Саясаттанушылар Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда болатын өзгерістер жайлы айтты
2021 жылы 5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқаратын болды. Билік мұны Жаңа Қазақстанның орнауы деп түсіндіріп, жаңа саяси өзгерістер болатынын мәлімдеді. Міне, Қаңтар оқиғасына да бір жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында Қазақстанда қандай өзгерістер орнады? Бұдан кейін не өзгереді? Сарапшылардың пікірін білдік.
2022 жылы 4 қаңтарда Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған митингтерді Қазақстанның көптеген өңірінде халық қолдап, жаппай шеруге шыққан. Кейін бірнеше қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, оқиға бақылаудан шығады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны "билікті күшпен басып алу" деп бағалап, әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық береді. Елде төтенше жағдай жарияланып, билік мемлекетке "террористер шабуыл жасады" деп мәлімдеді. Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам опат болды.
Саясаттанушы Дос Көшім қаңтар оқиғасына дейін де, кейін де елімізде ешқандай терең, жан-жақты, халыққа қажетті саяси реформалар жасалмағанын айтып өтті.
“Бізге негізінен екі бағыттағы өзгерістер жетіспейді. Біріншісі, демократиялық институттардың құрылуы, яғни адам құқығына негізделген демократиялық реформалардың жасалуы. Екіншісі, ұлттық құндылықтардың жаңғыруы. Тәуелсіздік алғаннан кейін бізде отаршылдықтан арылу бағдарламасы жүрген жоқ. Айталық, тіл мәселесі, ұлттың мәдениеті, қандастар мәселесі қазір кезек күттірмейтін мәселелер. Осы екі мәселеде Тоқаев әлі күнге дейін нақты қадам жасай алмай отыр. Сөз жүзінде бұл айтылып жатыр, бірақ соған байланысты нақты заңның қабылданғанын көрген жоқпын”, – дейді ол.
Осы тұста саясаттанушы саяси партиялар туралы заңға енгізілген өзгерістерді еске алды.
Заңда парламентке баратын партиядағы 30% квота тек әйелдер мен жастарға беріледі делінген. Менің ойымша, квота демократияға қарсы. Ешқандай халықтың қалауынсыз, бөліп бере салады. Неге әйелдер 30% болуы керек, неге 90-99% болмауы керек. Бұған таңғаламын. Кім шешті тек 30% болсын дегенді? Бұл –ақымақтық. Баяғыда Совет үкіметі кезінде Жоғары Кеңесте “30% шаруалар болуы керек, 30% жұмысшылар болуы тиіс” деген нақты заң бар болатын. Біз соны қайталап тұрмыз. Ал енді сайлау туралы енгізілген өзгеріс пен толықтыру деп айтуға аузым бармайтын жалғыз нәрсе бұл – “бәріне қарсымын” деген графаның қосылуы. Оның ешқандай да маңыздылығы жоқ. 99% қазақстандықтар “бәріне қарсымын” деп дауыс берсе де сайлау өтті деп есептелінеді. Себебі, біздің сайлау туралы заңымызда эроктораттың жартысынан көбі “бәріне қарсымын” деген болса “сайлау өтпеді” деп саналады деп жазылмаған. Қысқасы, нақты осындай бір нәтиже бермейтін өзгерістер бар. Терең саяси реформаны мен әлі көрген жоқпын. Үмітім де үзіле бастағандай”, – дейді ол.
Алайда саясаттанушы Бурихан Нұрмұхамедов елімізде Қаңтар оқиғасынан кейін бірқатар өзгерістер болды деп санайды.
