"Масалар, егеуқұйрықтар, үйректер мен құндыздар": Астанада құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешені аумағын су басты
Фото: Видеодан скрин
Астанада құрылысы аяқталмаған “ЖаңаАрқа” тұрғын үй кешенінің екінші қабатына дейін су көтерілген. Мұны блогер Данияр Қапаров Instagram парақшасында жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер Instagram парақшасына жариялаған видео 340 мың қаралым жинап, қоғамның назарын бұрды. Кадрлардан тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқан аумағын су басып, екінші қабатқа дейін жеткенін байқауға болады. Видео авторы жергілікті билікке мәлімдеме жасады. Ол әкімдіктен шара қалдануды сұрады.
“Әкімдік, өтініш, бір шара қолданыңыздар. Мұнда маса тұрмақ, аз уақыттан кейін егеуқұйрық, үйрек, құндыз пайда болады”, – дейді әйел.
Әйелдің айтуынша, ол тұратын тұрғын үй пандус үстінде орналасқан. Ал төменгі жағында құрылысы тоқтап тұрған нысан бар.
“Мәселе судың жиналуында ғана емес, сыртта ойнайтын балалардың құрылыс материалдарын қолымен ұстап ойнайтыны да алаңдатады. Мұны ондағы қызметкерлерге айтсақ “балаларыңа жақсылап қараңдар” деп айтады”, – дейді әйел.
Мәліметке сәйкес, бұл тұрғын үй кешені жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған Талдыкөл көлінің маңында орналасқан.
Желі қолданушылары құрылысқа қатысты наразылықтарын білдіріп, пікір қалдырып жатыр.
"Солай тұрып, су бассын. Мүмкін сол кезде билік қаланы жансыздандырып, табиғатты құртып жатқанын түсінер”, “Астананың инфрақұрылымы талаптарға сай емес. Ал құрылысшылар тоқтамастан сала береді. Осылайша Талдыкөлді құртып тынады. Бұл барып тұрған бассыздық. Әкімдік мұндай жерде құрылыс салуға қалай рұқсат берді" – деп жазды олар.
Әкімдік бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, нысан құрылысының аяқталуы бақылауда болатынын айтты.
“ЖаңаАрқа” тұрғын үй кешенінің құрылысы (Қордай көшесі мен №23-30 көше қиылысындағы аудан, құрылысшы — "BBS Gold" ЖШС) қаржыландыру көзу болмауына байланысты тоқтатылған. Үлескерлердің құқықтарын қорғау мақсатында "Қордай 89" тұтынушылар кооперативі құрылған. Құқық қорғау органдары нысанды құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін кооперативтің қарамағына беру жөнінде сотқа талап арыз түсірген", – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қатты жел көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы жабынын ұшырып әкеткені туралы жазған едік.

"Университетте тегін оқып, әлеуметтік көмек ала алады": Грин карта арқылы АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық жұптар оқиғаларын айтып берді
