Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысы футбол саласына 2,1 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр

Маңғыстау облысы футбол саласына 2,1 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырФото:Getty images

Маңғыстау облысында футболды дамытуға қомақты қаржы бөлу көзделуде. Өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасы 2026 жылғы маусымға дайындық және ел чемпионатына қатысу шығындарын жабу үшін 2,1 миллиард теңге қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тиісті лот мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.

Құжатқа сәйкес, бөлінетін қаражат бірнеше бағытты қамтиды. 
Атап айтқанда, Премьер-лига мен Бірінші лигада өнер көрсететін командаларға, Әйелдер Премьер-лигасындағы клубқа, сондай-ақ жастар және дайындық топтарына қолдау көрсету жоспарланып отыр.

Қаржы ойыншылардың дайындығын қамтамасыз етуге, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және жарыстарға қатысу шығындарын өтеуге жұмсалмақ.

Жоба бойынша конкурсқа қатысуға өтінімдер 13–20 ақпан аралығында қабылданады.

Айта кетейік, 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спорт клубтарын толықтай мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру тиімді еместігін атап өткен.

Ал 2025 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету қажеттігін айтып, тиісті тапсырма берген еді.

Осы жұмыс аясында Қазақстандағы 14 футбол клубтың әзірге бесеуі ғана жеке кәсіпкерлердің меншігіне өткен.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 16:43