"Нацист, фашист": Алматыда қазақша мәзір талап еткен ер адамды қорлаған "Братский шашлык" кафесі сынға ұшырады
Фото: Stan.kz
Күні кеше Алматыдағы "Братский шашлык" кафесінде қазақша мәзір сұраған тұтынушыға 2GIS қосымшасында мекеме өкілі "Нацист", "фашист" деп пікір қалдырған. Артынша пікірін өшіріп, ер адамды бұғаттап тастаған. Кафе мемлекеттік тілде жауап беруге міндетті емес екенін ашық мәлімдеген. Желі қолданушылары дәмханаға бойкот жариялап, қазақша мәзірді талап ету заңды құқықтары екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Досғали Әміров 2GIS қосымшасында "Братский шашлык" кафесінен қазақша мәзір сұрап, пікір қалдырған.
"14 мамырда Алматыда Ақбақай көшесі 2/Садуақасов көшесі 120 қиылысында орналасқан "Братский шашлык" деген кафеде түскі ас іштік. Мәзір қазақша болмады. Артынан 2GIS картасында өз пікірімді қалдырған едім. Кафенің жауабына өздеріңіз баға беріңіздер. Артынан өшіріп тастапты", – деп түсіндірді Досғали Әміров.
Кафе ер адамға "Сен бәрін түсініп тұрсың ғой, неге ақымақ кейпін танытып тұрсың? Нацист, фашист. Егер пікірді өшірмесеңдер, қонақтарды күтіңдер!" деп жауап берген.
Фото: Досғали Әміровтің парақшасынан
Кафе "Сәлеметсіз бе, біз сіздің тіліңізде жауап беруге міндеттіміз бе, әлде мемлекетімізде ондай заң бар ма?" деп пікір қалдырған. Бұл пайдаланушы да енді полицияға арыз жазуды ойлап отыр.
Тағы бір қолданушы бұл жағдайға қосылып, қазақ тілінде пікір қалдырсаң, 2GIS пікірді модерациядан өткізбейтінін, әрі олардың қай кафе мен мейрамханаға барғаның туралы ақпаратты салық органдарына бере алатынын айтып, 2GIS-ті пайдаланбауға кеңес берген.
Бұдан бөлек, кафе TikTok парақшасында мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін еліміздегі қос тілдің қолданысына қатысты мәлімдемесінің видеосын шығарған. Алайда біраз уақыттан кейін өшіріп тастаған. Бұған дейін 24 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде тіл мәселесін саясиландырып, қоғамда алауыздық туғызуға тырысқандар заң жүзінде жазаланатынын ескертті. Ол қазір түлектердің 80%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырып, алғаш мектепке баратын балалардың 70%-дан астамы қазақ тілінде білім алатынын айтты. Сонымен қатар ешкімді белгілі бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын атап өтті.
Фото: batyr_a77 парақшасынан
Артынша "Братский шашлык" кафесі ресми парақшасында қонақтардан кешірім сұрап, әрқашан қазақ тіліне құрметпен қарайтынын жеткізді.
"Құрметті Қонақтар! Келтірілген қолайсыздықтар үшін шын көңілмен кешірім сұраймыз. Сонымен қатар біздің атымыздан кім жауап беріп жатқанын білмегенімізді атап өткіміз келеді. Дегенмен сенгендеріңізді қалаймыз. Бұл жағдай біздің ұстанымымызға және құндылықтарымызға мүлде сай келмейді. Біз қазақ тіліне үлкен құрметпен қараймыз және оны жоғары бағалаймыз. Барша қазақ халқынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Біз Қазақстанды, қазақ тілін және халқымыздың дәстүрлерін шын жүректен жақсы көреміз әрі ерекше қадірлейміз. Қызметкерлер арасындағы болған түсінбеушілікке байланысты тиісті шаралар қолданылып, аталған қызметкер жұмыстан босатылды. Тағы да шын жүректен кешірім сұрай отырып, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз", – деп жауап берді "Братский шашлык" кафесі.
Айта кетейік, "Тілдер туралы" заңға сәйкес, (4-бап) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Ол қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде қызмет көрсету саласында да қолданылады. Ал 21-бап бойынша тұтынушыларға арналған ақпарат (мысалы, мәзір, жарнама, баға белгілері және т.б.) мемлекеттік тілде ұсынылуға тиіс. Қажет болған жағдайда бұл ақпарат орыс және басқа да тілдерге аударылып берілуі мүмкін.

"Омырқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
