Қазақстанда нысаналы капитал қорлары туралы жеке заң мақұлданды: Оның кірісін студенттерді ынталандыруға пайдаланады
16 сәуірде мәжіліс "Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы" және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен эндаумент-фондтардың жұмысынан қандай нәтиже бар екенін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек эндаумент қорлары не үшін керек екенін түсіндірді.
"Қазірдің өзінде табысты, қалыптасқан эндаумент қорлары бар. Мысалы, республикалық физика-математикалық мектеп қоры, Назарбаев университетінің қоры. Назарбаев зияткерлік мектептерінің қорлары бөлек заңмен реттелген. Сондықтан мүның бәрін ескеріп, мықты, табысты эндаумент қорларға бұл заң кіріспейді. Олар өздерінде қалыптасқан практиканы сақтайды. Бөлек коммерциялық ұйым не үшін құрылуы керек? Эндаумент қорының қайырымдылықтан ерекшілігі бұл инвестициялық ақша. Яғни, тікелей қайырымдылыққа жұмсалмайды. Ол ақша жинақталады, қаржы ұйымдары немесе банктер бұл қаражатпен жұмыс істейді, таза пайдасы ғана қайырымдылыққа қайтарылады", – деді Саясат Нұрбек депутаттардың сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, сыртқы меңгеруші компанияларға осы капиталмен жұмыс істеу мүмкіндігін беру үшін осындай бөлек заңды тұлға қалыптасу керек.
"Біз бұл тәжірибені жақсы зерттедік. Қазір жұмыс істеп жатқан қорлармен көптеген кездесулер өткіздік. Бұл қорлардың нақты қайтарымы бар. Мысалы, сіздер білесіздер, қазір IQanat мектептер желісі табысты жұмыс істеп жатыр. Жаңа мектеп желілері пайда болды. Бұл қорда шамамен 20 миллион доллар (10 миллиард 479 600 теңге) жиналған. Бұл – өте салмақты сома", – деді министр.
Сонымен қатар мәжілісте эндаумент-қордың активтері құрамына ақшалай қаражат, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зияткерлік меншік кіре алады. Оған мүлікті шектеусіз мерзімге, кем дегенде 10 жылға дейін беруге болады. Берілген мүліктің құны сақталады, оны басқарудан түскен инвестициялық табысты ғана жұмсауға рұқсат етіледі.
"Активтер көлемі заң жобасында белгіленген шектен асқан жағдайда, олар міндетті түрде кәсіби басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына берілуге тиіс. Депутаттардың ұсынысы бойынша бұл шек 10 мың айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) мөлшерінде белгіленді, ал активтерді беру мерзімі – 3 ай. Осы уақытқа дейін олар екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде орналастырылады. Мәжіліс депутаттары нақтылап өткендей, бұл заң жобасы автономды білім беру ұйымдарының эндаумент-қорларының қызметіне қолданылмайды", – делінген мәжілісте.
Бұдан бөлек отырыста білім беру ұйымдары нысаналы капитал қорларының кірісін студенттерді ынталандыруға пайдалана алатыны айтылды.
"Заң жобасында эндаумент-қорды басқару үшін коммерциялық емес ұйым саналатын нысаналы капитал қоры құрылатыны қарастырылған. Бұл қор қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган бекітетін типтік жарғының негізінде жұмыс істейді және егер мақсатты жарна немесе қайырымдылық туралы шарттарда көзделсе, бірнеше эндаумент-қор құра алады. Жұмыс тобындағы талқылау нәтижесінде нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқарушылық шығындарының лимиті инвестициялық кірістің 15%-ынан аспауы керек деп белгіленді. Ал егер мұндай кіріс болмаса, бұл шығындар есепті жылдағы эндаумент-қордың таза активтерінің орташа құнының 0,5%-ынан аспауға тиіс", – деді мәжіліс.
Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетінің экс-президенті Шигео Катсудың университеттің қаржылық тәуелсіздігіне нұқсан келтірді деген айыптауларына түсініктеме берді. Айтуынша, 2024 жылы жоғары аудиторлық палата ЖОО қызметіне ауқымды тексеру жүргізген.