"Назарбаев бейбітшілікті сақтауға тырысты": Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі онымен таныстығы және мұнай саласында жіберілген қателіктер туралы айтты
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған америкалық кәсіпкер Джеймс Гиффен өз сұхбатында мемлекет басшысымен таныстығы туралы айтып берді. Сонымен қатар КСРО құлаған кезеңде қабылданған шешімдер мен Қазақстанның мұнай саласында жіберген қателіктерін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Джеймс Гиффен кім?
Гиффен америкалық бизнесмен және АҚШ-КСРО арасындағы сауда бойынша сарапшы болған. Сонымен қатар америкалық мұнай компанияларымен келіссөзде Қазақстан атынан қатысқан "Меркатор" корпорациясының негізін салушы.
Джеймс Гиффен миллиондаған доллар пара алуға қатысты "Қазақгейт" ісіне қатысы бар негізгі тұлғалардың бірі болған. Кейін оның үстінен АҚШ үкіметі іс қозғап, 7 жылдан кейін істі жауып тастады. Гиффен 2022 жылы қатерлі ісіктен көз жұмды. Ал оның соңғы сұхбаты дүние салған соң ғана жарияланды. Мұнда ол Назарбаевпен қарым-қатынасы, Қазақстандағы мұнай саласының дамуы туралы айтып берген.
Назарбаевтың 50 жас мерейтойы және онымен таныстығы жайлы
Джеймс Гиффен Нұрсұлтан Назарбаевпен 1990 жылы танысқанын айтады. Бұл кезде Назарбаев президент ретінде АҚШ-қа келген. Джон Кеннеди әуежайынан күтіп алған соң Нью-Йорк штаты Вестчестер округындағы үйіне алып барған.
"Бірнеше күннен соң біз Калифорнияға Chevron компаниясының өкілдерімен кездесу үшін ұштық. Ұшу кезінде мен оны бірнеше шотландиялық вискимен таныстырдым. Сондай-ақ ол менен Құрама штаттардың мемлекеттік және жеке секторы туралы сұрады. Мәселен, маған қалалық, округтық, штаттық және федералдық биліктің айырмашылығы жайлы сұрақ қойды. Мен заңгер болғандықтан бірнеше сұрақтың жауабын білетінмін. Осылайша екеуміз дос болып кеттік", – дейді ол.
Гиффен Вашингтон қаласында Назарбаевтың 50 жас мерейтойына орай кеш өткенін айтады. Туған күніне орай олар қонақ үйдің нөмірінде кездескен.
"Барлығымыз дөңгелек үстелге отырып, ішімдік іштік. Сол кезде Назарбаевтың көмекшісі оған қоңырау шалып жатқанын айтты. Көрші бөлмеде бірнеше минут сөйлескен соң қайта оралып, Горбачевтің туған күнімен құттықтағанын жеткізді. Әрине, Горбачев қай жерге, қай нөмірге хабарласу керегін қайдан білсін", – дейді ол.
Назарбаевпен қарым-қатынасы жақсара түскен соң президент Гиффенді Қазақстанға шақырған.
"Президент Назарбаев Кеңес өкіметін сақтап қалуды қолдаған"
Джеймс Гиффен КСРО-ның 1991 жылдың тамызынан бастап құлдырай бастағанын мәлімдеді. Бұл кезеңде мемлекет ішінде төңкеріс те ұйымдастырылған.
"Ельцин 18 тамызда 17:00-де Алматыдан Мәскеуге ұшуы керек еді. Осы кезде кеңес әскері Қазақстанның батысындағы Минсктің әскери базасынан ұшақты атып түсіруі керек болған. Алайда Алматыға келген Ельцин ішімдікті шамадан тыс көп ішіп, 17:00 емес, 20:00-де ғана ұшты. Бұл кідірісті ең сәтті деп айта аламын. Себебі мұның арқасында Ельцин тірі қалды, ал Назарбаев төңкерістің алдын алғаны үшін Кеңес әлеміндегі ірі саясаткерге айналды", – деп түсіндірді Гиффен.
Оның сөзінше, Назарбаев "Кеңес өкіметін сақтап қалуды жақтаған". Алайда Ресей, Украина мен Беларусь президенттері Кеңес одағының ыдырығанын мәлімдеу үшін алдын ала жиналыпты.
