"Ешқандай қаржымыз жоқ": Қазақстанда кинотеатр иелері бизнестерін біржолата жабуға дайын
Жақында Денсаулық сақтау министрі кинотеатрлар 30%-дық сыйымдылықпен ашылуы мүмкін екендігін айтты. Алайда сонымен бірге, әлі де сақтық шараларын сақтау мақсатында кинотеатрларды ашпаған дұрыс дейтіндер бар. Ал отандық кинотеатр желілерінің өкілдері ашылуға дайын екендіктерін айтуда. Айтуларынша, егер карантин тағы енгізіліп, ұйым жұмысы жанданбаса кинотеатрлар бірінен соң бірі жабылып қалуы ғажап емес. Stan.kz тілшісі отандық кинопрокаттың бірнеше ойыншыларының өкілдерімен сұхбаттасып, бүгінгі күй-жайы туралы сұрады.
LUMIERA кинотеатрының директоры Юлия Вебер ашылуға 100% дайын екендіктерін айтады. Оның пікірінше, әрбір өткен ай сайын киноиндустрия бір жыл артқа шегініп жатыр.
Кинотеатр директорының айтуынша, егер карантин қайта басталып, кинотеатр жұмысына рұқсат берілмесе, бәрі бірінен соң бірі жабыла бастайды. Себебі жалға алу, жылыту жүйесі үшін ешкім шығындарды өтеп беріп жатқан жоқ. Әсіресе, кинотеатрлар желісіне кірмейтіндері жабылады.
"Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріміз, Қазақстан нарығының сұранысы және әлемдік киноиндустрия үшін маңызы әрбір өткен ай сайын бір жылға артқа қарай жылжып жатыр", - дейді Юлия Вебер.
"Қазір кинотеатр шығындарды есептемейтін болды, себебі күннен-күнге жағдай нашарлауда, көңіл-күйіміз түседі. Бастапқыда қызметкерлерімізге жалақыларының 50%-төлеп тұрдық. Кинотеатрлар толық жабылған соң, біз жұмысшыларға ақы төлей алмайтын болдық. Ешқандай қаржымыз жоқ. Кей қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшіруге де мүмкіндік жоқ", - дейді ол.
"Қазір қызметкерлердің көбі күтіп жүр, кейбірі қосымша жұмыс істеп жүр. Егер кинотеатрлар ашылса, қызметкерлердің жартысынан көбі қайтып келуге ниетті", - дейді Вебер.
"Олардың 90%-ы студенттер. Әрқайсысының басында несиелері бар, кейбірі осы жылы оқу ақысын төлей алмай қалған жағдайлар болып жатыр. Кейбірі пәтерде тұратын, пәтерлерінен шығарылған қызметкерлерге көмектесіп, пәтер ақысын төлеп бердік. Қызметкерлердің 30%-ы қосымша жұмысқа тұрды: ресми түрде олар біздің жұмысшылар, бірақ қосымша басқа жерде жұмыс істеп жатыр", - дейді кинотеатр директоры.
Айтуынша, қазіргі уақытта қажетті барлық құралдарды сатып алып қойған.
"Ашылуға 100% дайынбыз. Еліміздің басқа кинотеатрлары да дайын. Ең бастысы, ашылу, ашылуға рұқсат алу, ары қарай мемлекет қоятын кез келген талаптарды орындауға дайынбыз. Осылайша, жұмысты қайта жандандырамыз. Себебі тек кинотеатр мен оның басшылары ғана емес, қызметкерлері де қиналуда", - дейді маман.
Юлия Вебердің айтуынша, кинопрокатпен қатар қазақстандық кино да зардап шегіп жатыр. Осы жылы отандық өнімдер фестивальдерге қатыса алмағаны тағы бар.
"Біз арасы екі адамдық орын болатын қашықтыққа келісіп отырмыз. 4-5 адамдық отбасы қалай болғанда да бірге отырады. Сондай-ақ, кинотеатр ішін арнайы шамдармен тазалаймыз және сеанстар арасындағы үзілістерді созуға дайынбыз. Наурыз айынан бастап әкімшілік тарапынан санитайзер, бетперде, экрандық шиттер, залды тазалауға арналған дезинфекциялық заттар сатып алынды. Мемлекет бекітетін кез келген талапты орындауға дайынбыз", - дейді отандық кинопрокат өкілі.
- "Кішкентай балалардың көретіні жаныма батады": Желіні шулатқан "Қарапайым Қайраттың" актері сериал жайлы ойын айтты
- Қазақстандықтар осы күзде қайта оқшаулануға қалай қарайды?
Айтуынша, көрермендердің бетперде тағып отырғанын тексеретін, залдағы тәртіпті, орын ауыстырғысы келетін адамдарды арнайы қадағалаушылар болады. База контролерге белгі береді, ол зал ішіне кіріп, қадағалайды. Бұрын да солай болған.
Блогер, сценарист Әділжан Ақарыс кинотеатрлардың қазіргі жағдайда мейлінше ашылмағаны дұрыс деп есептейді.
"Кинотеатрларда адамдар көп отырады және тығыз орналасады, біреу вирус жұқтырып ауырып қалып жатқаны қазіргі жағдайда өте қауіпті болатыны анық. Сондықтан кинотеатрлардың келесі жылы ашылғаны дұрыс. Киноиндустрия, мейрамхана бизнестері уақыт өте келе дамиды. Ал денсаулық болмаса, бизнес те, бәрі жайына қалады. Осы орайда, денсаулығымызды күту керекпіз деп ойлаймын", - дейді сценарист.
Айта кетейік, Алматының Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қазіргі жағдайға байланысты санитарлық шараларды әлсірете алмайтынын, белгілі бір аумақ пен өңірдегі жағдайға байланысты тек күшейтетінін айтты. Осыған қарамастан, Бекшин театрларды 50%-ға дейінгі сыйымдылықпен толтырып ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, әлемдегі екінші ірі Regal кинотеатрлар желісі коронавирустық пандемияға байланысты жабылып жатыр. Кинотеатрлар желісі иелері Cineworld Group компаниясы 8 қазаннан бастап АҚШ пен Ұлыбританиядағы кинотеатрлар жұмысын тоқтататынын хабарлады. Осылайша, кинотеатрлардың жабылуы 45 мыңға жуық жұмысшыға әсер етпек.
Кинотеатр желісі Джеймс Бонд жайлы жаңа фильмнің тұсаукесері 2021 жылдың көктеміне ауысқанына байланысты карантинге жабылды. Ендігі жолға кинотеатр кестесінде аудиторияны қызықтыратын блокбастерлер қалған жоқ. Сондықтан, компания иелері, аз ғана көрерменге фильмді ұсынудың орнына, кинотеатрды біржолата жабу тиімдірек деп есептеген.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
