Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Әскерилердің көзі мен тілі болдық”: Ауғандық әскери аудармашы АҚШ-қа келіп қалай панасызға айналғанын айтып, оқиғасымен бөлісті

Зия Гафури мен оның жүкті әйелі және үш кішкентай баласы 2014 жылдың қыркүйегінде Кабулдағы үйлерінен АҚШ-қа көшеді. Олар өз өмірлерінің қауіпсіздігі мақсатында өзге елде бас сауғалауға мәжбүр болған. Ауғандық әскери аудармашы өз тағдыры жайлы BBC-ге сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Зия Гафуридің бес америкалық визасы болған. Бұл – оған Ауғанстандағы АҚШ арнайы Күштерінде аудармашы ретінде 14 жыл қызметі үшін берілген марапаты. Виза сияқты артықшылығы болса да,  АҚШ-қа келген соң Зия баспанасыз, панасыз қалды. Бастапқыда ол отбасымен бірге баспанасыздарға арналған орталықты үй етеді. Жеті жылдан кейін ол Солтүстік Каролинаға көшеді.  BBC ақпарат агенттігіне берген сұхбатында әскери аудармашы отанынан жырақтаған соң бастапқыда балаларының көзіне тура қарай алмағанын айтады.

"Көз жасымды тыя алмадым. Екі ел үшін істеген қызметімді ойлап, осының бәріне менің еңбегім сіңді ме деп өз-өзіме сан рет сұрақ қойдым”, – дейді Зия. 

Айтуынша, құрдастарымен салыстырғанда, 37 жастағы оның жолы болған. АҚШ-қа жетуінің өзін бір бақыт деп санайды.

Он мыңдаған ауғандық 2001 жылы Ауған соғысы басталғаннан бері АҚШ сарбаздары мен олардың одақтастары үшін аудармашы, реттеуші және жергілікті жолсерік ретінде қызмет етті.

Америкадағы ең ұзаққа созылған қақтығыс басталғаннан кейін ондаған жыл өтсе де, президент Джо Байден 11 қыркүйекке дейін американдық әскерлерді елден шығаруға уәде берген. Ал осы аралықта Талибан билікке оралуға дайын екенін көрсетіп те үлгерді.

Байден аудармашыларды жаппай эвакуациялау тамыз айына дейін басталады деп уәде берді, ал өткен жұмада 2500 адамнан тұратын бастапқы топтан 200 ауғандық азамат виза алуға өтініш толтырып, жаңа өмір бастау үшін АҚШ-қа келді.

50 000-ға жуық аудармашы АҚШ қарулы күштерімен жұмыс істеді. 2008 жылдан бастап 70 000-ға жуық ауғандық аудармашы мен олардың отбасы мүшелері АҚШ-қа арнайы иммиграциялық визамен көшіп келді. Бірақ олардың ішінде 20 мыңға жуық аудармашы мен отбасылары әлі де мәселелерін шеше алмай келеді.

Дүйсенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаменті ел қаржыландыратын жобаларда, сондай-ақ, америкалық БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеген ауғандықтарға арналған босқындар бағдарламаның құрылғаны туралы хабарлады. Осындай бағдарламалардың пайда болуына қарамастан, босқындардың көбі визаны алу процесінің қиындығына тап болуда.

BBC-дің мәліметінше, америкалықтар үшін жұмыс істейтін аудармашылардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр. 2009 жылдан бастап АҚШ-қа виза алу кезінде 300 аудармашы қайтыс болған. Себебі виза алу процесі ұзақ жылдарға созылуы мүмкін.

“Адамдар екі елді де қолдау үшін күресті, ал енді біз оларды өлім аузында қалдырып отырмыз”, – дейді Зия. 

Ол 2002 жылы АҚШ әскери қызметіне аудармашы ретінде кірген. 18 жасында бұл оның алғашқы тұрақты жұмысы болған.

Мектепте оқып жүрген кезде талибандар билікке келіп, оның балалық шағы болашағы жоқ түнекке айналғандай болған. Исламның қатал заңдары: әйелдер мен еркектерді ұрып-соғу, отбасылардың үйде тығылып отыруы, қыз балаларға мектепке баруға тыйым салуды көріп өскен. 

