Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
Фото: Unsplash.com
Алтын Қазақстанда былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бір жылда 74,86% қымбаттап, тарихи көрсеткішке жетті. Бүгінде 1 грамм алтынның теңгедегі құны 74 мың теңгеден асып тұр. Ал былтыр дәл осы уақытта ол 41-42 мың теңге болған. Ал 1 унция алтынның бағасы доллармен 4050 доллардан асып тұр. Бағалы металдың сонша қымбаттағанына қандай факторлар әсер етіп отыр? Дәл қазір алтынды алған тиімді ме әлде күту керек пе? Stan.kz ақпарат агенттігі қаржы маманынан сұрады.
Қаржыгер Қуанышбек Дүйсеновтің сөзінше, алтынның дәл бұлай қымбаттауына ең әуелі жаһандық қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық әсер етіп отыр. Дәл осы жайт инвесторларды алтын сияқты "қауіпсіз активтерге" ауысуға итермелейтін көрінеді.
"Кейінгі уақытта алтынның қымбаттауының негізгі себептердің бірі – жаһандық қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық. Әлемдік экономиканың баяулауы, инфляцияның жоғары болуы және ірі орталық банктердің пайыздық мөлшерлемелерді жиі өзгертуі инвесторларды "қауіпсіз активтерге" көшуге итермеледі. Ал қауіпсіз активтің ең дәстүрлі түрі алтын екені көпшілікке мәлім. Сонымен қатар АҚШ долларының әлсіреуі мен геосаяси шиеленістердің ушығуы алтынға деген сұранысты арттырды. Бұған қоса, кейінгі айларда Қытай мен Үндістанның орталық банктері өз резервтерін кеңейту мақсатында алтын сатып алуды күшейтті. Нәтижесінде, нарықтағы алтын бағасы бір жылда шамамен 78% өсті", – дейді маман.
Қаржыгер сонымен қатар алтын бағасына әсер ететін факторларды атады:
- АҚШ долларының индексі, яғни, доллар әлсіреген сайын алтын қымбаттайды.
- Пайыздық мөлшерлемелер төмен болса, алтынға сұраныс артады.
- Инфляция деңгейі. Инфляция жоғарылаған сайын, алтын инфляциядан қорғану құралы ретінде сұранысқа ие болады.
- Геосаяси тұрақсыздық – соғыс, санкциялар, саяси дағдарыстар алтынды "қауіпсіз айлаққа" айналдырады.
- Көп мемлекеттің орталық банктерді сатып алу көлемі. Кейінгі екі жылда бұл фактор ерекше рөл атқарып отыр.
Маман алтын бағасының өсуі мен қор нарығындағы дағдарыстар арасында байланыс бар ма деген сұрағымызға да жауап берді. Қуанышбек Дүйсеновтің сөзінше, тарихи тұрғыда қор нарығы құлдыраған кезде алтынға сұраныс артады.
"Иә, тікелей байланыс бар. Тарихи тұрғыда қор нарығы құлдыраған кезде, инвесторлар алтынға бет бұрады. Себебі акциялар мен облигациялар табыстылығы төмендеген сәтте алтын бағасы керісінше өседі. Бұл құбылысты 2008 жылғы қаржы дағдарысы мен 2020 жылғы пандемия кезінде айқын байқадық. Қазір де ұқсас үрдіс байқалып отыр: әлемдік қор нарықтарында құбылмалылық артқан сайын, алтын бағасы рекорд деңгейіне жақындап жатыр", – дейді экономист.
Алтынның қымбаттауы ел экономикасына қалай әсер етеді?
Тағы айта кететін жайт, алтын бағасының өсуі – Қазақстан сияқты алтын өндіру саласы дамыған ел үшін жағымды фактор. Мұны қаржыгер түсіндіріп берді.
"Бір жағынан, алтынның қымбаттауы – Қазақстан үшін жағымды фактор. Себебі елде алтын өндіру саласы дамыған және экспорт құрылымында алтын маңызды орын алады. Қымбаттағаны экспорттан түсетін табысты арттырады. Екінші жағынан, ішкі нарықта бұл құбылыс зергерлік бұйымдар және алтынмен қамтамасыз етілген қаржы құралдарының қымбаттауына алып келеді. Сонымен қатар халық инвестициясын алтынға бұрған сайын, теңгемен депозиттер мен басқа да қаржы активтеріне сұраныс төмендеуі ықтимал", – деп болжады ол.
Қазір алтынды инвестиция ретінде сатып алу тиімді ме, әлде күткен дұрыс па?
Алтын қымбаттағанда кейбірі жапатармағай сатып алуға ұмытылып жатады. Ал қаржыгер ұзақ мерзімді инвестиция тұрғысынан қарасақ, алтын үнемі өзекті дейді. Дегенмен сатып алғанда кезең-кезеңімен алуға кеңес берді.
