Ақмола облысында 3,5 миллиард теңге бөлінген нысан құрылысы 4 жылдан бері аяқталмаған
Фото: Halyqstan
Ақмола облысының Щучинск қаласында құны 3,5 миллиард теңге болатын көпсалалы Спорт сарайы төртінші жыл қатарынан әлі аяқталмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2021 жылы жоба үлкен салтанатпен таныстырылып, жабық арена, бассейн, командалық ойындарға арналған алаңдар, жаттығу залдары, тіпті аймақтық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар екені айтылған. Нысан өңір жастары үшін нағыз спорттық хабқа айналуы тиіс еді. Алайда арада төрт жыл өтсе де, ғимаратта әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары аяқталмай жатыр.
Белгілі болғандай, мердігер Түркістан облысынан келген "Авторемстрой ЛТД" ЖШС. Ол құрылыс материалдарының қымбаттауына және басқа да "техникалық қиындықтарға" байланысты қаржы қиындығына тап болған. Нәтижесінде сметалық құжат қайта қаралып, түзетіліп, жоба 2,7 миллиард теңгеден 3,5 миллиард теңгеге қымбаттаған. Құрылыстың аяқталу мерзімі екі рет өзгертіліп, ақырында мердігер жауапкершіліктен бас тартып, іске салғырттық танытқан.
Фото: Halyqstan
Ал құрылысы бітпей жатқан нысан үшін Ақмола облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Марат Аубакиров қызметінен айырылған. Белсенділер құрылыс нысанына кіріп, төбесіне бұрынғы басшының суреті салынған баннер іліп кеткен. Сондай-ақ құрылыстың басталу күнін көрсетіп, аяқталу мерзімі ретінде шексіздік таңбасын салған. Қазір құрылыс жұмыстары баяу болса да жалғасып жатыр.
Осы жағдайға байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іске кіріскен. Олар жақында құрылыс алаңына барып, нысанды тексерген.
Нысанды тексеру барысында бірқатар нақты ұсыныстар берілген:
- құрылыс жұмыстарын жобаға сай жүргізу,
- техникалық қадағалау мен авторлық бақылауды күшейту,
- құрылыс алаңындағы жұмысшылар санын арттыру,
- құрылыс материалдары мен жабдықтарды уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету.
Айта кетейік, бұған дейін Таразда әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысының ақшасын жымқырғандар сотталғаны туралы жазған едік.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