Сол кезде оның үлкен ағасы талибтердің қарсыласы болған Панджер аймағының тілінде сөйлегені үшін соққыға жығылған. Соның нәтижесінде ұзақ уақыт жүре алмай қалған. 


Тоқаев Ауғанстандағы оқиғалар туралы: Біз кез келген қиын жағдайға дайын болуымыз керек 


Осы оқиғадан соң ол отбасымен бірге Кабулдағы үйінен Пашавар қаласына, Пәкістанға көшеді. 

“Анама сол кезде уәде бердім. Ер жеткен соң осы адамдарға қарсы күресемін дедім”, – деп есіне алады Зия. 

Пашаварда ол мектепте ағылшын тілінен сабақ берген. Оның отбасы Пәкістанда 2001 жылға дейін тұрады, сол кезде АҚШ өзінің он жылдыққа созылған шабуылын бастайды.

"Мен қайтып оралғанда, биліктің тұрақталғанын көрдім", – деді Зия. Айтуынша, талибтер кеткен соң елдің болашағы болады деп үміттенген.

Ол Ауғанстандағы өмірге оралып, үйленіп, жергілікті мектепте ағылшын тілінен сабақ бере бастайды. Оралғаннан бірнеше ай өткен соң, досы оған америкалықтарға аудармашылар керек екенін айтады.

"Олар жай ғана ағылшын тілінде сөйлей алатын адамдарды жалдады. Мен әскери терминдерді білмесем де, жұмысқа қабылдандым”, – дейді ол. 

Айтуынша, бұл жұмысы қиындығы мен қауіптілігіне, ұзақ мерзімдік сапарларына қарамастан өзіне қатты ұнаған. 

Әйелі мен отбасы оны талай рет райынан қайтармақшы болған. Алайда ол өзін амарикалық “бауырларына” адал екенін айтады. Оның тіпті “Буйя” деген лақап аты бар көрінеді.

“Әскерилердің көзі мен тілі болдық”, – дейді Зия.  

Ол 2008 жылы Конгрестің жаңа визалық бағдарламасына өтініш береді. Бұл арнайы америкалық әскерилермен жұмыс істеген ауғандықтар мен ирактықтарға арналған. Визаны алуға Зияның алты жыл уақыты кеткен. Сұхбатында ол бұл процесті  “жиіркенішті” деп бағалаған. 

Осылайша, әскери аудармашы Америкада тұруға рұқсат беретін визасын 6 жылдан соң алған.

Америкаға кетпей тұрып ол содырлардан түрлі сипаттағы өзін қорқытқан хаттар алған. Өмірі үшін қорыққан ол отбасымен бірге, киім-кешегін жиып, 6500 доллар тұратын рейске отырып, отанынан жырақтап кеткен. 



Алайда Америка келген соң Зия ауғандарды таппаған, далада қаңырап қалған. Ешкімнен қолдау таппаған әскери қызметкер баспанасыздар үйін мекендеуге мәжбүр болады. Бірақ ол мекенге де балаларын кіргізгісі келмейді. Осылайша, бұрынғы басшысына хабарласып көмек сұрайды. Капитаны қызметшісінің осындай жағдайға тап болғанын естігенде қатты ашуланып, өзінің үйіне, Солтүстік Каролинаға шақырады. 

Уақыт өте келе Зия отбасын Солтүстік Каролинада орналасқан Шарлотта қаласына көшіреді. Ол жақта құрылыста, дүкенде жұмыс істейді. Өзінің америкалық әріптестерінің аузынан естігендей Нью-Йорк, Лас-Вегас сияқты ірі мегополиске еш ұқсамаса да, сол қалада ол өзінің қауіпсіздікте өмір сүріп жатқанына риза екенін айтады. Әйелі жұмысқа еркін жүріп-тұра алады, балалары мектепке барып, ағылшын тілін үйреніп жүр. Бүгінде оларлың отбасы америкалық азаматтық алған. 

Алайда Зияның отанындағы жағдайға қатысты көзқарасы өзгермеген.

“Талибандар күнәсіз адамдарды өлтіруін тоқтатар емес. Ештеңе өзгерген жоқ”, – дейді ол күңіреніп.

Талқылау