Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАҚ: Алматы облысының білім басқармасы 200 миллион теңгеге ескі компьютерлер сатып алған

Алматы облыстық білім басқармасы алдағы оқу жылында мектептерді компьютермен жабдықтау мақсатында 200 миллион теңгеден астам қаржыға тендер өткізген. Мемлекеттік сатып алуда бір компьютердің құны 205 мың теңге деп көсертілсе, тендерді ұтқан компания бір компьютер үшін 203 500 теңге ұсынған. Ал алынатын компьютерлерге қойылған техникалық ерекшеліктер тым ескі көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

компьютер

Дәл осы мәселені көтерген азамат өзінің жеткізуінше, Алматы облыстық білім басқармасы жариялаған тендерге 12 компания қатысқан. Мектепке алынуы тиіс компьютерлерге қойылатын талаптар тым төмен дейді ол. 

IT мамандар да техникалық талаптың бағасы мен сапасы сай еместігін айтып отыр. 

“Кейбір көрсеткіштер бойынша бұл жеке компьютердің түрі қазіргі күні ескі болып саналады. Мәселен жедел жадының өзі 2021 жыл үшін бір саты төмен. Дәл осы ақшаға бүгінде әлдеқайда тиімді құрылғы алуға болады”, – дейді IT маманы Андрей Седерин. 

Ал Алматы облыстық білім басқармасындағылар конкурсқа қатысушы өзге тұлғаның арыз-шағымынан кейін байқаудың уақытша тоқтатылғанын жеткізді.  

“Нәтижесінде Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан конкурстың қорытындысы қайтара қаралып кемшіліктерді жою туралы облыстық білім басқармасына хабарлама берді”, – дейді облыстық білім басқармасы күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімі басшысы міндетін атқарушы Медет Бимуратов.    

Ал департаменттің осы хабарламасынан соң жеңімпаз қайта анықталатын болды. Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова биылғы жылдың басында бірнеше сыбайластарымен 37 650 000 пара алды деген күдікке іліккен еді. 

Талқылау