Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы мектеп бітіру кеші: Ата-аналарға жауапкершілік пен айыппұл туралы ескертілді

Түлектер-gov.kzФото: gov.kz

Оқу жылы аяқталғанда мұғалімдерге, ата-аналар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бітіру кештерінің оқыс оқиғаларсыз, тыныш өтуін қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Мектептерде профилактикалық жұмыстар күшейтілсе, ішкі істер министрлігі тәртіп бұзғандар жауапқа тартылатынын ескертеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Білім беру мекемелерінде ата-аналармен, сынып жетекшілерімен, оқушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оларға неге рұқсат берілетіні, неден аулақ болу керек екені және  қандай жауапкершілік қарастырылғаны егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

"Ресми шаралар тек мектепте өтеді. Оларды белсенді ата-аналармен бірлесіп ұйымдастырамыз. Ең бастысы – барлық тарап арасында сенім орнатып, түлектерге лайықты балама ұсыну", – дейді Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Юлия Фризен.

Маманның айтуынша, қауіп-қатерге жол бермеу үшін мұғалімдер мектептен тыс жерде өтетін мерекелік шараларға қатыспайды – бұған ішкі бұйрықпен тыйым салынған. 

"Ата-аналарға кеңесім: сөзге сеніп қалмаңыздар.  Одан да бұл күнді бірге өткізген дұрыс – бұл бір жағынан қауіпсіз, екінші жағынан құнды", – дейді директор.

Оқу-ағарту министрлігі де салтанатты мерекелерден, автошерулерден және ақша жинаудан аулақ болуды ұсынады. Ведомствоның баспасөз қызметі мектеп бітіру кештері мектеп аумағында өтуі керек екенін, егер іс-шаралар мектептен тыс жерде ұйымдастырылса, жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін алға тартады.

Мұғалімдер мен министрлік өкілдері бұл күні жұмсақтық танытатын болса, полиция тек қана заң аясында әрекет етіп, ешкімді аяй қоймайды. Мектеп бітіру кештері қарсаңында ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шараларын сақтауға ерекше назар аударады.

"Жол қозғалысы ережелерін бұзу, жолдарда кедергілер туғызу, дыбыс сигналдарын шамадан тыс қолдану және жылдамдықты арттыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", – деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Көлікті көлік жүргізу куәлігі жоқ адам жүргізсе, 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Көлік құралын көлік жүргізу куәлігі жоқ адамға жүргізуге беру 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабының 5-бөлігіне сәйкес, көліктің терезесінен немесе люктерінен қолын шығарған жолаушыларға 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Дәл осындай 10 АЕК көлемінде айыппұл тура осындай құқықбұзушылық жасаған жүргізушіге де қарастырылған (593-бап, 2-1-бөлігі).

Полицейлер алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарға мас күйде шығу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратынын ескертеді. Мұндай жағдайда 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады.

"Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы заңды өкілдеріне 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады Жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы сағат 10:00-ге дейін тыныштықты бұзу 5 АЕК (19 660 тенге) көмелінде айыппұл салуға әкеп соқтырады", – дейді полицейлер.

Тәртіп сақшылары Қазақстанда әкімшілік жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске салады. 

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 18:33
Талқылау