"Басқа елде бұл ақшаға заманауи технологиялық кәсіпорын салады": Қоғам белсендісі Алматы облысында 185 миллиард теңгеге қоқыс өңдейтін зауыт бой көтеретінін айтты (видео)
2025 жылы Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін техно-экопарк іске қосылмақ. Қоғам белсендісі Санжар Боқаев жаңадан бой көтеретін нысанға бөлінетін қаржының жалпы көлемін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қоғам белсендісінің сөзінше, әәсіпорын қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысады. Аталған нысанға үш жылға бөлінген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 185 миллиард теңге дейді. Боқаев қомақты қаржы бөлінетін зауытты шетелдік компаниялармен салыстырып көрді.
"Қарапайым қоқыс шығаратын зауыт үшін 400 миллион доллар, елестетіп көріңізші. Мәселен, тайваньдық компания 400 миллион долларға жоғары технологиялық чиптер шығаратын зауыт құрды. Дәл осы сомаға “Ford” компаниясы Кентукки деп аталатын электромобильді шығаратын толық циклді зауыт салды. Сондай-ақ зауытта 260 жаңа жұмыс орнын ашты", – деді Боқаев.
@sanzhar_bokayev В Казахстане построят один завод по цене десяти. #Алматыоблысы #мусор #маратсултангазиев #бокаевсанжар #Антикор #прокуратурарк ♬ оригинальный звук - Санжар Бокаев
Санжар Боқаевтың сөзінше, Алматы облысында салынатын жаңа зауыт 70-ке жуық жаңа жұмыс орнын ашпақ.
"300 миллион доллардан әлдеқайда аз ақшаға тайвандық General Motors компаниясы қозғалтқыштар шығаратын зауыт салды. Біздің елде бұл сомаға қоқыс өңдейтін зауыт салу, ақылға сыймайтын дүние. Ең көп дегенде бұл зауыттың құны 18 миллиард теңге болады. Тек 185 миллиард теңге емес", – деді ол.
Фото: Видеодан скрин
Сондай-ақ ол бұған дейін дәл осындай зауыт салынғанын айтты.
"Бұған дейін Қазақстанда Әлия Назарбаеваға тиесілі, қоқыс өңдейтін 180 миллиард теңгелік зауыт болды. Мұнда үш зауыт салынады деген, бірақ бір ғана зауыт салынды. Оның өзінде қоқысты өңдеу тиімсіз болды”, – деді Боқаев.
Қоғам белсендісі, қоқыс өңдеу зауытының қауіпті екенін дәлелдейтін тұжырым ұсынды. Зерттеушілердің сөзінше, қоқыс өңдейтін зауыт адам денсаулығына әсер етіп, қатерлі ісік ауруын тудырады.
“Онкологтар улы элементтердің жоғары концентрациясы бар аймақтарда тұратын және жұмыс істейтін адамдарға әсер ететін қатерлі ісік деңгейі арасындағы байланысты растады”, – деді Боқаев.
Боқаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен осы жобалық құжаттарды алып, тексеру жүргізуді ұсынды.
Ал Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, "Жетісу" телеарнасының Алматы облысы Іле ауданындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге арналған заманауи техно-экопарк құрылысына арналған сюжеттегі ақпараттар шындыққа жанаспайды.
“Жобаның іске қосылуы туралы сюжетте инвестиция көлеміне қатысты қате ақпараттар айтылды. Эфирде 185 миллиард теңге бөлінгені айтылса, ресми деректер 32 миллиард теңге инвестиция көлемін растайды. 185 миллиард теңге болатын қаражат тек "ADC TAZA A'LEM" биогазынан электр энергиясын өндіретін тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша зауыт, техно-экопарк салу жобасына ғана қарастырылған жоқ. Аталған сома қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын қамтитын барлық 94 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға арналған. Ал "ADC TAZA A'LEM" зауыты жобасының жалпы сомасы – 32,6 миллиард теңге. Оның 24,3 миллиард теңгесі қарыз ақшасы және 8,3 миллиард теңге өз қаражаты”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев кәдеге жарату төлеміне қарсы өтініштің авторы Санжар Боқаевтың оны қарау жөніндегі кеңеске қатысудан бас тартуы туралы айтқанын жазған едік.