Қазақстанда 10 жыл бойы тұрып келген нидерландық азамат үш баласына қазақша есім берді
Натан Виссер Қазақстандағы арбаға таңылған балалардың барлығын аяққа тұрғызсам деп армандайды. Эрготерапевт кезінде біздің елде 10 жыл тұрып, біраз балаға көмектескен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақстан" ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Қазақтың жанын түсіну үшін, алдымен оның ана тілін үйрену керек деген ол қазақша мақалдатып сөйлегенде сіз бен бізді шаң қаптырады.
Натан Қазақстанға алғаш турист ретінде 2005 жылы сапарлаған, табиғаты сұлу, халқы қонақжай елді бірден ұнатып, бір жылдан соң көшіп барған. Голландияда алған эрготерапевт дипломымен ауылға тарттым дейді өзі.
Эрготерапевт - мүгедектердің әлеуметтік, тұрмыстық, функционалдық жұмысын және моторикасын қалпына келтіретін маман.
"2006 жылы волонтерлар ұйымының директоры: "Алматыда тұрсаң, қазақтың нағыз мәдениетін, тілін үйренбейсің, бірақ егер сен ауылға барсаң, мүмкіндік бар", деді маған. Ол дұрыс деп ойладым. Балалармен жұмыс істегім келді, ал ол үшін сен тілді білу керексің, олардың ойын білу керексің",- дейді Натан.
Алматы облысының Көктал ауылында өкіл шешесі Әлима мен әкесі Беріктің отбасында тұрып, Натан қазақша үйренген. Арбаға таңылған қазақ балаларын емдеумен айналысқан.
9 жастағы Айтқұрманның алғаш аяққа тұрып, мектепке бара жатқан қуанышты сәті жазылған бейнежазбаны ол жиі көреді. Сол Айтқұрман қазір 21 жаста. Жоғарғы білім алып, ерінбей еңбек етіп жүр.
"Натан ағаның көмегінің себебімен, табанымды толық басатын болдым.Сосын ол кісі маған ең соңғы үлгідегі ходунок сыйлады. Менің ойымша, Натан ағаның жаттығу жасау тәсілдері көп балаларға көмектеседі", - дейді Айтқұрман Шалтан.
Натан Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балғындарға көмектесіп жүріп, болашақ жары Эйвилинді кездестірді. Ол да эрготерапевт. Қалың малын төлеп, тойды қазақтың салты бойынша Алматыда жасаған. Қазақтың құрметіне үш баласының атын: Берік, Аяна, Сәуле деп қойған.
Натан Қазақстанда тұрған он жылда мыңдаған мүгедек баланың жүріп кетуіне күш салды. Эйвилин екеуі олардың әр қадамына қуанып, ғаламтор арқылы күнделікті жағдайын әлі күнге дейін біліп отырады.
"Арманым Қазақстандағы балаларға ары қарай көмектесу. Мүгедектерге дұрыстап көмектескім келеді. Біз ешқашан Қазақстанды ұмытпаймыз. Әрқашан жүрегімізде, есімізде қалады. Ол естеліктер ешқайда кетпейді", - дейді ол.
"Біз нағыз қазақпыз", деген Натан мен Эйвилин, үйіне келген меймандарға да қазақтың қонақжайлылығын паш етеді. Қазақстанды сағынғанда, қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, естелік суреттер көріп, сағынышымызды басамыз дейді қос дәрігер.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
