Майра Ілиясова: Балағат сөзі бар репертуар таңдаған әншілерді ғана емес, ақындарды да жазалау керек
“Қазақстан” ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде өткен “Ашық алаң” бағдарламасында “Мәдениет туралы” заңға енгізілетін өзгерістер талқыланды. Бағдарламаға келген бірқатар әншілер мен шенеуніктер фонограммаға өз қарсылықтарын білдіріп, боғауыз сөздерді қосып айтатын әншілерге қатысты пікір алмасты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Студияға келген ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова жиырма жыл бұрын әншілердің бәрі жаппай фонограммаға көше бастағанын айтты.
“Жиырма жыл бұрын фонограмма енді ене бастағанда жасымыз да, кәріміз де соған көштік. Содан бері фонограмма вирус сияқты тарап кетті. Оны бақылайтын да ешкім болмады. Енді қазір фонограммасыз айту керек екені айтыла бастады. Мәдениет туралы заңға да өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл өте дұрыс”, - деді Майра Ілиясова.
Ол бұрын таңғы төртте оятса да, жанды дауыста ән айтатынын айтты.
“Гастрольде он күн, жиырма күн жүреміз. Сағаттап концерт береміз. Концерттен кейін шай береді, шайдан кейін ет пен сотпа береді, сосын тойғаныңда ал енді өлең айт дейді. Сондайды да басымыздан кешіргенбіз”, - деді әнші.
Сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова балағат сөздері бар репертуар таңдаған әншілерді ғана емес, ақындарды да жазалау керек деп ойлайтынын айтты.
Ал Қыдырәлі Болманов фонограммадан гөрі, халыққа осындай ән сөздерінің зияны көбірек екенін жеткізді. Композитордың сөзінше, фонограммамен өтетін концерттердің бағасы жанды дауыспен айтылатын концерттерден төмен болуы керек.
“Әлемдік тәжірибе бойынша, әнші концертте фонограммамен айтатын болса, ол туралы алдын ала ескертеді. Тіпті, әлемде жанды дауыспен өтетін концерт бағалары фоногрмаммамен қойылатын концерттерден 5-10 есеге дейін қымбат болады. Ал концерт халыққа қолжетімді болуы керек. Біз бағаны көтеріп тастай алмаймыз”, - деді Қыдырәлі Болманов.
Оның айтуынша, фонограммаға мүлдем тыйым салып тастауға да болады, бірақ бұл шешімнің бізге не беретінін ойланған дұрыс.
“Фонограммаға тыйым салу мәдениетті дамытудың қозғаушы механизмі бола ала ма? Мысалы, “Ұлытау” тобы шетелде тек жанды дауыспен айтады. Фонограммадан қорқады. Ал Қазақстанда жанды дауыста концерт бергенімізбен, кәсіби мамандардың дайындығы мен концерт залдарымыздың жабдықталуы оған мүмкіндік бере бермейді”, - деді ол.
Бұл мәселе жайлы мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов өз пікірін білдірді.
“Мәдениет мәселелері бойынша бұл заң жобасы Мәдениет тұжырымдамасы, Цифрлы Қазақстан бағдарламасы мен президент тапсырмасы бойынша әзірленді. Заңның негізгі мақсаты - кітапхана ісі, мәдениет ұйымдарының қызметі, шығармашылық одақтарды қолдау және баспа ісін дамыту”, - деді вице-министр.
Сөзінше, заң жобасындағы өзгеріс бойынша концерттердің фонограммамен немесе жанды дауыспен өтетіні афишада жазылуы тиіс. Вице министр көркемдік кеңестер тек мемлекетке тиемілі концерттік ұйымдарды бақылайды, ал министрлік жеке секторға еш әсер етіп, бақылау жасай алмайтынын сөз етті.
“Осы жұмысты өзектендіру ұшін жергілукті жерлерде де көрсюкемдік кеңес құру керек. Олар осындай жұмыстармен айналысып, талқылап, шара қолдануы тиіс. Бұл тек Алматыда немесе елордадағы мәселе емес. Сондықтан жергілікті атқарушы билік сол жерде болып жатқан мәселеге мән беруі керек”, - деді ол.
Нұрғиса Дәуешов Мәдениет туралы заңға енгізілетін өзгерістер қатарында әншілердің мінез-құлқына қатысты да бап бар екенін атап өтті.
“Өнер адамының басты мақсаты - идеология. Бала теледидардан өнер адамын көрген кезде тәрбие алады, әсер алады. Көңіл күйіне әсер етеді. Қазіргі таңда жастардың арасында боғауыз сөз қосып ән айтатындар бар”, - деді ол.
Оның айтуынша, кезіндегі Мұқағали Мақатаев сынды ақындар жазған әндердің өміршең болуының себебі де сол мағынасында жатыр.
“Қазіргі таңда жастар хайп қуады. Өтіп кету үшін жеңіл сөзді, балағат сөзді қолданады. Бұның болашақ ұрпаққа еш тәрбиелік мәні жоқ. Ал әртістердің мінез-құлқына келетін болсақ, сахнаға мас күйінде шығуы, есірткімен шығуы немесе халықты жинап алып, концертке шықпай қалуы мүмкін. Бұл бап осыны реттеу үшін енгізілді”- деді вице министр.
Оның сөзіне сүйенсек, әншілер халықпен селфиге түседі, өзі де концерттен соң инстаграмға фото салуды ойлап отырады.
“Сахнадан халықпен селфи жасап, соны инстаграмға салу туралы ойлап отыратын әншілер бар. Олар оның орнына халықтың көңілін ойлауы керкк. Сондықтан сахнада мәдениетсіздік танытып, этикаға жатпайтын әрекетке барғандарға міндетті түрде жаза қарастырылады”, - деді ол.
Айтуынша, өнер де нарықтық экономикаға бейімделуі керек, дегенмен эстраданы ұлттық дәстүрмен ұштастырған маңызды
Ал мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің басшысы Күміс Сейітова заң әлі Мәжілістің қарауында екенін айтты.
“Заң әлі талқыланады. Басында фонограммаға мүлдем тыйым салу туралы ой болды. Концерттік бағдарламаларды лицензиялау туралы да қарастырылды. Бірақ өкінішке орай, Мәжіліске дейін заң талқыланған кезде кәсіпкерлерді қорғау ұйымдары тарапынан қолдау таппады. Өйткені, фонограммаға тыйым салу кәсіпкерлер құқығын шектейді”, - деді ол.
Департамент басшысы фонограммаға қатысты бұл өзгеріс бекітілсе, министрлік енгізген ережеге бағынбағандар тұтынушылар құқығын қорғау заңы бойынша жауапкершілікке тартылатынын қосты.
“Қазақ радиолар” ЖШС музыкалық қызмет жетекшісі Айнұр Сәрсенбекова фонограмманың жаппай қолдануы өнерде талантсыз әншілерді көбейткенін айтты.
“Қазір әншілердің 99 пайызы фонограммамен айтады. Бұл ешқашан дайындалмаған, музыкалық білім алмаған, вокалды білмейтін әншілерді көбейтті. Кез келген өнерге қатысы жоқ адамның жолдан келіп әнші бола салуына жүз пайыз мүмкіндік жасап отырмыз”, - деді журналист.
Соынмен қатар ол эстетика екінші орынға ығысып, ән салу таза коммерцияға айналғанын ашып айтты.
Еске салайық, бұған дейін мәдениет және спорт министрлігі фонограммаға қатысты заң жобасын жасағаны жайлы айтылған еді.