Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

17 жыл құлдықта болған Құндыз өзін қамқоршысы байлап тастағанын айтты: "Азаптау" бабымен іс қозғалды

ҚұндызФото: Видеодан скриншот

Күні кеше желіде туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны түсірілген фото тараған еді. Бүгін журналист Руслан Өтепбай суреттің тарихын Құндыздың өзінен сұрап білді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Онда журналист Құндыздан “Суреттегі сен бе? Сені кім бұлай байлап тастады?” деп сұрайды. Сонда Құндыз “Мама істеді. Зүлфия мама істеді” деп жауап береді. 

Құндыздың айтуынша, ол осындай күйде ұзақ уақыт бойы жатқан. 

“Мені байлап жатқанда Зүлфия мама осында болды”, - деді Құндыз.

Ал Зүлфия Төлегенованың өзі Құндызды байламағанын айтып, бұл деректі жоққа шығарып отыр. 

“Мен оны байлаған жоқпын, тек “Құндызды үйге алып кіріңдерші” дедім. Оның байланған күйін өз көзіммен көрген жоқпын”, - деді Зүлфия Төлегенова.

Құндыз Руслан Өтепбайдың сұрақтарына жауап беріп, аузының да скотчталғанын, байлаулы жатқан кезінде денесінің ауырсынғанын жеткізді. 

Таня есімді тұрғын да Руслан Өтепбайдың сауалдарына жауап берді.

“Құндызды Әділхан байлады. Ол кезде мама үйде болмады, Алматыда болды”, - деді ол.

Ал Құндыздың өзі оны байлаған сәтте Зүлфия Төлегенованың үйде болғанын нақты айтты.

Полиция не дейді?

Жағдайға Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді:

“Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы “Азаптау” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қажетті іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары толық әрі жан-жақты тексеру қорытындысы бойынша заң талаптарына қатаң сәйкес негізделген процессуалдық шешім қабылданатынын атап өтті.

Мән-жайы

 

Желіде туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны түсірілген фото тарады. Аталған жәйт қазақстандықтарды шошытып, қызу талқыға түсті.

 

Жағдайды журналист Руслан Өтепбай Instagram парақшасында мәлімдеді.

“Қамқоршысы асырап алған қызының аузы мен қол-аяғын скотчтап тастаған. Анығын білейін деп, қамқоршысы Зүльфияға хабарластым. Бірақ әңгімесі қисынға келмейді. Байлаған мен емес деп ақталып жатыр. Мен сенбеймін. Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары, Тараз қаласының полиция департаменті мына мәселені назарға алыңыздар!” – деп журналист полицияға жүгінген.

Аталған жағдайға Жамбыл облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Олар тексеру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

“Аталған бейнежазба шұғыл назарға алынып, полиция бөліміне тіркелді. Қазір полиция қызметкерлерімен барлық мән-жайды жан-жақты әрі мұқият анықтауға бағытталған қажет тексеру жұмыстары жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.

Кейіннен бұл жәйтқа қатысты Құндыз бен Назгүлдің қамқоршысы да үн қатты. Алайда ол бұл жағдайдың қашан болғанынан бейхабар екенін айтты.

“Желіде тараған фотоны көріп, таңғалып отырмын. Бұл фотоны кім түсіріп, қалай жібергенін білмеймін. Егер өзім жасаған болсам, мұндай қастандыққа бармайтын едім. Құндыз көбіне Назгүлді ұрып-соғады. Мүмкін сол кезде байлаған шығар. Бұл жағдайдың болғанын бүгін білдім. Көбіне осылардың құжатымен сыртқа шығып кетемін, сол кезде болған шығар. Осы уақытқа дейін қанша баланы асырадым. Біреу аяғымнан шалу үшін істеп отыр деп ойлаймын. Мен өзіме қастандық жасамаймын”, – дейді қыздардың асыраушысы Зүльфия ханым.


Руслан Өтепбай 17 жыл құлдықта болған Құндыз бен Назгүлдің қазіргі жағдайын көрсетті

Дәрілерін уақытында ішпеген”: Журналист Руслан Өтепбай 17 жыл құлдықта болған Назгүл мен Құндызға қатысты шындықты айтты


Десе де желі қолданушылары қамқоршының айтқан сөзіне сенбейтінін жеткізді.

“Өтірік айтып отыр. Үйдегі ауру балалар олай байлай алады деп ойламаймын. Өзі байлап тастаған. Эфирге шығып ақталып, сөздерінен шатасып отыр. Құндыз бен Назгүлді Руслан Өтепбайдың қамқорлығына берсін”.

“Мына жағдайды көріп шок болдым. Байғұс қыздар қорлықтан шығып қорлыққа түскен бе? Жүрегім қатты ауырып тұр. Назгүл мен Құндыз Руслан Өтепбайда жүрген кезде әдемі сөйлеп, ойын еркін жеткізіп, күліп ойнап жүретін еді. Кейін Зұлфия апай қамқоршылығына алды. Содан бері Назгүл мен Құндыз азып-тозып кетті. Қыздарды ақшасы үшін ұстап отыр ма? Руслан ағай қыздарды қорғап, алып шығады деп сенеміз. Қыздардың әке-шешесі болса олай болмас еді”.

“Бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды. Бұған дейін Руслан барған кезде қыздардың әбіржіп, ыңғайсыз күйде қалғаны байқалған еді. Бұл балалардың өзін қауіпсіз сезінбегенін көрсететін белгі. Қыздар қорланған болуы мүмкін деген күдік қоғамда сұрақ туғызады. Сондықтан мұндай жағдайлар ашық әрі әділ тексерілуі керек. Ең бастысы балалардың құқығы мен қауіпсіздігі бірінші орында тұруға тиіс”.

Еске салайық, Түркістан облысына қарасты Шілік ауылында 27 жастағы Құндыз бен 33 жастағы Назгүл есімді қыздарды аға-жеңгесі құлдықта ұстап, жылдар бойы қорлап келген. 17 жыл құлдықта өмір сүрген қыздар бір жылдан кейін жаңа қамқоршыларына табысталды.

Қазір қыздардың қамқоршысы Зүлфия Төленова. Ол – 17 балаға қамқоршылық жасап отырған ана. Екі қызды да өз қамқоршылығына алған. Зүлфия Төленова қыздардың тағдырына әрі қарай өзі жауапты екенін алға тартты.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 17:27