Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қате, жаман нәрселер айтып жүрген жоқпын": Құралай ханым "елді тонап жүр" деген журналистің сынына жауап берді

Журналист Арман Сқабыл Құралай ханым, Сара Тоқтамысова, Кәмшат Бекжігітова, Айнұр Тұрсынбаева сынды әлеуметтік желілерде психологиядан дәріс беріп жүрген бірқатар коучтарды сынап, ел індетпен күресіп жатқанда халықтың ақшасын жымқырып жатыр деп айыптады. Stan.kz тілшісі психолог-коуч, әлеуметтік желіде Құралай ханым ретінде белгілі Құралай Ошақбаеваға хабарласып, осыған қатысты пікірін білді. Сондай-ақ карантин уақытында немен айналысып жатқанын, не себепті тегін марафон ұйымдастырғаны жайында жауабын тыңдады.

- Арман Сқабыл Facebook-та семинар, тренингтерді ақылы түрде өткізіп жүргендерді сынға алыпты. Өзіңізді де атапты. Осыған айтар уәжіңіз бар ма?

 Сынап жатқан журналиске айтарым, журналистер біздің интеллигенциямыз ғой, желіде отыратын ақылды ағалар, әпкелер, сіңілдер – олардың  балалық шағы басқа болды. Олардың атасы, әжесі ертегімен айтып, батырлар жырымен өсірген. Мектеп бітірген соң ҚазҰУ-ға, КИМЭП-ке, мықты-мықты мектептерге түсірді, олар өздерінің магистратурасын, аспирантурасын бітірді. Ал менің оқырмандарым – қарапайым базарда жүрген, қиналып жүрген қазақ әйелдер. Себебі өзім көп жыл саудада істедім: "Барахолканы", басқа да базарларды көрдім.

Кабинетте отырғандардың деңгейі басқа. Тозып жүрген, қиналып жүрген, өзінің орнын таппай жүргендер көп, олардың көбі әйел. Үш-төрт баласымен пәтерде не істерін білмей жүргендер бар, оның ақыл айтатын әжесі болмаған шығар, жетектеп тәрбиелейтін анасы болмаған шығар. Болса да, анасының уақыты болмаған болуы мүмкін, барлық отбасы бірдей емес.

Facebook-та отырған ағайға, менің замандасыма менің әңгімем ауылда отырған әйелдің балпылдаған әңгімесі болар. Десе де, менің сабақтарым қиналып жүрген, жылап отырған әйелді тығырықтан шығарар, үміт отын сыйлар, жүрегіне Аллаға деген сенім ұялатар, рухани сабақтар деп ойлаймын. 

Күміс алқалы ана ретінде мен де сол ауылдан шыққаннан кейін, қазір биікке жетіп, көпбалалы болып, денсаулығымды дұрыстап, үйдегі күйеуіммен қатынасымды жөндеп, бизнесіммен айналысып жүрген соң, әйелдерге үміт отын сыйлағым келеді. Яғни, отбасылық модельдің үлгісін көрсеткім келеді. Қазір қоғамда18 жастағы қыз жеңіл ақша таба салғысы келеді. Отбасылық модель бұзылып кеткен. Үйде отырған әйелді менсінбейбіз. Ананың қадірі кетіп қалған. Анаға топырлатып баласын туған, мектептен материалды көмек алып жүретін әйел ретінде қараймыз. Сондықтан да қыздар ана болуға қызықпайды, асықпайды. Одан да, шетел асып, қыдырып, бриллиант тағып, темір тұлпар мініп, шалқып жүргенім жақсы деп, арын сатады, жанын сатады. 30-40-қа келгенде өкініш пайда болады. Некесіз бала туылады. Осылай бүлініп жатқан отбасы көп.

Мүмкін сол журналист өзі керемет кітап жазар. Оқыған азаматтар Facebook-та мені сынап, жамандап жатыр. Мен сынды қабылдаймын. Атаққа, медальға тырыспаймын. Ол кісілердің нанына таласпаймын да. Ондай мықты бола аламын деп айта алмаймын. 

Ұлттық тәрбиені дәріптеу арқылы мынаны жеткізгім келеді: жиырма жыл бір күйеумен отырсаң да, бір күйеуден қаншама бала көруге болады. Темір тұлпарды мінуге, әдемі үйде тұруға, шетелде қыдыруға болатынын көрсеткім келеді. Шатаспай, адаспай, әркім өзінің өмірін дұрыстап сүрсе деген мақсатпен марафондар, семинарлар өткізіп жүрмін.

