Михаил Ломтадзе: Қазақстан әрқашан Kaspi.kz-тің отаны
Михаил Ломтадзе Фото: Николай Судаков
3 қазан күні Астанадағы Digital Bridge форумында "Қазақстанда жасалған суперқосымшалар" атты панельдік сессия өтті. Цифрландырудың дәл осы саласында Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жетістіктердің негізінде — 15 миллион қазақстандық күн сайын пайдаланатын ең танымал суперқосымша Kaspi.kz тұр. Kaspi.kz компаниясының басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе сұрақтарға жауап бере отырып, жүзеге асқан және қауесеттерге қарамастан әзірге компанияда да талқыланбайтын жобалар туралы айтып берді. Сұрақтарды панельдік сессия жүргізушісі, DigitalBusiness Kazakhstan компаниясының бас директоры және негізін қалаушылардың бірі Виталий Волянюк қойып отырды.
Бірнеше күн бұрын Kaspi.kz арқылы Glovo қызметінде тапсырыс беруге болатыны туралы жаңалық шықты. Мен өзім тексердім, қосымшада арнайы белгі пайда болған, қызмет жұмыс істеп тұр, меніңше халықаралық сервистің біздің ұлттық супераппқа ықпалдасуы ерекше жағдай. Осы бағытта тағы қандай жоспарларыңыз бар?
— Мейрамханалардан тамақ жеткізу бізді бұрыннан қызықтыратын бағыт. Қазір біз Glovo компаниясымен кезекті жобаны іске қостық. Бұл операциялық командасы өте мықты, ал клиенттерден біздің байқауымызша жағымды пікір алып отырған халықаралық компания.
Glovo-ның өзі де бізбен жұмыс істеуге қызығушылық білдірді, себебі Қазақстанда Kaspi-мен ықпалдасу — Kaspi-дің көптеген технологияларын пайдалану мүмкіндігі. Ал Glovo-ның тамақ жеткізу саласында тәжірибесі үлкен. Сол себепті біз Glovo-мен бірге осы жобаны жасауды шештік және оны жақында ғана іске қостық.
Басында өзіміз сынадық, кейін клиенттермен сынақтан өткіздік. Жақсы пікір алған соң ауқымын кеңейттік, енді Glovo Kaspi.kz қосымшасында толыққанды қызмет көрсетеді. Жақында бұл туралы көбірек айта бастаймыз, клиенттерімізге ұнайды деп ойлаймын. Бірақ біз үшін ең маңыздысы — клиенттердің пікірі. Егер клиенттеріміз бұл қызметті ұнатса, ол қосымшада қалады. Егер кері байланыс кезінде жақсарту қажет деп есептесе — Glovo-мен бірге жетілдіреміз. Сыртқы сервистің бізбен бірге қалуының басты шарты осы.
Панельдік сессияда Фото: © Николай Судаков
Жаңалықтарға қарасақ, сіздер Glovo-ны сатып алған жоқсыздар. Бұл тек ықпалдасқан екі тәуелсіз бизнес. Сіздің көзқарасыңызда болашақта нарықта және Kaspi -де тағы осындай мысалдар бола ма?
— Бұл бәрінен бұрын клиенттердің пікіріне байланысты. Біз басқаша жұмыс істейтін компаниямыз. Біз өзіміздің қаржылық көрсеткіштерімізбен емес, клиенттердің кері байланысына қарай ойланамыз. Клиенттерімізбен үнемі сөйлесіп, олардың пікірін нақты әрекетке айналдырамыз. Тамақ жеткізу клиенттеріміз сұраған бағыттардың бірі еді. Клиенттеріміз жиі сұрайтын қызметтің бірі - такси. Бірақ біз әзірше басқа да айналысатын істеріміз бар деп ойлаймыз.
Демек, такси тақырыбы Kaspi күн тәртібінен алынған жоқ?
— Қазір ондай жоспар жоқ. Біздің Yandex-пен серіктестік қарым-қатынасымыз өте жақсы. Онда да бірінші кезекте клиенттерді ойлайтын тамаша команда жұмыс істейді. Біз, мысалы, Kaspi Магазиндегі экспресс-жеткізуде бірлесіп жұмыс істейміз. Оның клиенттердің адалдық индексі — 90, яғни 10 клиенттің 9-ы өте риза. Біз де бұл серіктестікке өте қуанамыз.
"Қазақстанда жасалған суперқосымшалар" сессиясының қатысушылары Фото: © Николай Судаков
— Халықаралық нарықты жаулауға оралсақ, Harvard Business Review-дағы мақалаңызда: "Егер мұндай платформа АҚШ-та жұмыс істесе, онда ол PayPal, Amazon, CapitalOne, Booking.com, Instacart сияқты сервистерді бір қосымшаға біріктірер еді" деп жаздыңыз. Kaspi -дің қолданушылар саны, мультиқызметтері ауқымды осындай ерекше үлгісін, әртүрлі реттеу, түрлі тұтынушылық қажеттіліктерді ескере отырып Қазақстаннан тыс елде қайталауға бола ма?
