Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шаханов үндемейтін депутаттарды Ырбигүл мен Жырбибайға теңеді

Алуан-алуан депутат бар, үндеместері бір бөлек. Көп кешікпей, Парламент жазғы каникулға кетеді. Әрине, демалыс уақытында олар оқушылар сияқты қыдырады, бірақ демалмайды. Өйткені, жұмыс көп.

84905-preview-image

Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

Өздерін сайлаған, оларға сенім артқан халықпен кездеседі, өңірлерді аралайды, алыс-алыс жолдарда, жасыл-жасыл бауларда жүреді. Оның бәрі оңай емес. Бірақ, 1 қыркүйекте парламентке келіп, тәртіпті оқушыдай жыл бойы тып-тыныш жүреді. Тәртіпті қайтейін, сабаққа ауыз ашпай келіп, ауыз ашпай кететін оқушылар болады. Халық қалаулыларының да сондайлары бар екен. Сонымен, ешқандай депутаттық сауал жолдамайтын, жақ ашпайтын депутаттардың жұмысын бағалайтын механизм бар ма?

Бүгінгі парламент депутаттарына да дәл осындай мұғалім керек. Олардың халық қалаулысы деген атағы болғанымен, халықтың қамын ойлап қамығып жатқандары сирек.

«Сауат ашу дегеннің атауын құртыңыз да, Әліппені бізге қайтарып беріңіз» – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

Осылай ел мен жердің тағдыры үшін шыр-пыр болғандарды ғана таниды жұрт. Ал Мәжілістегі – 107, Сенаттағы 47 депутаттың ішінен көбінің аты-жөні түгіл, түр сипатын да білмейді екен.

Иә, парламентте үндемейтін, елеусіз депутаттар көп. Бірақ анда-санда аузын ашса, бәрін бүлдіреді олар.

Уақытша тіркеу кезінде пысықсып, пікір білдірмек болған Аманжан Жамалов осы оқиғадан кейін тілшілерді көрсе, түксие қарайды.

– Сауал жолдадыңыз ба депутаттық?
– Алда жарты айдан артық уақыт бар, жұмыс істеп жатырмыз, – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.

Жұмыстары қауырт олардың. Сағаттап созылған жиналыстарда тып-тыныш отырудың өзі неге тұрады.

«Бұл депутат болуда көп нәрсені үйрендік» – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов.

1994 жылдан бері Қазақстан парламентіне былтыр 6-шақырылымның депутаттары сайланды. Осы уақыт ішінде заң шығарушы органға кімдер келіп, кімдер кетпеді. Экс- депутат, ақын Мұхтар Шаханов бүгінгі парламентарийге былай баға береді.

«Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбигүл мен Жырбибай.
Өкінішке орай, депутаттардың көпшілігі Ырбигүл мен Жырбибайға айналып кетті!» – халық жазушысы Мұхтар Шаханов.

Бізде ешқандай депутаттық сауал жолдап, халықтың өзегін өртеген мәселе көтермесе де, депутаттардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Баспана, қызметтік көлік керек пе, мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Сонда да сапасыз заңдар шығарып, елді шулатып алады. Бірақ үндемеген депутаттар ғана ұзақ жүреді.

Бірақ кейбір сенаторлардың пайымы басқа. Депутат депутаттың көзін шұқымайды деп, қанатты сөзді бұрмалауға тура келеді.

«Депутат дегеннің бәрі айқайлап, кеудесін қағып жүрмейді ғой. Депутаттар да әр түрлі, олар да адам ғой» – ҚР парламенті сенатының депутаты Асхат Күзеков.

«Мен олай айта алмаймын. Себебі, сенаттағы депутаттардың барлығы белсенді. Әрбір депутаттың өзінің сайты бар. Қай жерде не деп айтып жатыр, қай жерде қандай пікірді ортаға салды. Біздің депутаттардың барлығы жанашыр, ашық, тәжірибесі мол сенаторлар» – ҚР парламенті пенатының депутаты Бірғаным Әйтімова.

Ал кандидат кезінде уәдені үйіп-түгіп, каникулға келгенде халықпен кездескенсіп, бірақ артынан зым-зия болатын депутаттарға өңірлердегі ел-жұрттың өкпесі қара қазандай.

Депутаттар жер, үштілділік мәселелеріне келгенде үн қатпаса да, Астананың атын ауыстырамыз деген бастамаға тамақтары қарлыққанша сөйледі.

«Өткенде депутаттар бірінен соң бірі шығып, таласа-тармаса Астанаға елбасының есімін берейік деді. Елбасы бірақ қарсы шықты. Сол жағынан алғанда, бізде туфли жалауға ыңғайлы депутаттар өте көп. Сондықтан олар туфли жалаудың шебері болғандықтан, оларға да құрметпен қарау керек деп есептеймін» – халық жазушысы Мұхтар Шаханов.

Тағы да оқыңыз:

Қадір түнінің құрметіне 1000 тұтқынға рақымшылық жасалып түрмеден босатылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен вице-премьер Асқар Мырзахметов сөзге келіп қалды

Оразада шөлдемеу үшін не істеу керек?

Талқылау