапқан асыранды қазақ балаларының басын біріктіріп үйіме қонаққа шақырып, дастархан жайдық. Олар “балалық шақтың дәмі” деп айтқанда еріксіз көзіме жас келді", - дейді тележурналист.
Ұлдарым қазақ-ағылшын мектебіне оқиды
Сонымен қатар тележүргізуші ұлдарына беретін тәрбиесі жайында сөз қозғады. Сөзінше, олардың Америкадан келгеннен кейін ағылшын тілдері шамалы басым болып кеткен.
“Сол себепті балаларым сөйлеген кезде ағылшын тілдері басым болмасын, қазақ тілінің күші мен қуатын ұмытпасын, дыбыстарын дұрыс қолданып, екі тілде бірдей жақсы сөйлесін деген ниетте репетитор жалдадым. Ағылшын тілі басым болып кеткеннен кейін кейбір әріптерді дұрыс айта алмай қалып жатады. Сол олқылықты жойғым келді. Бүгінде олардың қазақшасы өте жақсы. Қазақ-ағылшын мектебінде оқиды. Ол жақта орысша мүлде жоқ. Неліктен бұл бағытты таңдадым? Ойлап қарасақ, бала 4 жыл бойы Америкада оқыды. Кіші ұлым 1-сыныпты сол жақтан бастады. Мен қанша олармен қазақша сөйлескеніммен ол жақта күнде құлағың да, жазуың да, сөйлеуің де барлығы ағылшынша болып кетеді. Сол себепті мен оларды бірден таза қазақша мектепке бере алмадым. Өйткені мен олардың Америкада оқыған білімін жоғалтып алар едім. Бүгінде балаларым қазақшаны да, ағылшынды да керемет сөйлейді. Тіпті екінші ұлым ағылшын тілінен өзінен кіші жасөспірімдерге сабақ беріп, өз ақшасын өзі тауып жүр. Біздің отбасымызда білім мен еңбек бірге жүреді”, – дейді тележүргізуші.
Сайлау – ашықтықтың белгісі, оң өзгерістер көрінісі
Гүлмира Дайрабаева елімізде соңғы жылдары елеулі өзгерістер өте көп болғанын айтады.
“Қазіргі таңда сайлауды алатын болсақ, 100 пайыздың 70%-ы партиядан, 30%-ы сайлауға өзім түсемін деп отырған үміткерлер. Бұл қазіргі таңда болып жатқан ашықтықты білдіреді. Ал ашықтық біздің қоғамға өте қажет дүние. Бұл нағыз оң өзгерістердің айқын көрінісі. Мен қуаныштымын, бүгінгі таңда сайлауға түсіп жатқан қаншама қыз-жігіттер, мен білетін қаншама журналистер басқа да салада жүрген талантты жандардың бәрі қатысып жатыр. Бұған қуануымыз керек. Маған да қаншама көрермендер “сіз неге қатыспайсыз?” деп жатыр. Америкадан келгеннен кейін енді-енді бейімделіп жатырмын деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметке келіп, әлі де үйренетін дүниелерім көп болып жатыр. Мүмкін алдағы уақытта ұсыныстар түсіп жатса көре жатармыз. Ең бастысы –аман-саулық”, – дейді ол.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
