Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұражайға айналдыру керек": Алтынбек Қоразбаев "Қара кемпірдің" үйін көрсетті

ҚР халық әртісі, сазгер Алтынбек Қоразбаев жыр-термелеріне арқау болған кейіпкерінің шаңырағын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/altynbek.korazbaev/

Өнер иесі – халыққа кеңінен танылған “Қара кемпір”, “Қара шал”, “Қара пима” толғауларының авторы әрі орындаушысы.

“Қара кемпір апамыздың шаңырағы опырылып ортасына түсіп тұр. Қараусыз қалғаны жанға батады. Жергілікті биліктің жігіттері тарихтың таңбасының сыртын қоршап музейге айналдыратынына шығар күндей сенемін”, – деп жазды мәдениет қайраткері. 



Айта кетейік, сазгердің туындысына арқау болған кейіпкер өмірде болған. Соғыс жылдарында өмір сүргенін ақынның өзі үнемі айтып жүреді. 

“Қали ана қырғыздың қызы еді. Қазаққа тиді. Шалы ерте қайтыс болып кетті. Қос құлыншағы Жексенқұл мен Қосшығұлды 18-19 жасында майданға аттандырды. Күтті. Арада бес-алты ай уақыт өткен соң, "қос ұлыңыз қаза тапты" деген қара қағаз келді. Оны естіген Қали әжеміз жынданып кетті. Бірақ ешкімге зияны жоқ адам еді. Мен ол кісінің талай рет қойын бақтым. Бір аяғына пима, екінші аяғына галош киіп, 10-15 малын алдына салып, ауылдың сыртына кетіп қалатын. Ауыл азаматтары асар жасап, саманнан екі бөлмелі үй салып берді. Бір бөлмесінде ешкі-қойы, екінші бөлмесінде өзі ұйықтайтын. Қос ұлына арнап, жүн-жүннің арасына, киіздің астына ақша тыға берген. Облигациялар, заимдар, оның бәрі кейін ешкімге керек болмай қалды ғой. Тіпті бірде ауыл сыртына тікұшақ қонғанда, "барып сұраңдаршы, менің қос ұлымды көрді ме екен?" деген көрінеді. Кемпірдің сырын білетін жұрт: "Иә, балаларыңызды көріпті. Олар аспанда ұшып жүр екен" деп ұшқыштардың хабарын қара кемпірге жеткізген. "Айттым ғой, Жексенқұл мен Қосшығұлым тірі. Олар әлі келеді". Бұл – Қызылсайдың бүкіл жұртына  мәлім оқиға. Қали әжеміздің тағдыры ешқашан менің есімнен шыққан емес, – деген еді композитор кезекті бір сұхбатында. 

Еске салайық, бұған дейін Алтынбек Қоразбаев "Қара шал" толғауының шығу тарихын айтып берген еді. 

 

Талқылау