Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы президент резиденциясын бұзуға не себеп болды: Президент басқармасы жауап берді

Президенттің іс басқармасы Алматыда қақтығыс кезінде зардап шеккен президент резиденцияның не себепті бұзылатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен ғимараттың бұзылатынын хабарлаған.

Басқарма Қазақстан көпсалалы қайта құру және даму институты сарапшыларының түпкілікті қорытындысы шыққанын, олар резиденция ғимаратының пайдалануға келмейтінін айтқанын мәлімдеді.

"Өрттің және аса жоғары температура салдарынан барлық тіреуіш құрылымы мен шатырдың негізі саналатын металл элементтері зақымдалған. Ғимараттың сақталған фрагменттерінде ыстың иісін толығымен жою мүмкін емес", – деп толықтырды басқарма.

Сонымен қатар қазір нысанның құрылымдық элементтерінің бір бөлігі қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейді. Ғимараттың негізгі конструкцияларын қалпына келтіру және оны сейсмикалық күшейту үшін қомақты қаражат қажет.

"Сарапшылардың пікірінше, резиденция ғимаратын қайта жабдықтап, оны пайдалану қауіпті болады", – деп хабарлады басқарма.

Бұл ғимарат республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш саналады. Сондықтан заңнамаға сәйкес талаптар бойынша сүріледі.

Айта кетсек, ғимарат 5-6 қаңтарда жаппай тәртіпсіздік кезінде қирады. Бірінші қабатқа бүлікшілер көлік кіргізіп, жарып жіберген. 

Талқылау