“Қаңтар оқиғасының негізгі себептерінің бірі – биліктің монополиялануы еді. Дәл қазір саяси жүйе мен мемлекеттік басқару жүйесі қайта жаңартылуда. Сонымен қатар билікті монополиясыздандыру және билікті бюрократиядан шығару бойынша бірқатар өзгерістер болды. Президент наурызда және қыркүйекте жолдама жасады. Соның ішінде ең маңызды өзгерістер деп Конституцияның өзгеруіне бағытталған референдумның, одан кейін президент сайлауының өтуі, жергілікті билік органдарын тікелей халыққа жақындату мақсатындағы әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібінің бекітілуі, сондай-ақ Конституцияның және конституциялық заңның өзгеруі секілді өзгерістерді айтуға болады. Осылайша, саяси трансформацияның екінші кезеңі басталды. Алдағы уақытта енді бұл үрдіс Парламент сайлауымен жалғасады”, – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, дәл қазір атқарушы билік пен бейтарап билік арасында белгілі бір тепе-теңдікті қалыптастыру міндеті тұр. Сондай-ақ елдегі демократиялық және саяси институттарды нығайту керек.
“Қаңтар оқиғасы қазақстандықтар үшін оңайға соқпады. Жалпы биыл ТМД мемлекеттерінің арасында стратегиялық тепе-теңдік бұзылды. Аймақтарда геосаяси және геоэкономикалық тұрақсыздық болды. Украинада болып жатқан жағдай, Армения мен Әзірбайжанның, Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасындағы болған жайғдайлармен салыстырғанда елімізде Қаңтар оқиғасынан кейін жаңа саяси жүйе орнап, бірқатар оң өзгерістер болды. Әрине, бұл жердегі президенттің рөлін ұмытпағанымыз дұрыс”, – дейді ол.
“Қазақстанда өзгерістің болуы екіталай”
Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, бүгінде “Жаңа Қазақтан” концепциясы орындалып жатқан жоқ.
“Конституцияның 30-40 бабына өзгерістер енгізілді. Ең қызығы, оған не азаматтық қоғам не Парламент қатысқан жоқ. Бұл – адамның күлкісін келтіретін жағдай. Иә, Тоқаевтың аузынан “Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан” деген термин шықты. Бірақ “нақты не өзгерістер болатыны, оның қандай шарттары бары” айтылмады”, – дейді ол.
Дос Көшім концепцияда белгілі бір мерзім беріліп, өзгеретін мәселелер талқылануы тиіс екенін жеткізді.
“Идеологиялық тұрғыда “Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан” деген сөзді пайдалануға, барлық жерге қосып айтуға тырысты. Бірақ қолмен ұстап, көзбен көретін өзгерістер жасалмады. Ондай өзгерістер болмайтын да секілді. Себебі адамдар өзгерген жоқ. Ескі Қазақстанды жасаған, қызмет еткен, ескі идеологияны таратқан адамдар қалай “Жаңа Қазақстанды” жасайды. Мысалы, Ерлан Қарин бес жыл бойы Нұр Отанның хатшысы болды. Осындай адамдар Жаңа Қазақстанды жасай ала ма? Егер жасайтын болса, екіжүзді болып шығады.
Кезінде басқа жақты мақтады, қызмет етті, идеологиялық жұмысын жасады. Тоқаевтың өзі де бір сөзінде “ескі адамдармен жаңа Қазақстан” жасауға болмайтынын мойындаған еді. Егер осы топпен, осы “саяси элитамен” әрі қарай жүретін болса онда Қазақстанда өзгерістің болуы екіталай”, – дейді саясаттанушы.
Ал саясаттанушы Бурихан Нұрмұхамедов Жаңа Қазақстан концепциясы орындалып жатқанын тілге тиек етті.
“Барлығы мінсіз орындалып жатыр деп айтпаймын. Әрине, кемшіл тұстары бар. Бірақ дұрыс бағытта жүріп келе жатырмыз. Осы жылдан бастап Үкіметтің құрамы өзгереді деп жатыр. Сонымен бірге Парламент құрамы да жаңармақ. Сол себепті алдағы уақытта Қазақстанның жаңа тынысы ашылып, өзгерістерге жол ашылатын болады”, – дейді саясаттанушы.
”Тағзым мемориалы”
Айта кетсек, жақында Алматыда Қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы ашылған болатын. Алайда Дос Көшім биліктің идеологиясы тағы бір ақымақ жоба жасады деп санайды.
