Қазақстанда мемлекеттен әлеуметтік көмекті кімдер ала алады: Тізім шықты
Фото: istockphoto.com
Қазақстанда әлеуметтік көмек алатын азаматтардың санаттары бекітілді. Тиісті бұйрыққа премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік қолдауға құқығы бар жекелеген тұлғалар тізімі жаңа Салық кодексі аясында әзірленген. Тиісті бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалардың жекелеген санаттарына мыналар кіреді:
1) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы;
2) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылар;
4) зейнетақы төлемдерін алатын мүгедектігі бар адамдар;
5) он сегіз жасқа толмаған жетім бала және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала;
6) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы;
7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі №ҚР ДСМ-108/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21263 болып тіркелген) бекітілген әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;
8) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2020 жылғы 28 қазандағы №ҚР ДСМ-162/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21537 болып тіркелген) бекітілген айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;
9) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1033 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №12733 болып тіркелген) бекітілген екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;
10) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы №ҚР ДСМ-14 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №26830 болып тіркелген) бекітілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізіміне кіретін ауруы бар тұлға болып табылатын жеке тұлғалар жатады.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексіне қол қойған еді.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
