Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда белгілі видеограф 13 жасар баланы зорлады деген күдікпен қамауға алынды

Блогер сот шешімімен екі айға уақытша тергеу изоляторына қамалғанФото: Әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желілерде Маңғыстауда белгілі лақап атпен жұмыс істейтін видеографтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ол жергілікті пабликтер мен Ақтау әкімдігі үшін видеороликтер түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның әлеуметтік желідегі аккаунттары бірнеше апта бұрын жоғалып кеткені айтылды. Жарияланымда видеографтың бір танысы оның кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттерге қатысты арыз бойынша қамауға алынғанын айтқан. Бұл балалар видеографтан видео түсіруді үйреніп жүрген.

Полиция бұл ақпаратты растады. 4 қарашада құқық қорғау органдарына кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы әрекет жасалғаны туралы арыз түскен. Бұл факті бойынша ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, ұсталды және сот шешімімен екі айға уақытша тергеу изоляторына қамалған.

"Полиция органдары барлық тергеу және процессуалдық шараларды толық көлемде жүргізуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, арыздағы деректер тексеріліп, қажетті сараптамалар тағайындалды", - деп хабарлады ведомство.

Полиция зардап шеккеннің жасы 13-те, күдіктінің жасы 29 -да екенін растады.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, күдікті дрон арқылы видеороликтер түсірген.

Айта кетейік, бұған дейін жеңгетайлықпен айналысып 6,5 жылға сотталған блогер бостандыққа шыққаны туралы жазған едік.

Рая Мінәп
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 17:30
Талқылау