Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан ағылшын тілін білу деңгейі ең төмен мемлекеттердің санатына енді: Бұл не үшін дұрыс емес

Қазақстандықтар ағылшын тілін білу деңгейі бойынша ең төменгі мемлекеттер санатына еніп, 92 орынды иеленді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

EF халықаралық ұйымының зерттеуіне 100 мемлекеттен 2,2 миллион ересек адам қатысқан. 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келген бұл рейтингте биыл Қазақстан 92-ші орынға табан тіреген. Рейтингте мемлекеттер бес санат бойынша топтастырылған: ағылшын тілін білу деңгейі өте жоғары, жоғары, орташа, төмен және өте төмен. 

Үздіктердің көшін Нидерланды мемлекеті бастаса, одан кейінгі екінші орында Дания тұр. Халқының ағылшын деңгейі бойынша алғашқы үштікті Финляндия аяқтапты. 

Қазақстан ағылшын тілін білу деңгейі бойынша ең төменгі санатқа орналастырылыпты. Республикамыз Кот-д’Ивуардан кейінгі 92-ші орында екен. Айта кетейік, ағылшын тілін білу деңгейін өте төмен мемлекеттердің арасында көршілес Өзбекстан (88 орында) Қазақстанды басып озса, Қырғызстан елімізден төрт сатыға төмен 96-шы орынды иеленіпті. Ресей ағылшын тілін білу деңгейі бойынша орта санаттағы мемлекеттердің арасынан табылды (41 орын). 

Былтырғы жылмен салыстырғанда Қазақстан бір сатыға жоғарылапты. Азиядағы позиция бойынша да Қазақстан ең соңғылардың арасында: 24 елдің арасында еліміз рейтингте 21-ші қатарда тұр. 

рейтинг

Рейтингтің нәтижелеріне сүйенсек, елімізде ағылшын білетін ерлердің үлесі көбірек: 44,04%. Әйелдер үлесі 43,71% құрапты. 

Танымал журналист, қазір "Болашақ" бағдарламасы арқылы АҚШ-та білім алып жатқан Назира Байырбек қазақстандықтар ағылшын тілін үйренуді маңызды санамайтынын айтады. 

"Біздің елде көпшілік бұл тілді үйренудің қажеттілігін онша сезініп жатқан жоқ. Көбі әлі де қызметке барарда орыс тілін білу керек деп ойлайды. Өйткені біздің билік орысша сөйлейді. Көп жерде мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің құқы тапталып жатады. Содан қарапайым ел, әсіресе қазақи ауылдарда туып-өскендер әлі күнге маманданып, жақсы қызметке тұруда немесе жақсы бизнес жасауда “тілдік барьер” орыс тілімен ғана байланысты деп ойлайды. Ағылшын тіліне қажеттілікті сезінген адам оны үйренбей қоймайды. Ал үйренген сайын бұл тілдің берер мүмкіндіктерін түсініп, қуанып, қанаттана түседі деп ойлаймын", - дейді ол. 

Балалар бастауыш сыныпты толығымен өз ана тілінде оқығаны дұрыс деген журналист ағылшын тілін білмегендіктен жастардың көптеген мүмкіндіктерден құр қалып жатқанын алға тартты. 

"Ағылшын тілік жетік білмегеннен кейін біздің жастар ең алдымен керемет, құнды, заманға керек ақпараттар алудан ұтылып жатыр. Біз қазақтар, орыс тіліндегі не орысшадан аударылған, бір рет сүзгіден өткен ақпаратты ғана оқып келдік қой. Түпнұсқадан оқи алған жоқпыз. Өз басым, осы тілді оқи бастағалы бұрын өмірі қызықпаған тақырыптарда оқып, аудиокітаптар тыңдап, бұрын ойламаған нәрселерді ойлайтын болдым. Біздің, мысалы, әдебиеттегі, газет-журналдардағы қамтылған тақырыптарымыз да басқа. Ал ағылшын тілі арқылы қазіргі әлемдік ғылым мен технология қайда барады, алда не болуы мүмкін - бәрін ойлай бастайды екенсің. Сосын бізде тұлғатану бойынша да зерттелмеген, айтылып көрмеген тақырыптар көп. Ал ағылшын тілінен бәрін табасың ғой. Қысқасы, бұл тілге бір бет бұрсаң, өзі тартып әкете береді. Өйткені, керек ақпарат көп" , - деп қосты Назира Байырбек.

Сонымен қатар, ол жастар ағылшын тілін білсе, шетелдік ірі компанияларда жұмыс істеуге жол ашылатынын сөз етті.

Екінші, өздігіңнен оқып, ақпарат алу бөлек, ал біздің жастар бұл тілді білсе, шет елдерге барып оқуға түсу, халықаралық аренада жұмыс істеу секілді мүмкіндіктерге қол жеткізер еді. Мен тек қана “Болашақ” бағдарламасын айтып отырған жоқпын. Білімді жастарға шетелдік оқу орындарынан грант ұтып алып оқу жолдары бар екен. Америкада кей университеттерде Орта Азия мемлекеттерінің жастарына бөлінетін арнайы гранттар бар.

Қазір небір талант жастар елде кейде не дұрыс оқуға түсе алмай, оқыса да қолдаушысы болмаған соң аз айлыққа жұмыс істеп, жүні жығылып жүреді. Мен сол жастардың тілді меңгеріп, бойындағы қабілетін барынша іске жаратқанын қалар едім. Өзі үшін де, еліміз үшін де сол абырой болар еді. Әйтпесе қазір байқаймын, Америкада Үндістаннан, Қытайдан келгендер өте көп. Жақсы-жақсы университеттерде оқып, тіпті әлемге әйгілі мықты компанияларда жұмыс істеп табысқа жетіп жатыр. Олардың арасында қазақтар әзірге санаулы ғана", - деп аяқтады сөзін журналист. 

Талқылау