Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда киіктердің саны туралы деректер асыра сілтелген, ал оларды аулауға әлдекімдер мүдделі": Сарапшылар ақбөкендерді аулау туралы заң жайлы

Жаз мезгілінің басында киік санының едәуір өсуі қазақстандықтардың қызу талқысына түсті. Экологтар киік санының көбейгеніне қуанса, шаруалар егінге алаңдаулы болды. Ал үкімет бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып қалудың жолын ойлап, көп ұзамай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ақбөкендерді атуға рұқсат беру туралы заң жобасын дайындауды бастап кетті. Дегенмен қоғамның наразылығын тудырған заңды ведомство кері қайтарып алды. Министрлікке киіктерді ату не үшін қажет болды? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Energyprom.kz порталына сілтеме жасап.  

Шекарадан 348 дана ақбөкеннің мүйізін алып өтпек болған қазақстандық қолға түсті

Портал мәліметінше, жаңа заң жобасы арқылы министрлік табиғи жолмен өлген киіктердің мүйізін жинауды емес, керісінше оларға ашық түрде аңшылық жасауды заңдастырмақ болған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың киіктер санының тез өсуіне дайын еместігін көрсетті.

Айта кетсек, 2018 жылы киіктердің саны –  215,1 мың, 2019 жылы — 334,4 мың, 2021 жылы елімізде 842 мыңға жеткен. Ал 2022 жылы ҚР экология министрлігі олардың саны 1,3 млн-ға жеткенін мәлімдеді. Ресми деректер бойынша жылдан жылға киік санының қарқынды түрде артқанын аңғаруға болады. 

Бұл тұрғыда ведомство киік санының алдағы перспективалары мен өсуіне қатысты тұтас, ғылымға негізделген стратегия әзірлемеді. Тіпті 2015 жылы Бетпақдаладағы киіктің жаппай қырылу себептері де жабулы қазан күйінде қалды.  

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Қазақстанда киіктер туралы толық ауқымды зерттеулер жүргізілген жоқ. Олардың саны бойынша да мамандарда қандай да бір нақты деректер келтірмейді, тек әуе арқылы есепке алу мәліметтері ғана бар. Бұған қоса әуеден жасалатын есептеулерге жауапты орган қаражат бөледі, бұл зерттеулерге тәуелсіз сарапшылар қатыстырылмайды. Осы орайда "Қансонар" аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктері республикалық қауымдастығының мамандары министрлік келтірген мәліметтерге күмән келтіреді. 

Соңғы кездері ақбөкендердің ауыл шаруашылығына тигізетін зияны туралы көп айтылып жүр. Дегенмен ҚР БҒМ зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев киік пен мал арасында бәсекелестік жоғын мәлімдеген болаты. Ал КСРО кезінде жүргізілген жан-жақты және дәйекті зерттеулерге сүйенсек, киіктердің миграциясы шын мәнінде ауыл шаруашылығына айтарлықтай нұқсан келтірмейді. 

Дегенмен ақбөкендердің қоныс аударуына адамдар себеп болса, жоғарыда айтылған дүниелер рас болуы мүмкін. Мәселен, егер жауапты ведомствоның бейқамдылығының салдарынан жануарлардың табиғи миграциясы өтетін жерлерді әлдекімдер қолды етсе, расымен мәселе туындайды. Ал мұның барлығы әрине киіктерге аулауға дайын отырған браконьерлер үшін тиімді. Сәйкесінше, олар жаңа заңның қабылдануын асыға күтуде. Шикілігі көп заң жобасын кері қайтарылуы министрліктің жағдайды қадағалап отырған жоқ екенін көрсетеді. 

“Ақбөкендердің қоныс аударатын аймақтарда құзырлы органдар мен мамандардың келісімінсіз тасжолдар салынып, жекеменшіктің қолдарына өтіп кеткен. Тіпті киіктердің миграциясына арнайы өткелдер (экодуктер) де салынбаған. Мұндай өткелдер жабайы жануарлардың еш кедергісіз табиғи жолмен көшуіне сеп болады. Сайғақтар тасжолдан өте алмайды, себебі олар – табиғатынан қорқақ жануарлар. Ал жер астынан өтуге киік тұрмақ, қойдың өзі қорқады. Аустралияда тіпті шаяндардың қозғалысына да арнайы өткелдер қарастырылған. Шаруалардың жанайқайы жиналған мәселенің салдары. Киіктер адамдардың мекеніне басып кірген жоқ, керісінше адамдар оларға бөгет болуда. Сол үшін жемқорлықты жойып, қазақстандықтар мен шенеуніктердің ашкөздігімен күресу қажет”, – деп жазады журналист Бақытжан Бұқарбай Forbes.kz порталында. 