"Ельцин және өзге де президенттер мұны Тәуелсіз мемлекеттер достастығымен алмастыратынын айтты. Президент Назарбаевқа келісуге тура келді, сосын Қазақстанды Кеңес одағының құрамынан шығару туралы шешім қабылдады. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда, Назарбаевтың ант беру рәсімінде 38 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевпен таныстым. Сол кезде ол Мәскеуде КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы дипломатиялық академияда оқитын", – деп толықтырды Джейм Гиффен.
"Назарбаев әр уақытта бейбітшілікті ойлады"
Назарбаевтың экс-кеңесшісі оның президент ретінде барлығымен оң қарым-қатынас орнатуға тырысқанын қосып өтті.
"Ол барлығын байыппен жасайтын, маған да абай болу керегін айтқан. Кіммен не туралы сөйлесу керегін жақсы түсінетін. Әр уақытта бейбітшілікті, тұрақтылықты ойлады. Не істесе де Қазақстанның тұтастығын қорғау үшін істеді. Горбачев, Ельцин және Путинмен жақсы қарым-қатынас орнатты. Сондықтан кездескен сайын күліп, бірге көңіл көтереді", – деді ол.
Назарбаевтың кеңесшісі атанған Гиффен қандай қызмет атқарды?
"Назарбаевтың кеңесшісі ретінде Қазақстанның ірі мұнай жобалары бойынша сараптама жасап, келіссөздерді бақылау керек болдым. Фомаллды тұрғыдан мен басшы болады деп ешкім ойламаған. Қазатар үшін мұндай қызметті қазақ атқаруы керек еді. ал біз жай ғана кеңесші едік. Дегенмен біз негізгі төрт жоба - Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған мен КТК құбыры бойынша келіссөздерге жауапты болдық”, – деп түсіндірді экс-кеңесші.
Гиффен бұл төртеуінің Қазақстан үшін негізгі инвестициялық жоба болғанын айтады. Сонымен қатар Мұнай министрлігімен бірге тағы 15-16 жобаны жүзеге асырған.
"Сол кезеңде Назарбаев Қазақстанды толығымен дамыту үшін зерттеу бастау керегін мәлімдеді. Мен әскери іс, ұлттық қауіпсіздік, экономикалық, саяси және әлеуметтік сұрақтар бойынша сарапшылар тобын жинадым. 4-5 халықаралық сарапшы Қазақстандағы әріптестерімен кездесті. Ал жұмысты Марат Тажин есімді президенттің адамы басқарды. Ол – өте ақылды, керемет адам. Онымен бірге жұмыс істеп, даму бағыттары бойынша қызмет ететін түрлі топ құрдық. Топтың мақсаты даму бойынша сұрақтардың шешімін ұсыну болды”, – дейді ол.
"Қазақстан мұнай жобаларынан 1 триллион долларға дейін табыс көруі керек еді"
Джеймс Гиффен Қазақстандағы үш ірі жобада делдал қызметін атқарғанын айтады. Дегенмен құбыр желісі салынған соң іс жоспардағыдай болмаған. Сөзінше, Қазақстан өндіруі керек нәрсені толыққанды өндіре алмаған.
"Мен соңғы рет Назарбаевпен 2003 жылы 21 наурызда кездестім. Бұл кездесуде мен ірі үш мұнай жобасында Қазақстанның сәтсіздікке ұшырағанын айттым. Шын мәнінде 40 жылда қазақстандықтар бұл жобалардың 1 триллион долларға дейін табыс көруі керек еді. Алайда енді 500 миллиард доллардан артық табыс көре алмайтынын айтады. Қазақстан межелі табыстың 50 пайызынан қағылды. Енді бұл қаржы да, мұнай қоры да ешқайда кетпейді. Алайда 40 жылдан кейін мұнайға дәл осындай сұраныс бола ма және бағасы қалай өзгеретінін ешкім білмейді", – деді ол.
Гиффеннің пайымдауынша, бүгінде елдегі мұнай жобалары өндірелітін мұнайдың тек жартысын ғана беруде. Ал үкіметте ендігі қаржы тапшы.