Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәжіліс депутатының ағасы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды

Фото: parlam.kz, gov.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың ағасы Серік Саиров Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Серік Саировты жаңа қызметке тағайындау туралы бұйрыққа қол қойды. Сондай-ақ министрі жаңа бас директорды ұжымға таныстырды.

Министрлік мәліметінше, Серік Саиров – құрлық гидрологиясы, гидрологиялық есептеулер және су ресурстарын бағалау саласындағы білікті маман. Ол 2023 жылдан бастап бүгінге дейін "Қазгидромет" РМК бас директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.

"Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссияның сарапшылар тобының мүшесі, "Гидрометеорология және экология" журналы бас редакторының орынбасары және "Қазгидромет" РМК Ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасы”, – делінген хабарламада.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жаңа басшысы өзінің туған ағасы екенін растады.

"Бірақ оның менімен ешқандай қызметтік байланысы жоқ. Ол өз мамандығы бойынша дербес еңбек етіп келеді. Гидрология ғылымдарының кандидаты, профессор", – деді депутат.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 04 Қараша, 2025 21:27