Сондықтан ондай ағайларға ренжімеймін де, қайта кешірім сұраймын. Мүмкін менің кей пікірім дұрыс емес шығар. Төрт қызы, екі ұлы бар көпбалалы ана ретінде балаларымның болашағы үшін уайымдаймын. Сол себепті қара басымның қамын ойлап, менде бәрі жақсы деп отыра бермей, білетінімді айналама айтқым келеді. Дегенмен қате, жаман нәрселер айтып жүрген жоқпын. 

-  Бір айға тегін марафон ұйымдастырыпсыз, не себепті тегін қылуға шешім қабылдадыңыз?

Коронавирус келді, карантин басталды дегеннен бұл сабақтарымның елге керек екенін түсіндім. Үйде отырған кезде әр адам қазір өзін жетілдіріп, рухани өсіп, жақсы жаққа өзгерсе дедім. Елімізге коронавирус келеді деп ел дүрліге бастағанда менің ойлағаным - біздің төмен деңгейге түсіп кеткеніміз, отбасыдан алыстап кеткеніміз, ниетіміздің өзгеріп кеткенінен жер планетасына қиындық туып тұр. Бізге рухани өсу керек, адамдарға өзін жетілдіріп, ниетін түзеп, отбасына деген мейірімін, махаббатын өсіру керек. 

Алла тағалының бізді үй қамаққа салғанын, отбасылық құндылықты көтеру керек деп түсіндім. 2015 жылдан бері отбасылық құндылықты, ұлттық тәрбиені айтып келемін. Үйдегі жұлдызың - күйеуің, суретке түсіріп жүгіретінің - балаң. Біз, қазақтар, қазір жұлдыздарға, ақшаға, бизнесімізге табынып кеттік. Осы арқылы Құдай бізді отбасымызбен табыстырды: "Балаңа, күйеуіңе, қара!" деп осыған көңіл бөлу керек екенін тағы бір көрсетті. Қазір әйелден безген еркектер, үйлерінен безген еркектер көп.

Осындай сын сағатта өзімнің шетелге барып коуч, тренингтерден, психологтардан үйренгенімді адамдар білу керек деген мақсатта трегнингтер өткізе бастадым, қазір таңертең және кешке тренингтер өткізіп жатырмыз. Қатысып жатқандар бар, өзгеріп жатқандар бар, көп пікір айтылады. Карантинде бос отырмай, үйде күйеумізбен ұрысып қалмай, балаларымыздың тәрбиесіне көңіл бөліп жатырмыз.

- Ана ретінде, психолог-коуч ретінде карантин уақытында немен айналысқан жөн деп санайсыз?

– Карантин басталғалы отбасыма көбірек уақыт бөліп, балаларыма бұрынғы жұмыс кезінде бөле алмаған көңілімді, уакытымды беріп, барынша тиімді өткізуге тырысып жатырмыз. Әкесі екеуміз үйде ұл-қыздарымызбен дене шынықтыру жаттығуларын жасап, кино көріп, ойындар ойнап күндеріміз жақсы өтіп жатканы соншалық, 15 күн калай өткенін байқамай да қалыппыз. Қыздарыммен ас уйде көбірек уакыт өткізіп, түрлі тағамдар жасап, оларға көп нәрсе үйретіп жатырмын.  Сондықтан осы уақытты пайдаланып, әйелдер отбасымен айналысу керек, жарымен қарым-қатынасты реттеу керек деп ойлаймын. Қырыққа дейін күйеулер әйелдерімен, әйелдер күйеулерімен арпалысады. Арпалысып біткенше қызың он сегізге қалай келгенін байқамай қаламыз. Отбасымызбен көбірек уақыт өткізуіміз керек. Марафонымда осы жайлы терең айтып жүрмін: тапсырмалар беремін, балалармен психологиялық ойындар, тіпті тамақ әзірлеудің өзін психологиялық әдісін үйретемін.

- Жұмыстарыңызды қалай ыңғайластырдыңыз? Тренингтер, марафондар қандай форматта өтуде?

Тренингтер, семинарлар бәрін тоқтаттық.Тек осы бір айда, инста парақшамда тегін 30 күндік онлайн сабақ бастадым.

- Карантинде қандай кітап оқып, фильм көріп жүрсіз?

Балаларым әр түрлі жаста. Әрқайсысының онлайн, қосымша сабақтары бар. Таңертеңгі ас, түскі, кешкі ас бар, үйде сегіз адамбыз. Балаларым әкелерімен бірге фильм көреді.  Кітап оқуға, фильм көруге уақытым, мұршам болмай жүр. Күніне екі рет марафондарым бар, соған дайындаларда көбіне психологиялық кітаптар оқимын. Ал үйде отбасымызбен секіргіште секіріп, пресске арналған жаттығулар жасаймыз. 

 

Сұхбатты дайындаған: Назерке Мұса

 

Талқылау