“Тағзым – белгілі бір ерлік жасаған азаматтарға, сол ерліктің жолында құрбан болғандарға арналады. Ал біздің ол жерде кімге тағзым ететініміз түсініксіз. Тоқаев бір сөзінде “Таяу Шығыстан, Ауғанстаннан, Орта Азиядан террористтер келді” деп айтқан болатын. Қазір 1600 адам істі болып, оның түрмеге түскен 600-інің қайдан келгені әлі анықталған жоқ. Мемориалды қоюдың алдында шындыққа көз жеткізу керек еді. Біз әлі күнге дейін Қаңтардың шындығына жеткен жоқпыз. “Кім жасады, қалай жасады, неліктен билік осындай деңгейге жетті, неге жазықсыз адамдар құрбан болды” деген сұрақтарға әлі жауап ала алмадық. Бірден тағзым етуге көштік. Қысқасы, бұл да бір халықты тыныштандыруға арналған идеологиялық жұмыс. Әрине, ескерткіш керек. Алайда ол жерде “Қаңтар қырғыны” деп атап, “жазықсыз құрбандардан кешірім сұраймыз”, “енді бұл іс еш уақытта қайталанбайды” деп жазылуы керек еді”, – дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол халықтың Тоқаевты сынауы орынды, себебі оның президент болғанына 4 жылға жуық уақыт болды дейді.
“Кейбіреулер Тоқаевты “Қаңтар оқиғасынан” кейін ғана президент болды. Біздің билік оған дейін екіге бөлініп жүрді” деген секілді орынсыз сөздер айтады. Бұл Тоқаевты жақтаушылардың қолдан жасаған ертегі сөздері. “Тоқаев жасағысы келіп еді, Назарбаев жасатпады” дейді. Жоқ, билік екіге бөлінбейді. Билік әр уақытта біртұтас болып қалады. Сол себепті 2019 жылдан бері болған экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайлар, инфляция барлығына Тоқаев президент есебінде жауап береді”, – дейді Дос Көшім.
Қазақстандықтар қандай қауіп пен сын-қатерге дайын болуы тиіс?
Дос Көшімнің ойынша, Қаңтар кезінде болған қырғын алдағы уақытта да қайталануы ықтимал.
“Өкінішке қарай, “тарих ешнәрсеге үйретпейді” деген сөз бар ғой. Менің ойымша, мұндай жағдайлар қайталанады. Себебі біз 30 жылдың ішінде саналы, демоктариялық адам құқығын сақтайтын қарсылық тәсілдерін саяси тәсіл ретінде қолдануды ұмытып қалдық. Мысалы, осы уақытқа дейін митингтер “әкімшілік рұқсат бермей қойды” деген қарсылықтармен өтіп жүрді. 30 жылда бізде жүздеген митинг болған уақытта Арменияда ешқандай арандатусыз митингтер болып, халық үкіметті жеңіп алды. Бұл дегеніміз –митингіні саяси тәсіл ретінде қолдану. Бізде әлі де митингіге рұқсат бермейді, әлі де әкімшілікке жалтақтап отыратынымыз анық. Көріп те жатырмыз. Әрине, біз ол оқиғадан сабақ алуымыз керек. Бірақ ең бірінші билік оны заң есебінде жүзеге асыруы керек”, – дейді ол.
Бурихан Нұрмұхамамедов болса алдағы уақытта Қаңтар кезіндегі қырғын қайталанбайды дейді.
