Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

25 адам көз жұмған: Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану ережесін заңмен бекіту ұсынылды

Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында самокаттармен болатын апат мәселесін көтеріп, оларды пайдалану ережесін заңмен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжіліс депутат Нұртөре Жүсіп премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. 

Оның айтуынша, электросамокаттар, самокаттар мен гироскутерлер тек олардың иелерінің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Ресми деректер бойынша, биялғы жылдың 8 айында осындай қозғалыс құралдарының қатысуымен 387 жағдай тіркелген, нәтижесінде 25 адам қаза тапқан, ал 411 азамат жарақат алған.

"Жол жүрісі туралы заңның 64-бабына сәйкес, осы құрылғылар уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Сонда қалай болғаны? Жылдамдығы автокөлік жылдамдығымен пара-пар, кейде сағатына 60 шақырымнан асатын электросамокаттар ешқандай көлік санатына жатпай ма? Қазіргі уақытта нормативтік актілерде осы типтегі құрылғылардың жіктеуі жоқ", – дейді депутат. 

Осы орайда Кеден одағының доңғалақты көлік қауіпсіздігі туралы техникалық регламентіне тоқталды. Оған сәйкес, жалпы ортақ жолдарда жүретін кез келген көлік жақын және алыс шамдармен, жарық қайтарғыштармен, бұрылыс көрсеткішімен, габаритті шаммен, тежегіш сигналмен, спидометрмен және бүйір айналарымен жабдықталуы тиіс.

"Бізде бұның біреуі де жоқ. Бұл қалай? Аталған құрылғылардың тиісті жіктеу және техникалық талаптардың болмауы оларды басқаратын адамдардың құқығы мен міндетін заңнамалық бекітуге, сондай-ақ, техникалық реттеудің қажетті әдісін, нарықтағы айналым немесе пайдалану қағидасын, қауіпсіздік талабын, сәйкестікті бағалау рәсімін, таңбалаудың бірыңғай талабын белгілеуге мүмкіндік бермей отыр", – дейді Жүсіп.


Талқылау