Мейрамбек Бесбаев: Алтынбек Қоразбаевтың арқасында аяғымнан ешкім шалған емес
Бүгінде есімі қалың қазаққа мәлім Мейрамбек Бесбаевтың алғаш сахнаға қадам басқаны көпшіліктің есінде. Ол кезде бала Мейрамбек небәрі жетінші сыныпта оқыған-ды. Жетім баланың зарын тыңдарманның жүрегіне жеткізе білген Мейрамбекті ел “қазақтың Бозторғайы” атап кетті. Шәкіртінің жұлдызы жанған сәт ұстазы Алтынбек Қоразбаевтың да жадынан шыққан емес.
Бұл туралы “Хабар” арнасының Мейрамбек Бесбаевқа арнаған “Елге сәлем” атты деректі фильмінде айтылды, деп хабарлайды Stan.kz.
“Мейрамбек “Бозторғайды” бірінші рет айтайын деп тұр. Алла өзің жар бола көр деп бір сұрадым, сөйтіп Мейрамбекті жұмсақ жерінен бір ұрдым да, сахнаға шығарып жібердім. Елдің бәрінің көзіне жас келтірді. Әйелдер, әсіресе, орамалмен көздерін сүртіп отыр. Әнді айтып бітті, у да шу, сахнаны көтерді де кетті, халықтың эмоциясы деген сұмдық, зал деген күңіреніп кетті. Ләз жоқ сахнаға көтерілдім, Мейрамбекті көтеріп, бетінен сүйдім”, – деп еске алды Алтынбек Қоразбаев.
Композитордың айтуынша, Мейрамбек шырқаған әннің жүректерге жетуі тегін емес. Қоразбаев ата-анасыз қалған балалардың мұңын түсінсін деп Мейрамбекті арнайы балалар үйіне алып барған.
“Мейрамбек жетімнің не екенін де түсінбей жүрді. “Көке, бұлардың әке-шешесі жоқ па сонда? Неге?” – дейді. Қарағым-ау, көріп тұрсың, жоқ дедім. Балалар болса көздері жәудіреп бізге қарап тұр”, – дейді Қоразбаев.
Бүгінде алты Алаш жұрты танитын Мейрамбек Бесбаев үлкен сахнаға алып шыққан ұстазына алғысын айтудан жалықпайды.
“Мен сияқты талантты балалар көп болды. Бірақ Алтынбек Қоразбаевтың көзі маған түсіп, үлкен додаға салғанына мен өте қуаныштымын. Сол кісінің арқасы шығар, ешқандай қиыншылық көрмей өстім, өнерде шалуды білмей өстім, бетімнен қақпағаны, бәрі сол Алтынбек Қоразбаевтың үлкен беделінің арқасы деп ойлаймын”, – дейді Мейрамбек Бесбаев.
“Мейрамбек “Бозторғайды” айта бастады. Аға (авт. Нұрғиса Тілендиев) мұқият тыңдап алды да: “Мынау сұмдық қой. Не деген дауыс, әннің өзі қандай керемет”, – деп бетінен сүйді. Мен: “Көке, қазақтың ырымы ғой, аузына түкіріп беріңіз”, – дедім. Жарайды деп аға қазақшалап аузына түкіріп жіберді. Мейрамбек аузын ұстап тұрып қалды. “Жұтып қой” дедім, Мейрамбек жұтты да жіберді. Нұрғиса атасының Мейрамбекке берген үлкен батасы сол болды”, – деп баяндады Алтынбек Қоразбаев.
Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
2 жасар қызынан жұлдыз жасамақ болған Айдананы әріптестері сынап тастады
Қыдырәлі мен Қарақаттың ұлы туған күнін дүркіретіп атап өтті (фото)
Қайрат Нұртас алғаш рет қос қызының суретін жариялады
Сиви ешқандай атаққа лайықсыз деген сынға әншінің өзі жауап берді