Мәжілісте көркем аударманың сапасын сынаған Мақпал Мыса қазақстандықтарды ашуландырды
Халық көтеріліп, еліміздің екі облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай режимі енгізіліп жатқанда мәжіліс депутаты Мақпал Мыса көркем аударманың сапасын сынға алып, қазақстандықтарды ашуландырды. Депутат бүгін парламент мәжілісінде жастардың шет тілдерін жетік меңгеріп, аударма саласында жұмыс істеуіне мүмкіндік берілуі керектігі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, біздегі көркем аударманың сапасы сын көтермейді. Мақпал Мыса 2021 жылы Ұлттық аударма бюросының қазіргі кездегі қазақ прозасы мен поэзия антологияларын Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне тәржімалап шығарғанын айтты.
Депутаттың айтуынша, бұл жұмысқа 300-ге жуық маман тартылғанымен, оның ішінде шет тілін меңгерген, аударманы көркемдік жағынан бағалай алатын қазақ әдебиетшілері аз.
"Мұндағы негізгі мәселе – өзге тілдерден тікелей аударатын мамандардың жетіспеуі. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше "Болашақ" бағдарламасымен филология, лингвистика, аударма ісі мамандықтары бойынша соңғы 5 жылда 14 адам білім алған. Олар тек шет тілін ғана меңгерген. Ал әдебиет аталымы бойынша бірде-бір адам қамтылмаған", – деді Мақпал Мыса.
Осы ретте депутат "Болашақ" бағдарламасы аясында қаламгер жастардың басқа да тілдерді жетік меңгеріп, аударма саласына жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керектігі жайлы ұсынысын білдірді.
Ал еліміздің үш аймағында төтенше жағдай енгізіліп, бірқатар қалаларда халық митингіге шығып, күнкөрістің қиындап бара жатқанына наразылық танытқанда депутаттың бұл әрекеті қазақстандықтардың ашуына тиді. Әлеуметтік желі қолданушылары Мақпал Мысаның бұл бастамасын "мазаққа" теңеді.
"Ал бұл уақытта мәжіліс депутаты Мақпал Мыса (иә, өткен жылы бюджеттің 28 миллионына өлең оқыған) парламентте Қазақстанда әдеби сын, драматургия мен аударма саласы ақсап келе жатқанын мәселе етіп көтерді. Жолдастар, рас айтасыздар ма? Әлде мазақ қылғандарыңыз ба? Үш парламент партияларының жетекшілері қайда? Елде ТЖ орнағанда, қайдағы әдеби аударма? Ал Нығматуллиннің өзі журналистерден қашып кетті. Бірақ, шынын айтқанда, соны күтуіміз керек еді", – деп жазған желі қолданушыларының бірі.

"Бор мен қағазды өзіміз сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығына шағымданды