“Тоқаевтың сол кездегі тәртіпсіздіктерді жоюға жұмсаған күші туралы адамдар бас қатырғысы келмейді. Әрине, қоғамның кейбір топтары оның сол кездегі әрекеттерін сынауы мүмкін. Бірақ егер президенттің сол кездегі әрекеттерін қолдамаса, онда жақында өткен президент сайлауында ол халықтың басым көпшілігінің дауысын жинамас еді. 2023 жылы бірінші кезекте үкімет пен Парламенттің құрамы өзгереді. Сондай-ақ жақында Конституциялық соттың төрағасы тағайындалғаны белгілі. Алдағы уақытта Конституциялық Сот жұмыс істейді. Менің ойымша, Қаңтар оқиғасы секілді наразылықтар алдағы уақытта болмайды. Өйткені билікте белгілі бір жаңартулар мен өзгерістер орын алды. Әйтсе де қаңтардағы төңкеріске күш құрылымдары басшыларының тікелей қатысы болғандықтан Парламенттегі депутаттар күш құрылымдарына бақылау жүргізуі керек деп ойлаймын”, – дейді саясаттанушы.
2023 жылы елімізде қандай саяси өзгерістер болады?
Дос Көшім, алдағы Парламент сайлауында елде өзгерістер жасайтын жаңа құрам келмейді деп отыр. Себебі бұрынғы сайлау жүйесі, сайлау туралы заң өзгерген жоқ.
“Бір мандатты округтерден біреулер шыға ма деген үміт бар. Саясаткер ретінде айтарым, “өз ойын ашық айтып жатыр, бізде демократия бар” деген желеумен бір-екілі адамдар өтуі мүмкін. Бірақ ол 5-6 адам ешнәрсені өзгерте алмайтыны анық. Сол себепті жаңа адамдар, яғни жаңа саяси күш келуі керек. Қыркүйекте “саяси партияларға қатысты заң қабылданып, қазаннан бастап жаңа партиялар тіркеле бастай ма” деп ойлаған едім. Мәжілістегілер “партияға 5000 адам керек” деген заңды Сенатқа 19 қыркүйекте берген екен. Алайда Сенат заңды осы жақында ғана өткізді. Неге екі ай бойы ұстап отырғаны белгілі. Жаңа партиялардың шыққанын қаламай отыр”, – дейді ол.
Сондай-ақ Дос Көшім үкіметте еш уақытта ауыс-түйіс болмайтынын айтты.
“Егер Үкіметте отырған бір адамның орнына екінші адам келсе, мысалы Маминнің орнына Смайылов келсе, ол ауыс-түйіс емес. Ол тек орын ауыстыру ғана болады. Үкімет ауысқан уақытта жаңа саяси күш келеді де өзінің бұрынғыға ұқсамайтын жаңа бағдарламасын ұсынып, оны жүзеге асыруға барынша тырысады. Қысқасы, министрлер кабинетін өздері жасақтайды. Премьер-министрді өздері тағайындайды. Ал бізде ол жоқ”, – деп қосты саясаттанушы.
Еске сала кетсек, Қаңтар оқиғасы тұсында Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметін атқарған Кәрім Мәсімов қаңтар айының басында мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған. Мәсімовтің ісі бойынша тергеу аяқталып, сотқа жөнелтілді. Кінәсі дәлелденсе, 17 жылға сотталуы мүмкін.
Айта кету керек, Жаңа Қазақстанда тұңғыш президет Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарын биліктен шеттету көріністері байқалды. 17 қаңтарда күйеубаласы Тимур Құлыбаев “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі.
Сонымен қоса, Назарбаевтың күйеубалалары Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов “QazaqGaz” және "ҚазТрансОйл" ұлттық компанияларының басқарма төрағалары қызметінен кеткені белгілі болды.
Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш ҰҚК-дегі қызметінен босатылды. Әбішті қызметінен босату туралы жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
19 қаңтарда мәжіліс депутаттары 2020 жылы қабылданған “Ұлт көшбасшысы туралы заңға” түзетулер енгізді. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айырылды. 27 қаңтарда Назарбаев Қазақстанның билеуші партиясының (қазіргі Amanat – ред.) басшысы қызметінен босатылды.
25 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату жөнінде қаулы шығарды.
13 наурызда Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды. Сатыбалдыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері “Қазақтелеком” АҚ-ның аса ірі көлемдегі қаржысын жымқыру және қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған. 6 ай абақтыда отырған Сатыбалдыны сот ақыры 6 жылға бас бостандығынан айырды.