Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Мұғалім боп жұмыс істеген”: Ақтөбе соты екі баласын өлтірді деп айыпталған әйелдің ісін қарауды бастады

Фото: Stan.kz

Ақтөбеге қонаққа келген келіншек 11 айлық қызы мен 3 жастағы ұлын тұншықтырып өлтірді деп айыпталды. Ол бұрын мұғалім болып жұмыс істеген. Психикалық дертке шалдыққан келіншек қазір Алматы облысы Талғар ауданындағы психикалық емдеу орталығына жатқызылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті. Аса ауыр баппен айыпталған 29 жастағы Гүлжанат Дәулетбаева Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі “Адам өлтіру” бойынша айыпталады. Әйел тал түсте өз қолымен екі баласын тұншықтырғанын айтып берген.

Сотта 11 айлық қыз бен 3 жастағы ер баланың өлімі мұрын мен ауызды жұмсақ затпен қысудан болғаны айтылды. Балалардың тыныс алу жолдарына қан құйылған

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 23 наурызында болды. Әйел осыған дейін де балаларын өлтіруге әрекет жасаған. Бұл туралы сотқа жәбірленуші ретінде келген әйелдің күйеуі, балалардың әкесі БАҚ өкілдеріне айтып берді. Айтуынша, олар 4 жыл бірге тұрған, қазір де заңды некеде.

“Бұған дейін де осындай оқиға болды. Оны әйелімнің өзі айтты. Ұйықтап тұрғанмын, ол маған "қызды тұншықтырып тастадым" деді. Сенген жоқпын, мән бермедім. Қыздың бір жақ бетінде нүктелі дақтар қаптап кеткен. Әйелім "таяуда өледі" деді. Қорықтым. Кейін әкесіне, полицияға хабар бердім. 10 күн аралығында әкесі Ақтөбедегі өз үйіне алып кетті. Балаларды жібергенде қорқыныш болмады, сендім. Оқиға болған кезде інісі мен келіні үйде, басқа бөлмеде болған. Ол жерде мен болмадым. Әкесіне хабарласып, өзі айтқан. Мен өзім вахтада жұмыс істеймін. Ол кейінгі жылдары екі баланың күтімімен үйде отырды. Жоғары білімді. Мұғалім болды. Екі баланың әруағы үшін емделіп, қоғамға қосылғанын қалаймын. Қазір Талғарда емделіп жатыр”, – деді жолдасы Жеңісбек Әділханов

Іс материалдарына сүйенсек, 2025 жылдың 13 наурызында Д Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында тұратын қызының жүйке жүйесінің бұзылып жүргенін біледі. Қызын емдету үшін өзімен бірге Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласына әкелген.

Фото: Stan.kz

Мемлекеттік айыпталушы күдіктіге қатысты айыптау мәнін баяндады.

“23 наурыз сағат 13:00 шамасында 2022 жылы қаңтарда туған ұлын, 2024 жылы 9 сәуірде туған қызын, яғни 2 немесе одан да көп адамға дәрменсіз күйде жас балаларды қасақана қазаға ұшыратуға бағытталған ой туындаған. Ойын соңына дейін жеткізуді көздей отырып, өзінің балаға деген ешқандай аналық мейірімінміз жатын бөлмедегі жастықпен ұйықтап жатқан балаларын тұншықтырып, қасақана қазаға ұшыратқан. Жас балаларның мәйітіне тағайындалған сот-медициналық қорытындысына сәйкес, оның өлімі механикалық асфексия. Тыныс алу жолдарын, мұрнын, ауызын жұмсақ заттармен қысудан болған. Тыныс алу жолдарына қан құйылған”, – деді прокурор Елдар Әбиев.

Балаларын өлтірді деп айыпталған әйел 1996 жылы Байғанин ауданында туған. Білімі жоғары. Атырау облысының Сағыз ауылына тұрмысқа шыққан, сол жақта жолдасымен, балаларымен бірге тұрған. Ол Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы АӨУ университетінде информатика пәнінің мұғалімі мамандығын бітірді. Кейінгі жылдары бала күтімімен үйде отырған. Оған дейін Атырау облысындағы мектептердің бірінде мұғалім ретінде жұмыс істеген. Әйел қазір Алматы облысы Талғар ауданындағы психикалық емдеу орталығына жатыр. Сол себепті сотқа қатысқан жоқ.

Оған қатысты 24 сәуір 2025 жылы психотерапевттің сараптамасы тағайындалды. Сот психологиялық-психиятриялық сараптамасына сәйкес, күдікті депрессиялы параноидты синдром түріндегі созылмалы психикалық бұзылысқа шалдыққан. Одан өзіне және қоғамға қауіпті факторлар анықталады. Жасаған ісіне жауап бере алмайтындықтан мәжбүрлі емдеуге жатқызылған.

Бірақ судья күдіктінің психикалық ауруы және оның осындай жағдайға жеткені туралы басты сот талқылауында анықталатынын айтты. Яғни айыпталушының кінәлі не кінәлі емес екені, есі дұрыс не дұрыс емес екеніне қатысты сотта шешім қабылданады.

“Бұл кісі қазір өзінің денсаулық жағдайына байланысты әрекетке қабілетсіз деп танылған жоқ. Дегенмен сот-медициналық зерттеулер, сараптама негізінде әрекетке қабілетсіз деп танылып тұр”, – деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Басты сот талқылауы 10 маусымға тағайындалды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 15:37
Талқылау