Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұнда тұра алмаймын": Ақтөбелік тұрғындар су тасқынынан көгеріп, едені бұзылған баспаналарына қайтып оралғысы келмейтінін айтты

Ақтөбеде саяжай тұрғындары тасқыннан кейін су басып, көгеріп, сыз тартқан үйлеріне қайтып оралғысы келмейтінін айтып шағымданды. Тұрғындардың сөзінше үйдің сызы кебуі үшін кемі жарты жыл уақыт керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан скринделген

Үйін су басқан Геннадий Рысмағамбетов қазір судың беті қайтқанмен үй ішінде бүлінбеген дүние-мүлік қалмағанын айтады. Қабырғалар көгеріп, еден судан көтеріліп кеткен. Маңдай терімен салған шаңырағының қазіргі күйін көрген тұрғын бала-шағасын әкеле алмайтынын айтып, көзіне жас алды. 

“Мен мұнда тұра алмаймын. Отбасы, бала-шағамды әкелу мүмкін емес. Жоқ дегеннің өзінде жарты жыл кептіру керекпін. Қалай кептіремін?! Күш-қуатым жоқ. Жасым елуге келіп қалды. Солай болды, қайтеміз енді. Қайда барасың? Кімнің ағайын тумасына барасың? Мемлекеттен өтінішім тек қана жағдайымызды түсініп, зардап шеккендерге баспана берсе содан артық ештеңе керек емес”, – деді Қарғалы саяжайының тұрғыны Геннадий Рысмағамбетов.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай 2017 жылдан бері қайталанып келеді. Өзен тасыған кезде Қарғалы саяжайындағы оннан астам үй суға кеткен. Енді жұртшылық үйлерін апатты деп тануын талап етуде.

“23 наурыздан бастап ұйқы жоқ. Үйлеріміздің жағдайы мынау. 2017 жылдан бері бесінші рет қайталанып тұр. Мен жалғыз қара басымды ойлап тұрған жоқпын. Мұнда нақты қазір 13 үй суға кетіп тұр. Өтініш-талабымыз, арызымыз, жанайқайымыз осы тұрғындарды судың жағалауынан көшіру, әрбіреуіне мемлекет тарапынан, мемлекеттік бағдарламамен үй беруді сұраймын”, – деді Қарғалы саяжайының төрайымы Шынаргүл Ақбалиева.



Арнайы құрылған комиссия мүшелері су кірген үйлерді аралап, бүлінген дүние-мүліктің барлығын жазып алған. Олар шығын толық есептелгеннен кейін ғана қаржы бөлінетінін айтады.

“Біздің негізгі міндетіміз ол бүгінгі таңда қандай үйде шығын бар, қандай қиындықтар бар, солардың бәрін қадағалау. Бізден кейін заңгерлер мен баға беругшілер шығады. Осы біздің көрсеткен сауалға байланысты. Солар баға қояды. Мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді”, – деді комиссия мүшесі Жомарт Қартбаев.

Қазір аймақтағы эвакуация орталықтарында үш мыңнан астам адам жиналған. Олардың кейбірінің үйлері тұруға жарамаса, ал кейбірінің баспанасы опырылып ортасына түскен.

Еске салсақ, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан үйлерi зақымданған қазақстандықтарға көмек көрсету үшiн мемлекет бюджетінен қанша теңге бөлiнетiнiн айтқан еді.

Талқылау