"Неге Үкімет кезінде ойластырмаған": Депутаттар Ресейге қарсы санкциялар жайлы
Мәжіліс депутаттары премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, үкімет Қазақстан экономикасын Ресейге қарсы санкциялардан қорғау үшін қандай шаралар қабылдайтынын сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Ерлан Сайыров қазіргі қиын халықаралық жағдай отандық бизнеске кері әсер етіп жатқанын айтты.
"Шиеленіс аймағында қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі 1007 жүк вагоны тұрып қалған, 680 жүк вагоны шиеленіс аймағына жетпей тоқтатылған. Транзит құны екі есеге өсіп кеткен", – деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, логистиканың бұзылуына байланысты Еуропадан Қазақстанға тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу де қиындап тұр.
"Ресей рублінің тез әлсіреуі елімізге көршімізден азық-түлік импортының еселеп өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл, өз кезегінде, қазақстандық азық-түлік өндірушілердің жағдайын мүлдем тұралатып жіберуі ықтимал. "Жығылған үстіне жұдырық" болып халқымызды баға мен девальвация алқымнан қысып жатыр", – деп қапаланды депутат.
Сайыровтың айтуынша, отандық бизнес көптеген халықаралық сауда брендтерімен Ресей арқылы жұмыс істеген. Ал ол брендтер көрші елден жаппай шығып жатыр. Мұнай тасымалдау проблемасы да өзекті болып тұр.
"Неге Үкімет кезінде мұнай тасымалы, сауда брендтерінің балама логистикасын ойластырмаған?! Отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге шығынға ұшырауда. Үкімет қимылдап жатыр, бірақ мына заманда өте ширақ болу маңызды", – деп мәлімдеді мәжілісмен премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Осыған байланысты депутаттар үкіметтен Қазақстанның тасымал логистикасын, соның ішінде мұнай тасымалын әртараптандыру үшін, халықаралық сауда брендтерімен тікелей жұмыс істеу үшін қандай шаралар қабылданғанын сұрады.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
