Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме қалай есептеледі? Не білу керек?
Кез келген азамат несиені рәсімдеу үшін банктерді өзара салыстырып көре алады. Банк таңдау кезінде ең бірінші кезекте пайыздық мөлшерлемеге мән беру керек. Stan.kz тілшісі ForteBank-пен бірлесіп, пайыздық мөлшерлеменің не екенін, оның қалыптасуы мен сіздің қаржылық жағдайыңызға әсері туралы анықтап көрді.
Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме дегеніміз не
Банктердің несиелік ұсыныстарында жылдық пайыздық мөлшерлеме алдын ала көрсетіледі. Қарыз алушы банктен алған қаражаты үшін қанша пайыз үстеме төлейтіні пайыздық мөлшерлеме деп аталады. Яғни банк клиентке "жалға" қарыз береді және "жалдау ақысын" сұрайды. Негізінде пайыз қарыздың қалдығына есептеледі. ForteBank-тің пайыздық мөлшерлемесі негізінде түсіндіріп көрелік. Банктен 8 миллион теңгеге дейін кепілсіз несие алуға болады. Мысалы, сіз 1 миллион теңгеге өтінім берсеңіз, мөлшерлемесі 25% болады. Ал жалақыны осы банктен алсаңыз, пайыздық мөлшерлемесі 21,5%ға дейін түседі. 5 жыл көлемінде айына 27 355 теңгеден төлеу керек болады.
Пайыздық мөлшерлеме қалай қалыптасады
Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің қалыптасуына әртүрлі факторлар әсер етеді. Бірнеше негізгі факторды атап өтелік.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі. Соңғы рет 2022 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 пайыздық тармағымен (демек банкпен келісімге отырғаннан кейін пайыздық мөлшерлеме +/-1 пайызға ғана өзгере алады) жылдық 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 17%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 15% болады. Яғни екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен қарыз алған пайыздан көбірек пайыз қойып, азаматтарға несие береді. Банктің пайыздары бірінші кезекте мемлекеттің бекітілген шегіне тәуелді болады. Себебі екінші деңгейлі банктер бұл шектен кем пайызды қоя алмайды.
Инфляция. Несиенің пайыздық мөлшерлемесіне әсер ететін тағы бір фактор инфляция, яғни тауарлар мен қызметтердің жалпы бағасының өсуі және сәйкесінше ақшаның құнсыздануы. Бұл ретте мынаны ескерген жөн. Несие сіз ақша жинап аламын деген дүниенің бағасы жинап болғанша, бірнеше рет өсіп кетуі мүмкін. Ал бөліп төлеуге немесе несиеге алған кезде оны арзанырақ бағада ала аласыз. Бұл, әсіресе, бағасы қымбат дүниелерге, мысалы, жылжымайтын мүлікке қатысты. Мысалы, сіз ForteBank-тен ипотека ашуға барсаңыз, 50 миллион теңгеге дейін қарыз алуға болады, пайыздық мөлшерлемесі қарапайым несиеден төмен, яғни 20%-ды құрайды.
Несие мөлшерлемесін есептеу
Ескере кететін жайт, несиелік ұсыныстар көбінесе белгілі бір нақты пайыздық мөлшерлемені көрсетеді. Алайда сіз банкке берген өтінімді рәсімдеп, құжаттар топтамасын алғаннан кейін банк нақты қарыз алушы үшін жеке мөлшерлеме туралы шешім қабылдайды. Ол сайтта немесе жарнамада көрсетілген мөлшерден алшақ болуы мүмкін. Пайыздық мөлшерлемені анықтаған кезде банк сіздің несиелік деңгейіңізді ескереді. Оны есептеу үшін бұрын алынған кредиттер, берешектер, кешігіп төлеу, қарыздардан бас тарту туралы кредиттік тарих бюросынан ақпарат пайдаланылады.
Несиенің көлемі мен мерзімі несие бойынша пайыздық мөлшерлемені анықтау кезінде де ескеріледі. Несие сомасы неғұрлым аз болса және оның мерзімі неғұрлым қысқа болса, мөлшерлеме соғұрлым жоғары болады. Себебі ұзақ мерзімді несиелер көбіне кепілге қойылады. Мысалы, ипотека кезінде сатып алынған пәтер кепілге айналады, ал автокөлік кепілі — сатып алынған көліктің өзі болады. Кепілге қойылған несие банк үшін кепілсіз несиеге қарағанда сенімді көрінеді. Қарызды төлеуде қиындықтар туындаған жағдайда банк кепіл мүлкін сатып, ақшасын қайтара алады. Егер ForteBank-тен несиеге автокөлік алмақ болсаңыз, мөлшерлеме небәрі 4%-ды құрайды. 7 жылға дейін максималды түрде 10 миллион теңгеге дейін қарыз алу мүмкіндігі бар.
Жалпы алғанда несиенің пайыздық мөлшерлемесіне аса мән берген жөн. Себебі бұл – сіздің алдағы уақытта еш қиындықтарға тап болмай, қарызды бастапқы келісіммен қайтаруыңыздың кепілі. Несие мақсаты мен сомасы, сондай-ақ ай сайынғы төлемнің ыңғайлы мөлшері туралы шешім қабылдаған кезде банктерді өзара салыстырып, тиімді шарттарды қарастырған жөн.