Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Науқасты қала сыртына апарып өлтіріп, жалған атпен жерлеген": Алматыдағы "қара риэлторлар" ұйымдасқан қылмыстық тобының схемасы әшкере болды

6 ақпанда Алматыдағы Наурызбай ауданының сотында психиатриялық ауруханалармен байланысып, адамдарды заңсыз түрде мекемелерге жатқызып, мүлкін тартып алу схемасын құрған қылмыстық топтың 22 мүшесінен жауап алынды. Сот отырысында 37 эпизодтың бәрі оқылып, судьяға айыпталушылар қылмыстық жауапкершілікті басқа бапқа алмастыру жөнінде өтінішхаттарын ұсынды. Сотта психиатриялық науқасты ұйымдасқан топтың қалай өлтіргені және меншігіндегі үйді қалай туысына рәсімдегені туралы айтылды. Тыңдауға қатысып келген Stan.kz тілшісі істе атышулы болған жағдайларды баяндап береді.

Фото: Stan.kz

"Айыпталушылардың кінәсі дәлелденеді"

Бұл отырыста бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Алматы мен облыстың психиатриялық ауруханалардың бөлім меңгерушілері, "қара" нотариустар мен риэлторлар, алаяқтар, сот-медициналық сарапшылар, ревизорлар  және басқа да тұлғалардан жауап алынып, 37 эпизодқа қатысы бар-жоғы қайта сұралды. Соның ішінде: Бурмистрова, Фирцев, Никулин, Смиронова, Долгова, Мигунова, Губанова, "5-ықшамаудан", Бондарев, Дегтеров, Эдуард Рак және тағы басқа істер бойынша эпизодтар оқылды. 

Бұған дейін 6-эпизод бойынша зейнеткер Эмилия Долгованың үйін заңсыз иемдену мақсатында оны және баласын өлтіру айыпталғанын жаздық. Куәгерлердің мәліметі бойынша, ауыр халде жатқан Долгова өзінің мүлкін сіңлісі Гаппарованың атына тіркеп, кейін жылжымайтын мүлікті сатылымға шығаруға тырысқан. Эксгумация жасалған соң Долгованың қылғындырып өлтірілгені анықталды. Сөйтіп іс барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысуы мен жалған құжаттар арқылы мүлікті заңсыз иемдену әрекеттері ашылды.

Жәбірленушінің адвокаты Оксана Буряк алдағы сот отырысында прокурор айыпталушылардың қылмысының ауырлығына қарай жаза мөлшерін сұрайтынын айтты. Сонымен қатар ол өзінің қорғауында азаматтардың пайдасына шешім шығатынына үміттенеді.

"Бүгінгі процесте барлық эпизод оқылды. Сотта көптеген іс материалдары бойынша зерттелді. Сондықтан, әлі де соттың тәртібін қалай анықтайтынын күтеміз. Өлім оқиғасы және барлық алаяқтық эпизод қаралды. Енді қылмыстық істің материалдарын зерттеу кезеңі басталады. Бұдан кейін пікірталасқа өтеміз. Менің ойымша, алдын ала тергеу мұқият және жақсы жүргізілді. Айыпталушылардың кінәсі дәлелденеді. Бірақ бәрі соттың кеңес бөлмесінде шешіледі", – деді Оксана Буряк.

Фото: Stan.kz / Жәбірленушінің адвокаты Оксана Буряк, айыпкер Ирина Гаппарова, жәбірленуші Элеонора

"Өлтіріп, бөтен адамның атымен жерлеген"

Өкінішке қарай, қылмыстық топтың ең қатыгез әрекеттерінің бірі – психиатриялық мекеменің пациенті Эдуард Ракты өлтіріп, оны бөтен адамның атымен жерлеуі болды. Бұл схема бойынша қылмыстық топ адамды психиатриялық ауруханаға заңсыз орналастырып, кейін оның мүлкін нотариустар арқылы өз аттарына рәсімдеп, ақырында құрбанды өлтірген.

