"Мұрным ашық болды": Алматы тұрғыны бетперде тақса да айыппұл төлейтінін айтып шағымданды
Алматы тұрғыны құрылыс дүкеніне барып, 83 мың теңге айыппұл арқалап қайтты. Азамат бірнеше рет пайдалануға болатын маска таққаны үшін осындай жауапқа тартылған. Бұған шамданған ер адам бейнеүндеу жариялады. Ал денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері болса, бетперде тақпаған жандарға бірнеше рет ескерту жасалғаннан кейін ғана жаза қолданылатынын айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен талап еткендей маскамен кірдім. Бетперде сәл төмен түсіп тұрды, мұрным ашық болды. Маған 83 мың теңге айыппұл салынды. Санитарлық ереже - 30 АЕК", - деді бейнеүндеу авторы.
Құрылыс дүкенін барып, қомақты айыппұл арқалап шыққан азамат мән-жайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Видео авторы көп рет тағуға болатын бетперде кигені үшін осындай жағдайға тап болғанын айтады. Алайда мониторнингтік топ өкілдері масканы дұрыс тағпағаны үшін осылай істеуге мәжбүр болдық депті. Қала тұрғындары бетпердені дұрыс тақпадың деп айыппұл салғанға келіспейді. Талап баршаға ортақ болғанымен, оны жоғары-төмен, немесе жартылай тақтың деп жауапқа тартқан жөнсіз, қарапайым халықтың да жағдайы мен мүмкіндігін де ескеру керек деген пікірде.
"Дұрыс емес деп ойлаймын. Әркімнің өз қақысы бар ғой. Таға ма, тақпай ма? Кім сақтанамын дейді, сақтанады. Сондай көзқарасым"; "Қойылатын айыппұл өте көп деп ойлаймын. Өйткені менің басымнан да өткен. Аптекаға сол маска алу үшін келген кезімізде бізді мысалы үшін кіргізбейді. Біз маска алу үшін кіре алмасақ, қайдан аламыз деген сұрақ туындайды да. Сол мезетте мәселен айыппұл қойса ол орынсыз"; "Кейбіреулердің зарплаталары 83 мың теңгеге де жетпейді ғой. Егер де ол бір масканы дұрыс таұпағаны үшін 83 мың болатын болса тамағына, жолына, не қалады. Сол жағын да ойластыру керек қой. Оны мысалы жеке кәсіпкер, басқаларға болатын болса, олардың қалталары көтереді. Ал қарапайым халық ше? Оны кім ойлап жатыр?".
Құрылыс дүкенінде болған жағдайға қатысты денсаулық сақтау министрлігінің өкілі пікір білдірді. Сала басшысының бұйрығына сәйкес, барша азаматтар карантин уақытында бір рет пайдаланатын бетперде киюі керек екен. Көп реттік маскаларға да тыйым салынбаған. Тек ол матадан тігілуі тиіс.
"Негізі азаматтың бетпердесі жоқ болса, оған мониторингтік топтың адамдары ескерту жасаулары керек. Егер ұмытып кетсе, ескерту жасалады. Егер қолында бола тұра оған ұсынған бетпердені кигісі келмесе тек қана сол кезде ғана айыппұл салынады", - деді ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Ал заңгерлер көп реттік маска үшін немесе бетпердені дұрыс тақпадың деп жауапқа тартуды асырасілтеушілікке балап отыр. Осы мәселеге қатысты мониторингтік топ өкілдері жауап алу мүмкін болмады.
Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің баспасөз қызметіндегілер көп реттік бетперде киюге тыйым салынбағанын жеткізді. Кез-келген азамат өзіне қолайлысын таңдауға құқылы екен. Дегенмен, мекеменің баспасөз хактшысы Кенжегүл Қонысбаева айыппұл орынды салынды дейді. Өйткені, оны тамақтың астына немесе мұрынды ашып тағуға болмайды екен.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
