"Еліміздің қауіпсіздігін әлсіретеді": Сарапшылар ресейліктердің Қазақстанға үдере көшуіне не себепті тосқауыл қажет екенін айтты
Ресей Украинаға басып кіргелі бері ел азаматтары алыс-жақын шет мемлекеттерге үдере көшуде. BBC мәліметінше, екі ел арасындағы қарулы қақтығыстар басталғалы бері Грузия, Армения, Түркия сонымен қатар, Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірлігі, Қазақстан, Қырғызстан сынды мемлекеттерге ағыла бастаған ресейліктердің үлесі өте көп. Осы орайда бірқатар отандастарымыз көрші елден келгендерге қойылатын талапты күшейту керек деп отыр. Stan.kz тілшісі қоғам қайраткерлердің осы мәселе жайында пікірін тыңдап көрді.
“Ресейден келгендер еліміздің қауіпсіздігін әлсіретеді”
Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан ресейліктердің елімізге жаппай көшуі Қазақстанның қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ашып айтты.
“Біз ресейліктердің елімізге үдере көшуіне тосқауыл қоюмыз керек. Мысалға, бес-ақ қана миллион ресейлік елімізге көшіп келсе, Қазақстанның қауіпсіздігі әлсіреді деп санай беруге болады. Екінші жағынан, қазақстандықтар арасында жұмыссыздық деңгейі артады. Өйткені олар еңбек нарығында Қазақстан азаматтарына бәсекелес болып, жұмыс орындарын алып қояды. Сондықтан бұған жол беруге болмайды. Жағдайға қатысты еліміздің Ішкі істер министрлігі нақты шаралар мен шектеулер қабылдауы қажет”, – дейді Мұхтар Тайжан.
Ол Ресей азаматтарының Қазақстанда тек уақытша тұруына рұқсат беруге керек деп санайды.
“Мәселен бір айдан соң олар елдеріне оралуы керек деген сынды шарт қойғанымыз жөн. Ал Қазақстан азаматтығын алғысы келсе, міндетті түрде қазақ тілінен, Қазақстан тарихынан емтихан тапсыруы керек. Бұл тек қана ресейліктерге ғана емес, кез келген шетел азаматына қатысты. Сондай-ақ бес жыл көлемінде заңды бұзбай өмір сүруі тиіс. Жалпы, Қазақстан азаматтығын беретін ережелерді қатаңдатуымыз керек деп есептеймін”, – деп қосты ол.
Тайжан бірінші кезекте, үкімет тек қана өз елінің қауіпсіздігін, өз азаматтарының күнкөрісін ойлауы керек деген пікірде.
“Бұл соғысқа қазақстандықтар кінәлі емес. Ресей бұл соғысты бастаған кезде бізбен ақылдасқан жоқ. Сол себепті біз ешкімге қарыз емеспіз. Біз тек қана өз еліміздің, өз азаматарымыздың мәселесін ойлап, оларды қорғай білуіміз қажет”, – дейді қоғам белсендісі.
“Путин мен қантөгісті қолдап жүргендерден аулақ болғанымыз дұрыс”
Журналист, қоғам белсендісі Арман Шораев Ресейден бейбіт азаматтардың атын жамылып арандатушылар келуі мүмкін деп ойлайды. Сол себепті бүкіл шекара қызметі мен Ішкі істер органдары бұл жағдайды бақылауына алуы тиіс.
“Ертең Ресейден сан түрлі арандатушылар елімізге аяқ басуы мүмкін. Сосын олар солтүстіктегі бір славян жанұясын қырып салады да, “міне қазақтар осылай біздің халықты бауыздап жатыр, Путин әскерилерді кіргізейік” деп арандатушылыққа жол береді. Оларға сылтау керек. Қазірдің өзінде Алматы мен Нұр-Сұлтан толған ФСБ агенттері жүр. Сондықтан ішкі істер органдары, одан қалды ҰҚК барлық жағдайды бақылауда ұстауы керек”, – дейді ол.
Айтуынша, Қазақстанға келген Ресей азаматтарының әлеуметтік желідегі парақшаларына тексеру жүргізілу тиіс.
“Олардың парақшаларында кезінде аннексия болған Қырымды, сондай-ақ ЛХР мен ДХР-ді қолдаған жазбалары болса, Қазақстанға жолатпауымыз керек. Тіпті, тергеуге дейін апаруға болады. Ал егер керісінше, бейбіт күні соғыс ұйымдастыруға қарсы болып, сол себепті өз елдерінен кетіп жатса, елімізді паналай алады. Путин мен соғысты қолдап жүргендерден аулақ болғанымыз дұрыс. Сондай-ақ Ресейдің соғыстағы белгісі мен байрағын көліктеріне салып алып жүргендерді заңды өзгерте отырып, Қазақстан азаматтығынан айырып, Ресейге депортациялау керек”, – дейді Шораев.
“Ресейліктер Қазақстанға инвестиция тартады”
Ал тағы бір қоғам белсендісі, саясаткер Болат Әбіловтің айтары басқа. Ол Қазақстанға көшіп жатқан азаматтарды инвестиция көзі деп санайды.
“Олар ақшамен келеді, бизнес ашады. Инвестиция арқылы Қазақстанда ақша қалады. Сондай-ақ шетел азаматтары пәтер алады, қонақүй жалдайды, бұның бәрінен ақша түседі. Сол сияқты мейрамханаларға, дүкендерге барады. Қазір Қазақстанға инвесторлар керек. Менің ойымша, бізге ақшасы барлар ғана келеді. Олардың бар ойы – бизнес жасау. Есесіне елімізге салық төлейді. Жұмыс орындары ашылса, қазақстандықтарды жұмысқа шақырады. Мен кейбір деректерден ресейлік кәсіпорындардың елімізден кеңсе ашып жатқанын естіп жатырмын. Яғни, жұмыс орындары ашылып, бәсекелестік артады. Бізге де керегі сол деп ойлаймын. Біз оларға санкция салып, келмеңдер деп те айта алмаймыз. Қауіпсіздігімізге зиянын тигізеді деп ойламаймын. Әрине, қанша адам келетініне, кімдердің келетініне мән беру керек. Бірақ ешнәрседен қорықпайық! Мықты болайық!”, – дейді саясаткер.
Ішкі істер министрлігі көші-қон комитетінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері 38 925 шетелдік азамат ҚР-да уақытша тұруға рұқсат алыпты. Оның ішінде 8948-ы Ресей Федерациясының азаматтары.