Бұл істе бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен дәрігерлердің де қатысы бары анықталды. Жауапкерлердің арасында Алматыдағы Каблуков (қазіргі Кекілбаев) көшесіндегі Психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Ұразаева да бар. Тыңдалым барысында орталықтың бұрынғы пациенті Эдуард Рак өлтіріліп, бөтен адамның атымен жерленгені анықталды. Отырыста ер адамды психиатриялық ауруханадан ұрлап, нотариус арқылы оның мүлкін басқаруға сенімхат рәсімдеген соң, басқа психиатриялық мекемеге жатқызып, заңсыз ұстағаны айтылды. Бұдан кейінгі оқиғалар одан да сұмдық. Күдіктілер жәбірленушіні қала сыртындағы саяжайға апарып, өлтіріп, бөтен адамның атымен жерлеген. Ер адамның мүлкі сатылып, түскен табыс қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген.

"Іс 3 жыл 5 айға созылды"

Редакция тілшісі 3 жыл, 5 айдан аса созылған сот отырыстарының басым бөлігіне қатысып келеді. Тыңдауда айтылған куәгерлердің мәлімдемелеріне сүйене отырып, қылмыстық топтың құрылымы мен олардың әрекет ету механизмін сызбамен көрсетуді жөн көрдік.

Фото: Stan.kz

Айыптау актісіне сәйкес, 2022 жылдың қысында қылмыстық топтың ұйымдастырушылары ретінде айыпталған Гаппарова, Болтабоев пен Сатаев Алматыдағы сихикалық денсаулық орталығының ерлер бөліміне жауапты Ұразаевадан науқас Эдуард Рак туралы ақпарат алады.

Айта кетейік, Эдуард Рак №3 бөлімде "Органикалық сандырақты (шизофрения тәрізді) бұзылыс, айқын интеллектуалды-мнестикалық төмендеу және ауыр тұлғалық өзгерістер (F06.2)" диагнозымен емделіп жатқан. Алайда қылмыскерлерді оның диагнозы емес, оның Алматыдағы екі пәтері қызықтырған: Ақсай-2 шағын ауданында және 8-шағын ауданда.

Сартбаев есімді жекеменшік нотариус арқылы ер адамның жылжымайтын мүліктің заңды иесі екенін тексеріп, Гаппароваға растаған. Осыдан кейін айыпталушылар іске кірісті. Бөлім меңгерушісі Ұразаева ер адамның ауруханадан шығарылғаны туралы құжат рәсімдеп, оны Гаппарова мен өзінің күйеуіне тапсырады. Тергеу барысында Гаппарованың Ұразаевтар отбасы мүшелерімен бұрыннан таныс екені, тіпті Ұразаевамен дос болғаны анықталды. Ал оның күйеуін жүргізуші немесе курьер ретінде жиі пайдаланған. Жәбірленушіні алдымен Алматы-1 вокзалы маңындағы жалдамалы пәтерге, ертеңінде ноториус Сартбаевқа апарып, Деркачев есімді тұлғаға сенімхат рәсімдеткізген.

Бұдан кейін науқас Эдуард Ракты Талғардағы "Медико" әлеуметтік оңалту және психотерапия орталығына жіберуді шешкен. Ұразаева бұл туралы Талғардағы аурухананың бөлім меңгерушісі Ешмұратовамен алдын ала келіскен. Себебі заң бойынша оны бірден қайта ауруханаға жатқыза алмайды. Гаппарова науқасты ауруханада ұстау үшін Ұразаеваға 3 миллион теңге уәде еткен, ал Ешмұратоваға ай сайын 40 мың теңге төлеп тұрған.

Осы аралықта Гаппарованың танысы, Бауыржан есімді риэлтор Рактың бірінші пәтерін сатқан. Ал екінші пәтерді Сатаев арқылы Асанбаева есімді риэлтор сатқан. Тергеу мәліметінше, Асанбаева қылмыстық топтың құрбандарының мүліктерін сату бойынша кемінде 7 заңсыз мәмілеге қатысқан. 2022 жылғы 29 маусымда Ұразаева Гаппароваға Ракты Талғардағы орталықта ары қарай ұстау мүмкін емес екенін хабарлады. Осыдан кейін Гапарова бұл ақпаратты Болтабоеваға жеткізді. 

