Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"6 айға дейін созу керек": Қазақстанда ажырасқалы жатқандарды татуластыру мерзімін ұзарту ұсынылды

Мәжіліс отырысында депутат Дархан Мыңбай ерлі-зайыптылардың ажырасу процесін 6 айға дейін ұзарту керектігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Депутат қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуіне алаңдаушылық білдіріп, премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары некелескендер саны азайып, ажырасқандар саны күрт артқан. 

"Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма? Біздіңше, өте маңызды проблеманың төркіні – жастардың тәрбиесінде, қалыптасқан қоғамдық ортасында сияқты", – деді ол. 

Оның мәліметінше, отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистика бойынша, 2015-2019 жылдар аралығында 274,5 мың отбасы ажырасқан.

“Яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда, ажырасу саны 35%-дан 43%-ға дейін көтерілген. Демек, соңғы бес жылда орта есеппен күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасқан", – дейді депутат. 

Сондай-ақ 2019 жылы 120 мыңға жуық адам некесін бұзса, оның әрбір екіншісі, яғни 60 мыңнан астамы 18 бен 35 жасқа дейінгі жастар. Одан кейінгі басым бөлігі 30 пен 34 жас (23,3%) аралығындағылар. 



"Ғаламдық індетке байланысты былтыр үйлену мен ажырасу төмендегенін ескергеннің өзінде, бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды. Өйткені бізге әрбір отбасының тағдыры қымбат", – дейді Дархан Мыңбай. 

Сол себепті депутат ажырасуды азайту үшін жоғары оқу орнында отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы факультативті пән енгізуді ұсынды.

Бұнымен қоса ажырасу кезінде мүдделер мен құқықтары қорғалуы үшін отбасындағы балалардың сот ісіне қатысуын қамтамасыз ету қажет деп санайды.

"Сонымен қатар сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандырып, ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін барынша ұзарту, яғни 6 айға дейін созып, олардың райынан қайтуына мүмкіндік жасаған жөн", – дейді Дархан Мыңбай.

Талқылау