Білім министрі: Мұғалімдерді қосымша жұмысқа жеккендерге жауапкершілікті қатаңдату керек
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп ұстаздарын негізгі міндеттерінен бөлек қосымша жұмысқа салуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Семейде мұғалімдерді сенбілікке тарту ісіне қатысты біз өз көзқарасымызды білдірдік. Әрине, біз мұғалімдерге негізгі міндетінен бөлек, қосымша жүк артылуына қарсымыз. Біз басында қандай да бір қателік кеткен шығар деп шешім шығаруға асықпадық, кейін жағдай расталды. Тиісінше шара қабылдадық. Бүгінде мұғалімдерді сенбілікке шығарған қызметкерлер жауапқа тартылды. Осы орайда оқиға қайталанбауы үшін мұғалімдерге қосымша жүк артуға қатысты жауапкершілікті қатаңдату керек", – деді Асхат Аймағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Естеріңізге сала отырайық, 16 қазан күні Білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептегі сабақтарды тоқтатып, көше сыпыруға жіберілген мұғалімдер туралы жазған болатын.
"Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы әкімшілік іс бастады, тексеру жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасарының қатысы расталса, бұл лауазымды тұлға және басқа адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – деген еді министр.
Кейін Семей қаласының басшылығы министрге жауап берген. Онда қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков тазалық бүкіл қалада болғанын айтып, сабақтардың тоқтатылмағанын тиісінше онлайн форматта өтілгенін айтқан.
"Бұл жерде ешқандай артық мәселені көріп тұрған жоқпын. Бұл біздің қаламыз, біз өз қаламызды таза ұстағымыз келеді әрі осы ұстанымды ұстанатын кез келген жан бұдан әрі де сенбілікке қалмай қатысады деп ойлаймын", – деп түсіндірген Гариков.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
