Атырау облысында вакцина алғандар арасында ақшалай сыйлықтар ойнатылады
Атырау облысында вакцина алғандар арасында ақшалай сертификат ойнатылады. Бұл туралы үкімет отырысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ол облыста вакциналау көрсеткішін жақсарту және тұрғындарды вакцина алуға одан әрі ынталандыру мақсатында сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарында түрлі шаралар өткізіліп жатқанын атап өтті.
"Демеушілердің көмегімен 30 маусымнан бастап алдағы үш айда екпе алушылар арасында ақшалай сертификаттар ойнату жоспарланып отыр. Бұл туралы БАҚ-та кеңінен жарияланады. Бұл шара оң серпін береді деп күтілуде", – деді Досмұхамбетов үкімет отырысында.
Айта кетсек, 26 маусымнан бастап өңірде коронавирус жұқтырғандар көбейіп, облыс "қызыл" аймаққа өтті.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов 25 маусымнан бастап екпе алғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатылатынын жариялаған болатын. Акция тамыздың аяғына дейін жалғасады.
Ал Алматыда вакцинаның бірінші дозасын салдырғандар арасында Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдама ойнатылуда.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы да екі бөлмелі пәтерді ұтысқа шығарған.