Бақытжан Бұқарбай жергілікті әкімдіктердің әрекетіне күмәнданып отырғанын жеткізді

“Байғанымдай, жергілікті әкімдіктер шаруалардың ақбөкен санын 200 мыңға дейін азайту туралы позициясын қолдап, қолтықтарына су бүркеп отырған сыңайлы. Себебі олар жемқорлықтың схемалары және жерді заңсыз үлестіру бойынша қитұрқы істері жария бола ма деп қорқап жатқандай. Осылайша жергілікті билік өкілдері барлық проблеманы киіктерге арта салғылары келеді. 

Не болса да ақбөкендерді атуға рұқсат беруге болмайды. Себебі 90-жылдары киіктердің жойылып кете жаздағанын бәріміз білеміз. Қытайда бір килограмм ақбөкеннің мүйізі 8 мың доллар теңгеге бағаланады. Ал біздің елдегі делдалдар мүйізді тіпті арзанға сатып алып, шетелге өткізеді. Егер киіктерді аулауға рұқсат етілсе, онда олардың жойылып кетері анық. Осы тұста айтарым, жануарлардың есепке алып, ревизия жүргізіп, қолданылмай жатқан жерлерді қайтарып, кедергі болған аймақтарды қайта қарастырған жөн”, – дейді ол. 

Киік популяциясының өсуіне қатысты "Қансонар" қауымдастығының сарапшылары министрліктің ақбөкендердің Оралдағы популяциясы 10 жылда 38,3 есеге, орташа жылдық 44,6%-ға өсті деген деректерге күмән келтіріп, тәуелсіз зерттеу жүргізген. 

Киік популяциясын зерттеу барысында алғашқы көрсеткіш ретінде олардың 2012 жылғы саны есепке алынған. Сарапшылардың жүргізген сараптамасын бойынша 10 жылдағы ақбөкендер саны 385-390 мыңға жетуі қажет (өсім 34%-ға тең). Ал министрлік ұсынған деректерде 801 мың бас киік туралы айтылған. Бұл мамандардың сараптамасынан екі есеге көп. 

Аталмыш мәселе бойынша экобелсенді Сәкен Ділдахмет пікір білдірді. Оның сөзінше, ақбөкендерді аулауға рұқсат беру үшін олардың саны 3 милионнан асуы қажет. 

“Кеңес үкіметі кезінде ақбөкендер малмен бірге бір жерде жайылып, адамдарға кедергі келтірмейтін. Ол тұста киіктердің саны да 2-3 миллионға жуықтаған. Ал қазір байқап отырғанымыздай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздің әр аймағында жабайы жануарлардың миграциясын ескермей, жол салуда. Енді міне осындай жолдардың салдарынан ақбөкендер бір облыста көптеп жиналуда”, – дейді ол. 

Айтуынша, мәселенің шиеленісуіне жергілікті әкімдіктердің жерді оңды-солды жекеменшікке бөліп беруі де әсер еткен.

“Мемлекеттік органдардың жауапсыздығы мен біліксіздігінің салдарынан біз осы проблемаға тап болдық. Мұндай ақбөкендердің кінәсі жоқ. Тіпті, оларды атуға рұқсат берген күннің өзінде біз оны қалай жүзеге асыратымызды ойластыруымыз қажет. Әрине, жеке тұлғаларға рұқсат етуге болмайды. Меніңше, бұл тұрғыда мемлекеттік монополия енгізу қажет. Үкімет киіктерді қорғауға миллиардтап ақша бөледі, енді олар бұл ақшаны кері қайтаруы қажет қой”, – дейді Ділдахмет. 

Бұған қоса ол үкімет әзірлеген жаңа заң жобасына тоқталды. Сәкен Ділдахмет егер бұл заң енгізілсе, онда брокеньерлердің күткені орындалып, саны арта түседі дейді. 

“Меніңше, ақбөкендерді аулауға деген мораторийді 2025 жылға дейін ұзарту керек. Оларды атуға рұқсат берген күннің өзінде 2015 жылғы киіктердің қырылғанын ұмытпаған жөн. Егер бұл жағдай қайталанса, бармақ тістеп қалуымыз ғажап емес. 

Біз жануарлар шалдығатын әртүрлі ауруларды зерттемейміз, Қазақстанның батысында мал қырылып, олардың өлекселерін ешкім жинап та жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығы ескеретін жайттар көп, ведомство өкілдері ауру ошақтарын зерделеуі керек. Үкімет мәселені шешу қажет. Әлем бойынша ақбөкендердің 100%-ы Қазақстанда мекендейді деп ауыз толтырып айтуға болады, сондықтан оларды сақтап қалуға деген жауапкершілік біздің мойнымызда”, – дейді Сәкен Ділдахмет. 

Талқылау