"Меңгерушінің күйеуін адам өлтіруге үгіттеген"

Сол уақытта Болтабоевтың Алматы маңындағы саяжайында қылмыстық топ психиатриялық аурухананың екі бұрынғы пациентін – Смирнова мен Бурмистрованы заңсыз қамауда ұстап отырған. Олармен Гаппарова мен Болтабоеваға таныс Татьяна Грушина айналысқан. Алайда, Грушина Ракты бақылаудан бас тартқан, себебі ер адамның агрессияға бейім болған.

Айыптау нұсқасына сәйкес Гаппарова, Болтабоев және Сатаев науқас Эдуард Ракты өлтіру туралы шешім қабылдап, бөлім меңгерушісінің күйеуін орындаушы етіп тағайындаған. Ұразаеваның күйеуі мен Гаппарова науқасты Талғардан алып кетіп, Болтабоевтың саяжайына апарды. Болтабоев бұған дейін Грушинаны Смирнова мен Бурмистровамен бірге ол жерден шығарып жіберген. Содан кейін жәбірленушіге "Азалептол" психотроптық препараты егілді, ер адам ес-түссіз ұйықтап қалған. 30 маусымнан 1 шілдеге қараған түні Ұразаеваның күйеуі Эдуард Ракты тұншықтырып өлтірген.

Наталья Цой – жерлеу агенттігінің иесі. Бұған дейін Гаппарованың нағашы әпкесі Эмилия Долгованы жерлеуге көмектескен. Кейін эксгумация кезінде Долгованың тұншықтырылып өлтірілгені анықталса да, сот-медициналық сарапшы Виталий Колесников оны созылмалы аурудан қайтыс болған деп жариялады.

Фото: Stan.kz / Жерлеу агенттігінің директоры

"Мүрдені президент іс басқармасының медициналық орталығындағы мәйітханаға жеткізген"

Цой екі ер адаммен бірге мәйітті президент іс басқармасының медициналық орталығындағы мәйітханаға жеткізіп, уақытша сақтау үшін қалдырды. Осы уақытта Колесников мәйітті қарамай, тек Цойдың сөзі мен WhatsApp арқылы келген белгісіз құжатқа сүйене отырып, жалған өлім туралы анықтама рәсімдеді. Сотта Эдуард Рактың өлімі сәтін нақты көрген куәгерлер жоқ, алайда оның денесінің тағдыры туралы көптеген мәліметтер айтылды. Куәгерлердің кейбірі Совмин ауруханасының мәйітханасына дененің жеткізілгенін растаса, енді біреулері мұны жоққа шығарды.

  • Куәгерлердің мәлімдемелері: Сотта Эдуард Рактың өлімі сәтін ешкім нақты көрмеген. Камашев Наталья Цой бұйрығымен Рактың денесін саяжайдан алып, Совмин ауруханасының мәйітханасына жеткізгенін айтты. Ол мәйітханаға кіру рұқсатын бақылаушыға бергенін мәлімдеді.
  • Мәйітхананың жауабы: Аурухананың меңгерушісі Дайырбекова және басқа қызметкерлер журналдарда Рак немесе Арестов деген есімдердің болмағанын, сондықтан мәйітті қабылдамағанын айтты.
  • Сот-медициналық сараптама: Эксгумация кезінде науқас Эдуард Рактың денесінде тірі кезінде алынған жарақаттар анықталды. Сарапшы Михаил Ломакин бұл жарақаттардың тұншықтыру кезінде пайда болғанын және "Эритроциттердің" бар болуы тірі кезінде алынған жарақат екенін дәлелдеді.
  • Жалған өлім анықтамасы: Сот-медициналық сарапшы Виталий Колесников түнгі сағат 01:00-де Наталья Цойдан алған ауызша мәлімет негізінде Рактың өлімі табиғи себептерден болған деп, жалған анықтама рәсімдегенін мойындады.

Оның айтуынша, Түрксіб аудандық полициясының бұрынғы полковнигі Деркачев Болтабоевқа өзінің Каблуков көшесіндегі психиатриялық ауруханада жатқан туысқаны (Рак) бар екенін айтқан. Бұл туысқанына пәтерін сатып, үй алуына көмектесу керек болған. Осылайша Рактың екі пәтеріне Деркачевтің атына сенімхат рәсімделді.

