Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неге блогер Жанәбіловтердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, ал JustKing айыппұлмен құтылып кетті – Қаржы мониторингі агенттігі түсіндірді

Жанәбіловтер мен Нұртазалар

Фото: Zhanabylov_e/Justking31 Instagram-парақшаларынан

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов ерлі-зайыпты Жанәбіловтердің ісі мен блогер JustKing-ке қатысты тергеуге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жанәбіловтерге қатысты әкімшілік іс сотта қаралып, сот қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін тапты. Сондықтан материалдар уәкілетті органға қосымша тергеуге жіберілді.

Қаржы мониторингі агенттігі өкілінің айтуынша, JustKing лақап атымен белгілі Нұрбек Нұртаза әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Блогер өз еркімен айыппұлдарды төлеп, хаттамалар жасалып, ұйғарым шығарылды.

"Ол хаттамамен келісті, ұйғарым жасалып, айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл айыппұлдар төленді", – деді Елемесов.

Ал Жанәбіловтер өз кінәларын жоққа шығарып, заңбұзушылықты мойындаудан бас тартып отыр.

"Олар мойындаудан бас тартты. Ешқандай заңбұзушылықты мойындамайтындарын айтты. Сондықтан материалдар сотқа жіберілді. Сот талқылауы барысында қылмыстық құқықбұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келген қосымша фактілер анықталған болуы мүмкін", – деді ҚМА басшысының орынбасары.

Қылмыстық тергеу енді ғана басталды, оның аяқталу мерзімін болжау қиын. Алайда алдын ала болжам бойынша, бұл шамамен екі айға созылуы мүмкін.

"Бұл қанша уақытқа созылатынын айту өте қиын, менің ойымша, біз екі ай ішінде бітіреміз", – деп қосты ол.

Сонымен қатар қызмет нәтижесінде алынған сомаларды, олардың қалай жұмсалғанын және одан әрі тергеуге негіз бар-жоғын анықтау үшін Нұрбек Нұртаза ісінің материалдарын уәкілетті органға берді.

Айта кетейік, бұған дейін Ерболат Жанәбіловтің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік ісін тоқтату туралы қаулы шығарылды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс Экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды. Оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс те тоқтатылып, қылмыстық іске ауыстырылды.

Еске салайық, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 16 Қазан, 2025 15:45
Талқылау