Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Cот Марат Жыланбаевқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Бүгін Астана соты жабық отырыста тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының белсендісі әрі жетекшісі Марат Жыланбаевқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq.org басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Власть

Белсендінің адвокаты Мейіржан Досқараев соттың шағымды қанағаттандырмағанын айтты.

Бұған дейін Марат Жыланбаев пен оның адвокаттары Астана сотына "экстремистік ұйымды қаржыландырды" және тыйым салынған ұйымның ("Демократиялық таңдау") қызметіне "қатысты" деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылған Марат Жыланбаевқа қатысты үкімге шағымданған еді.

Жыланбаевтың өзі және жақтастары тағылған айыптарды жоққа шығарып, оған қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар екенін бірнеше рет мәлімдеді. Жыланбаевтың өтінішін қарау бүгін онлайн режимде, жабық есік жағдайында және айыпталушының қатысуынсыз өтті.

"Жыланбаевтың өзі апелляциялық сотқа қатысқан жоқ. Процесс бастала салысымен оның сотқа қатысуы туралы арыз бердік. Алайда судья Ерғалиева өтінішті қанағаттандырмады. Себебін де түсіндірмеді", - деді адвокат Бауыржан Азанов.



Бауыржан Азановтың сөзінше, сотта адвокаттар Досқараев пен Хамитов сөз сөйлеп, "айыптаулардың күлін көкке ұшырған". "Айыптаулар жорамал мен болжамдарға құрылған" деді ол.

Бастапқыда Жыланбаевтың апелляциялық шағымын тыңдау 17 қаңтарға белгіленген еді. Алайда кейінге шегерілді. 17 қаңтарда еуропалық депутаттар Орталық Азия елдерінің билігін адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерді сақтауға шақыратын қарарға дауыс берді. Қарар авторлары билікті барлық саяси тұтқынды босатуға шақырды. Бұл қарарда Орталық Азия елдерінде түрмеде отырған бірқатар белсенділердің аты-жөні, оның ішінде Марат Жыланбаев та бар.

Қараша айында Астананың қылмыстық соты танымал марафоншы Марат Жыланбаевты жеті жылға бас бостандығынан айырды. Кейінгі жылдары саясатқа қызыққан, митингілерге шығып, оппозициялық партияны тіркемек болған Жыланбаевқа ҚДТ "экстремистік ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айыптар тағылды. 

Талқылау