Мопедтерге қатысты заң күшіне енген соң жеткізу қызметі қымбаттай ма – Сарапшы жауап берді
Қазақстанда мопедтерге қатысты заңның күшіне енуіне байланысты қала ішіндегі жеткізу қызметі қымбаттауы мүмкін. Автосарапшылардың болжауынша, самокат пен мопедшілердің жүргізуші куәлігін алуға, мемлекеттік нөмір тағуға міндеттейтін тәртіп курьер санын біршама қысқартады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Қала ішінде тапсырыс берушілердің асы мен затын мопедпен тасып табыс тапқан Наурызбек Сабыров жеткізу қызметімен айналысуды жарты жыл бұрын бастаған. Сөзіне сенсек, оның күнделікті кірісі 20 мың теңгеге жетеді.
“Басында жаяу курьер болып шықтым. Содан ақшамды жинап мопед алып, мопедпен шығып жүрмін. Енді тіркейін деп жатырмын, жүргізуші куәлігім бар, уайымдамаймын. Курьерлер азайса, қызмет қымбаттайды ғой. Енді 50%-ы балалар ғой. 16-17 жаста”, – деді курьер Наурызбек Сабыров.
Ал автосарапшылардың пікірінше, курьер қызметі қымбаттайды, бірақ айтарлықтай емес. Өйткені жеткізу қызметінің мол табысынан қағылмау үшін мопед мінгендер заңға сай жүруге тырысады дейді. Нәтижесінде жол тәртібі реттеледі деген пікірде.
“Осылайша біз бұл қызметпен кәмелетке толмаған жеткіншектердің айналысуына жол бермей, олардың өміріне қауіпті азайтамыз. Заңға сәйкес, мопедті техникалық тексеруден де өткізу міндет. Ал ол қымбат тұрмайды. Сондықтан курьерлер шығынға бата қоймас. Әуелі қауіпсіздік маңызды екенін ескергеніміз жөн. Жаңа заң жол апатын азайтады”, – деді сарапшы Алексей Алексеев.
Бүгінде жеткізушілер өз қызметін мопедке мініп қана емес, осындай электросамокаттарды да тізгіндеп іске асырып жатыр. Сондықтан ертеңгі күні заң күшіне енсе, мопедшілер қатары азайғанмен, жеткізушілер қызметі тоқтамайды дейді сарапшылар.
Айта кетсек, келесі жылдың сәуіріне дейін еліміздегі мопед мінгендер мемлекеттік нөмір тағып, "А" және "А-1" санатындағы жүргізуші куәлігін алуы қажет. Көлік құралының ауаға шамадан тыс улы газ бөліп, қозғалыс кезінде артық дыбыс шығаруына жол берілмейді. Заң сақтамағандар автокөлік жүргізушілерімен бірдей жауапкершілікке тартылады.