Минскіде тағы да наразылық акциялары өтті: Қауіпсіздік күштері арнайы құралдарды қолданды
Минскі көшелерінде наразылық акциялары өтті. Полиция қызметкерлері арнайы құралдарды қолданып, агрессивті наразылық білдірушілерді ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
25 қазанда Беларусь астанасында президенттікке бұрынғы кандидат Светлана Тихановская жариялаған халықтық ультиматум шеруі өтті.
Шетелде жүрген ол барлық беларусьті саяси тұтқындарды босатуды қоса алғанда, шарттар орындалмаған жағдайда жалпыұлттық ереуілге шығуға шақырды.
Наразылар түстен кейін қала орталығына жинала бастады, сол жерден олар "Минск – город-герой" стеласына қарай жылжыды.
Қала көшелерінде біраз жол жүрген наразылық білдірушілерге құқық қорғау органдарының қызметкерлері тосқауыл қойды. Демонстранттардың бір бөлігі тарады, қалғандары Тәуелсіздік сарайына кетті.
Тәуелсіздік сарайынан алыс емес жерде күзетшілердің кордоны наразылық білдірушілердің жолын тағы да жауып тастады, полициямен қақтығыстар болды. Наразылық білдірушілерге арнайы құралдар, соның ішінде жарық-шу гранаталары мен резеңке оқтар қолданылды.
"Наразылық акциясының ең агрессивті қатысушылары ұсталуда, олар ұрандарды айқайлап, тіркелмеген символиканы қолданады, сондай-ақ полиция қызметкерлеріне агрессивті әрекет етеді. Мұндай азаматтарға қатысты ұстау шаралары қолданылуда", - деді Беларусь ІІМ баспасөз хатшысы Ольга Чемоданова.
Министрліктің хабарлауынша, шерушілер Орловская көшесіндегі орталық полиция бөліміне бөтелке мен тас лақтырған. Қақтығыстар осы жердің жанында болған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Минскіде 120-дан астам наразылық білдіруші ұсталды.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