— Kaspi.kz – Қазақстанда жасалған бизнес-үлгі. Біз ұсынып отырған қызметтердің әрқайсы ерекше. Компаниямыз мұны Қазақстанда жасай алды, себебі мұнда қолайлы орта және бізге шабыт беретін клиенттер бар.
Мысалы, мемлекеттік қызметтерді біздің қосымша арқылы ұсыну идеясы кезінде Бағдат Мусиннің "Ковид кезінде адамдар кезекте тұр, авто тіркеуді онлайн жасайық" деген қоңырауынан басталды. Осылайша, барлық мемлекеттік органдармен, министрліктермен, департаменттермен бірге біртіндеп іске қостық. Бірге үйрендік, бұл ерекше жағдай. Мұндай көлік тіркеу, жүргізуші куәлігін немесе туу туралы куәлікті алу әлемнің еш жерінде жоқ. Қазақстан әрқашан Kaspi-дің отаны. Біздің ерекшелігіміз Қазақстанмен тығыз байланысты.
Егер шетелдік нарықтардағы жоспарлар туралы айтсақ сіздер Түркияда көлемі жағынан екінші ірі e-commerce платформасы Hepsiburada-ны сатып алғанымызды білесіздер. Қазақстанда Kaspi.kz-тің 15 миллионға жуық қолданушысы болса, Түркияда Hepsiburada-да шамамен 17 миллион пайдаланушы бар. Біздің елдер арасында достық пен сенім, құрмет жоғары. Бұл бізді шабыттандырады. Егер Қазақстанда біз алдымен қаржылық қызметтерден бастап, кейін төлемдер, e-commerce, мемлекеттік қызметтер, travel, азық-түлік жеткізу, енді мейрамханадан тамақ жеткізуді іске қостық, ал Түркияда керісінше басқадан бастаймыз. Біз электронды коммерциядан бастаймыз, соның негізінде Kaspi-де бар сапалы сервистер мен өнімдерді ұсынамыз. Қазақстандағыдай сапалы өнімдер ұсынуға басымдық береміз.
Панельдік сессия тыңдаушылары Фото: © Николай Судаков
— Түркия нарығында жұмыс істейтін Rabobank банкін сатып алу келісімі туралы не айтасыз? Менің түсінуімше жыл соңына дейін аяқталуы керек.
— Біз қазір реттеушілердің келісімін алудан өтудеміз. Бұл филиал желісі жоқ, 27 қызметкері бар шағын банк. Бұл бізге Түркия нарығында финтех қызметтерін ұсынуға лицензия алу мүмкіндігін береді. Біз үшін бұл таныс өнімдер екені түсінікті және біз осындай жоғары сапада түрік нарығына да ұсынамыз.
— Яғни үлгі ұқсас болады, бірақ жергілікті ерекшеліктер ескеріледі ғой?
— Нәтижесі ұқсас болады. Бірақ "соңғы нәтижені" айту қиын, өйткені Kaspi-дің өзі де үнемі дамуда. 5 жылдан кейін Kaspi қандай болады — оны менің өзім айта алмаймын. Ал Түркияда сәйкесіншеміндеттер мен шешімдер ұқсас: Қазақстанда әзірленген жаһандық деңгейдегі өнімдер, Түркияда әзірленген жаһандық өнімдер. Мысалы, қазірдің өзінде біз Түркияда командалардың бірлескен өнімдерін жасап жатырмыз және оларды Қазақстанда ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Бұл — "бір қосу бір тең үш" жағдайы, ақылды адамдар бір бөлмеге жиналып, жаһандық мақсаттар туралы ойлағанда, нәтижесі әрқашан әсерлі, үлкен нәтижелер, ауқымды қызметтер жасауға шабыттандырады. Сондықтан екі нарықтағы екі бизнестің осындай бірігуі екі компания үшін де, Kaspi үшін де, Hepsiburada үшін де үшін үлкен плюс.
Нақтылайтын сұрақ. Біз сізбен Қазақстандағы ШОБ-тің дамуы туралы көп айттық, бұл әлеуеті үлкен сегмент. Мүмкін болашақта түрік кәсіпкерлерінің тауарлары Kaspi.kz-те, ал біздің кәсіпкерлердің тауарлары түрік нарығында пайда болуы мүмкін бе? Яғни KZ кәсіпкерлер Hepsiburada сата ала ма?
— Иә және біз Түркиядан Қазақстанға және Қазақстаннан Түркияға жылдам тауар жеткізуіміз керек.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
