Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен мұны таңғажайып шығар деп ойладым": Алғаш рет ота арқылы екі қолын ауыстырған азамат оқиғасымен бөлісті

Шотландиялық тұрғын Стивен Галлахер дәрігерлер екі қолын бірдей ауыстыруды ұсынғанда, мұның жүзеге асатынына сенбеген. Алайда күрделі операция сәтті өтеді. Енді Стивен күнделікті ауырсынуды ұмытып, өмірінің жаңа кезеңі басталғанына қуанышты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

стивен галлахер 2022

Стивен 48 жаста. 13 жыл бұрын кенеттен сырқаттанып қалмай тұрып ол шатыр жабушы болып жұмыс істеп, үш баласы бар отбасының асыраушысы болған. Аяқ астынан ер адамның бетінде және мұрнында бөртпе пайда болып, оң қолы ауырып бастаған.

Бастапқыда оған жүйелі қызыл жегі диагнозы қойылады, бұл ауру аутоиммунды ауру, шаршау және буындағы аурумен сипатталады. Содан кейін дәрігерлер неврологиялық ауру, карпальды туннель синдромы туралы ойлап, Стивенге ота жасауға шешім қабылдайды.

Алайда көп ұзамай азаматтың екі қолы бірдей ауыра бастайды, содан кейін жаңа маман оған аутоиммундық ауру, склеродермия диагнозын қойды, соның салдарынан теріде және ішкі органдарда тыртықтар пайда болады.

Шамамен жеті жыл бұрын Стивеннің саусақтары ішке қарай кіріп, ол жұдырығын ашу мүмкіндігінен айырылады. Ер адам ол уақытта қолдары қатты ауырғанын еске алады.

"Менің алақандарым кішірейе бастады, осылайша екі қолымда екі жұдырық пайда болды, мен олармен ешнәрсе істей алмадым. Мен тек кейбір заттарды жұдырығыммен көтеруге ғана шамам келді. Бірнәрсені ұстау мүмкін емес еді. Өздігімнен киініп және басқа да осындай әрекеттерді жасау қиямет болды", - деп еске алады азамат.



Шотландияның батысындағы Дрегорн деген шағын ауылда тұратын Стивен жұмысын тастауға мәжбүр болады. Қазір оның үш қызы 12, 24 және 27 жаста, ол уақытта қыздары едәуір жас еді.

Дәрігерлер оны Глазгодағы пластикалық қол хирургы, профессор Эндрю Хартқа жібереді. Ол Стивенге қос қолды трансплантациялау мүмкіндігі туралы айтады.

"Сол кезде менің күлкім келді және бұл космостық деңгейдегі таңғажайып зат деп ойладым", – дейді Стивен.

стивен галлахер 2 2022

Харт және қол пластикалық хирургиясының басқа маманы, Англияның солтүстігіндегі Лидс қаласындағы аурухана орталығының профессоры Саймон Кэй Стивенге операцияға байланысты қауіптерді түсіндіреді.

"Олар менен ешнәрсені жасырмады. Менің мүлдем қолымнан айырылып қалуым мүмкін екенін ашып айтты. Олар мұның екіталай екенін, бірақ мұндай қауіптің бар екенін ескертті", - деп түсіндіреді Стивен.

Осылайша хирург Саймон Кэй 2016 жылы Ұлыбританияда алғаш рет қос қолды ауыстыру операциясын жасайды. Ал Стивен екі қолын ауыстырған әлемдегі склеродермиямен ауыратын алғашқы науқас болды.

Нәтижесінде операцияны әртүрлі саладағы 30 маманнан тұратын дәрігерлер тобы жасайды. Операция 2021 жылдың желтоқсанында Лидс қаласында өтеді және ол 12 сағатқа созылады.

"Отадан кейін мүлдем басқа әлемде жүргендей сезімде ояндым. Бұл қолдар өте керемет еді. Барлығы өте тез өтті. Мен есімді жиғаннан соң-ақ қолдарымды қимылдата алдым", - деп еске алады операциядан кейінгі сәтті Стивен.

Стивен отадан соң төрт апта ауруханада болады және содан бері үйіне жақын Глазго ауруханаларында үнемі бақылаудан сонымен қоса физиотерапиядан өтіп тұрады.



Стивен ұсақ жұмыстарды, мәселен көйлектің түймесін түймелеу секілді әрекеттерді жасай алмайды. Бірақ итті сипалау, су кранын ашу, стақанға су құю деген шаруаларға епті болып қалған.

"Менің өмірімнің жаңа кезеңі басталды. Физиотерапияның арқасында күн өткен сайын қолдарымды басқару оңайланып келеді. Аз-аздан, алайда сенімді түрде жақсарып келеді", - дейді Стивен.

Стивеннің сөзінше, операцияға дейін оның қолдары қатты ауырған, бірақ қазір ауыру қойып, мұның өзі азаматқа үлкен жеңілдік болған. 

Хирург Саймон Кэйдің айтуынша, операция үлкен команданың орасан зор күш-жігерінің арқасында сәтті өткен және ол ішкі ағзаларды – мысалы, бауырды трансплантациялаудан мүлде өзгеше болған. Әсіресе, науқаспен психологтар өте көп жұмыс істеген.

"Біз науқастың психологиялық тұрғыда төтеп бере алатынына көз жеткізуіміз керек еді. Өйткені оның көз алдында операцияның да, ағзаның трансплантацияланған қолды қабылдамау қаупі де әрқашан елестеп тұрады. Қолдар дененің бір бөлігі болғандықтан, біз оны үнемі қарап, күнделікті қолданамыз", - дейді Кэй.

Стивен Галлахердің өзі операция оның өмірін өзгерткенін айтып, жақын арада жаңа жұмыс іздеуді жоспарлап отыр.

Талқылау