"Қазір алтын тарихи максимумдарға өте жақын тұр. Сондықтан қысқа мерзімді инвестиция үшін тәуекел жоғары. Бірақ ұзақ мерзімді (3–5 жылдық) инвестиция тұрғысынан қарасақ, алтын портфельді әртараптандыру құралы ретінде өзекті болып қала береді. Егер әлемдік экономикадағы белгісіздік жалғаса берсе, алтын бағасы әлі де өсу әлеуетін сақтайды. Дегенмен бағаның қысқа мерзімді төмендеу кезеңдері болуы мүмкін. Сондықтан сатып алу сәтін кезең-кезеңімен таңдаған дұрыс. Дұрыс кезеңдеп таңдау – алтынды бірден түгел бар ақшаңызға емес, аз-аздан бөліп, әртүрлі уақытта сатып алу. Мысалы, қолыңызда 1 млн теңге болса, ай сайын 200 000 теңгеден алып отыруға болады. Мұндайда баға өссе де, түссе де, орташа тиімді баға шығып, тәуекел азаяды", – деп кеңес етті қаржыгер Қуанышбек Дүйсенов.
Келесі жылы да алтын қымбаттай бере ме?
Маманның айтуынша, келесі жылы алтын бағасы АҚШ федералдық резерв жүйесінің ақша-несие саясатына және геосаяси жағдайларға тәуелді болады. Егер федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені төмендетсе, алтын тағы да қымбаттауы ықтимал. Яғни, өсу үрдісі жалғасуы мүмкін, бірақ өсу қарқыны баяулайтын кезеңдер болады.
"Ұлттық банк көрсеткішін есептеп едім, 4500 долларға жетуі – қазіргі ең оптимистік баға өсімі. Себебі 11 қыркүйек пен 22 қазан аралығында алтын бағасы Ұлттық банк көрсеткіші бойынша, 62 683 теңгеден 74 024 теңгеге өсіп, бір айда шамамен 18% өскен. Сәйкесінше, егер инфляция мен алтынға сұраныс қазіргі бағытта сақталса, пессимистік болжам ретінде 2026 жылдың қазан айында 1 грамм алтын шамамен 90 000 немесе 100 000 теңге болуы ықтимал. Бұл жағдайда 1 унция алтынның құны шамамен 5 200 немесе 5 700 доллар көлемінде болуы ғажап емес. Бірақ бұл арада өзгерістер туындауы мүмкін екенін жоққа шығармауымыз керек", – деп болжады маман.
"Үлкен дағдарыстың белгісі болуы да мүмкін"
Экономист Мақсат Халық та әріптесінің сөзімен келісіп отыр. Маман геосаяси жағдайлар мен қор нарығындағы құбылмалы сәттер инвесторларды түрлі қауіптен сақтану мақсатында алтынды көбірек сатып алуға бел байлатып отыр деп есептейді. Ол алтын сатып алған азаматтар үшін қуанатынын жеткізді.
"Экономист сарапшы ретінде мен әрине, бір жағынан алтын алып қойған азаматтар үшін жақсы шешім болған дер едім. Қаражаты барлар болса алдағы уақытта тек депозиттерде ұстамай, акция мен облигациядан бөлек, алтын сатып алып қойған жөн деп есептеймін. Өйткені алтын – қаншама ғасырлар, жылдар бойы өзінің тұрақтылығын, бағасы көп жағдайда өсім көрсететінін, төмендеп жатса, күрт төмендемейтінін айқындаған нағыз сары түсті қазына. Сондықтан қазір бір жағынан алтынның өсіп отырғаны әрине жақсы. Қазақстан алтын шығаратын ел болғасын бұл оқиға біздің мүмкіндігімізді арттырады", – деп пікір білдірді қаржы сарапшысы.
Дегенмен Мақсат Халық мұндай жағдай үлкен дағдарыстың белгісі болуы мүмкін екенін ескертті.
"Алтын кейінгі жылдары қатты қымбаттап жатыр. Осыған сай алтын бағасының өсе бастағаны нарықтың өзге де ойыншыларын қызықтырып отыр. Бірақ әлемде алтынға деген күрт сұраныстың болуын және едәуір қымбаттауын алдағы уақыттағы үлкен дағдарыстардың белгісі ретінде көруге болады. Неліктен инвесторлар осы бағытқа ақша аударып жатыр десек, себебі әлемде болып жатқан геосаяси оқиғалардың тұрақсыздығы, соғыс әр жерде бір ұшқындап жатқаны әлемде бір қаржылық дағдарыстың болуына негіз болып тұр деуге болады", – деп түйіндеді экономист.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
