Белгілі қазақстандық блогер Qazaq Oil жанармай бекетін сапасыз бензин сатты деп айыптады
Айдос Қожахметовтың видеосынан скрин
16 мамырда қазақстандық блогер Айдос Қожахметов "Астана-Көкшетау" тас жолында, Макинск қаласы маңындағы Qazaq Oil №С-035 жанармай құю бекетінің жұмысына шағымданды. TikTok парақшасына жариялаған мәлімет бойынша, аталған жанармай құю бекетінен май құйған соң оның көлігі мүлдем басқаша жүре бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогердің айтуынша, ол Qazaq Oil жанармай бекетіне тоқтағаннан кейін көлігі жұлқынып жүрген және жылдамдыққа қатысты ақаулар байқалған. Блогер жанармай бекетінде жолаушыларға ұсынылған тауарлар да мардымсыз екенін айтты. Витриналар бос болған.
"Моторыңызды бұзып алғыңыз келмесе, бұл жанармай құю бекетіне тоқтамаңыз! Qazaq Oil, мен сіздерге қатты таңғалдым. Жанармай құю бекеттеріңізді бақылап отырмайсыздар ма? Барсам, ештеңе жоқ, витринада да. Әдетте сіздерде бәрі тұратын. Енді ол жерге тоқтамаңыз, босқа әуреленесіз. Тексерілген ақпарат", – деп cөйледі блогер видеода.
Сонымен қатар ол Qazaq Oil компаниясына өз брендін алып тастап, жанармай құю бекетін "Бодяға" деп атауды ұсынды.
Дегенмен кейіннен блогердің бұл видеосы өшірілді. Себебін Qazaq Oil компаниясы Stan.kz-ке берген жауабында түсіндірді. Сөздерінше, аталған станциядан алынған жанармайға зертханалық талдау жүргізілген.
"15 мамырда блогер Айдос Қожахметов Qazaq Oil жанармай құю бекеттерінің бірі сапасыз жанармай сатты деген айыппен видео жариялады. Біз мән-жайды анықтау үшін бірден видео авторына хабарласып, аталған станциядан алынған жанармайға зертханалық талдау жүргізуді бастадық. Сараптама жанар-жағармайдың белгіленген барлық сапа стандарттарына толық сәйкес келетінін көрсетті. Сонымен қатар бейнежазбада С-035 жанармай құю бекеті қате көрсетілген, ал берілген түбіртек бойынша жанармай С-044 станциясында құйылғаны анықталды. Блогер жанармай станциясына 10 мамырда, видео жарияланғанға дейін бес күн бұрын тоқтаған. Видеоның өшірілуі блогер мен компания баспасөз қызметінің арасындағы сындарлы диалогтың нәтижесі болды. Оқиға құқықтық мехнизмсіз, бейбіт жолмен шешілді", – деп түсіндірді Qazaq Oil қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Әнел Елікбаева.
Ал Айдос Қожахметовтің өзі бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