Бұдан бөлек қылмыстық топ мүшелері психиатриялық орталықтың емделушісі Андрей Калитаның да пәтерлеріне қатысты алаяқтық жасаған. Бұл науқас аман қалғанымен, баспанасынан айырылды. Қазір ер адам "Демеу" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатыр.

Кімдер кінәсін мойындады?

Дегенмен сот отырысында айыпталушылар тек алаяқтық іске қатысы барын мойындады. Алайда ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше екенін мойындаудан бас тартты. Бұдан бөлек тыңдалым кезінде бас ұйымдастырушы Гаппарованың қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем қызметін шақырды. Осы кезде психиатриялық орталықтың бұрынғы бөлім меңгерушісі Ұразаеваның да қан қысымы көтеріліп кетті. 

Сонымен қатар сотта такси жүргізушісі ретінше қызмет атқарған Гасанов пен бұрынғы сот-медициналық сарапшысы Колесников жалған құжаттарды жасағанын мойындады. Колесниковқа Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша кінә тағылды. Айта кетейік, судьяның қорытынды шешімі алдағы уақытты шығатынын ескертеміз. Бұған қоса, Татьяна Грушинаның Смирнова мен Бурмистроваға көмекші ретінде жұмыс істегені айтылды. Бірақ Грушина есінде ешнәрсе қалмағанын, бұл іске қатысы жоқ екенін айтып, басын ала қашты. Ал басты күдіктілердің бірі Болтабоев тек Гаппарованың “шабарманы” болып жұмыс істегенін “Алаяқтық” іске қатысы бар екенін жасырмады. Болтабоевтың айтуынша, оның қылмыстық топқа түк қатысы жоқ.

Ал ревизор ретінде айыпталған әйел соттылығына қарамастан, “рукоприкладчик” (басқа адамның орнына қол қойып, құжаттарға заңсыз келісім берген) болуға келісім берген. Әйел бұл ісі үшін бастапқыда 500 мың теңге, кейін 300 теңге алған. 

Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 262 бабына “Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу” сәйкес кінәсін мойындаған жағдайда жауаптылығының ауырлығына жаза тағайындалады:

  • Ұйымдасқан топты/қылмыстық ұйымды құру немесе оған басшылық ету – 7-12 жылға бас бостандығынан айыру;
  • Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу – 5-10 жылға бас бостандығынан айыру.
  • Қызмет бабын пайдалана отырып жасалған әрекеттер – 8-13 жылға бас бостандығынан айыру.

Егер адам өз еркімен қатысуды тоқтатып, топтың қылмыстарын ашуға немесе жолын кесуге ықпал етсе (басқа қылмыс құрамы болмаса), ол жауаптылықтан босатылады. Осы ретте мемлекеттік айыптаушы іс Қылмыстық кодекстегі 12 бап бойынша қаралғанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін ұйымдасқан қылмыстық топ өздерінің "қолдан жасалған" нотариустарын пайдалана отырып, дүние-мүлкін әлдекімдердің атына тіркегенін жаздық. Осылайша олардың ізін жасырып, қылмыстық әрекеттерін заңдастырған. Бұл оларға құқық қорғау органдарының күдігін тудырмай, жылжымайтын мүлікті бақылауға алып, билік етуге мүмкіндік беріп отырды. Қылмыстық топқа 22 адам кірген: дәрігерлер, нотариустар және бұрын сотты болғандар. Дәрігерлер ұрлықты жүзеге асыру үшін кәсіби білімі мен пациенттердің қолжетімді болып тұрғанын пайдаланған. Ал нотариустар заңды қорғауды қамтамасыз еткен. Сөйтіп бұрын іс болғандар мәжбүрлеуші ретінде әрекет етіп, жәбірленушілерді физикалық түрде ұстап, қажетсіз куәгерлердің көзін құртып отырған. Топтың қылмыстық әрекеттері тек мүлікті ұрлаумен шектелген жоқ. Қылмыстық әрекеттері барысында олар расталған екі кісі өлтіру қылмысын жасады. Бұл кісі өлтірулер іздерді жасыруға және ықтимал куәгерлерді қорқытуға бағытталған.

Талқылау