Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мамандар ер адамдардың өзіне қол жұмсау себебі және суицидтің алдын алу жолдарын атады

Қазақстан суицид бойынша, соның ішінде ерлер арасындағы суицид деңгейінен әлем елдерінің ішінде антирейтингте алдыңғы орында тұр. Ranking.kz мәліметіне сәйкес елімізде әйелдерге қарағанда ер адамдар 5 есе жиі суицид жасайды екен. Дегенмен статистикалық тіркеу жүйесі дамығанымен, өз-өзіне қол салу деректері жайлы толыққанды ақпарат жинау күрделі. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 183 елдің ішінде 87 мемлекет бойынша толыққанды мәліметтер жинағын тек 2019 жылы ғана құрай алған. Stan.kz тілшісі психологтармен тілдесіп, Қазақстандағы ерлер суицидінің себебін анықтап көрді. 

ер адам суицид

2019 жылы ДДСҰ Қазақстандағы суицид туралы мәліметтерді 1 индексімен бағалаған. БАҚ өкілдері мен саясаткерлер елдегі жасөспірімдер суицидіне баса мән бергенімен, өз-өзіне қол салу фактілерінің 76%-ы 18-75 жас аралығындағы ерлердің үлесінде. 

Құқықтық статистика мәліметі бойынша 2021 жылы ерлер өздерін жалғыз сезінгендіктен суицидке барады. Ал жалпы суицид деректерінің 28%-на қаржылық қиындықтар, банкроттық пен қарыз себеп болады. 

Суицид жасайтын еркектердің басым бөлігі 35-54 жас аралығында. 2015 пен 2021 жылдар арасында өзіне қол салғандардың үштен бірі осы жас категориясынан екен. 

Samaritans сарапшылардың айтуынша, бұл жаста ерлер өздерін толығымен қалыптастырып, қызметке белсене араласады. Ал жұмыссыз қалғандықтан ер адамдар күйзеліске түсіп, сәтсіздікпен күресе алмайды екен. 

Қазақстанда ерлер арасында суицидтің белең алуы туралы депутат Ерлан Сайыров премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдаған. Оның пайымдауынша, 2022 жылға дейін үш жыл ішінде суицидке бейім ер адамдардың саны артқан. 

"Соңғы үш жылда суицид жасауға ұмтылған ер адамдардың үлесі 65%-ға дейін өсті. Суицидтің тарауы бойынша әр 100 мың адамға шаққанда ерлер суициді әйелдерге қарағанда 3 есеге көп. Ал соңғы 10 жылдағы мәлімет бойынша әр 5 суицид дерегінің 4-ін ерлер жасаған. Жалпы өзіне қол салу фактілерінің 80%-ы ер адамдарға келеді", – деді Смайылов үкімет отырысында.

Қазақстанда ерлер арасындағы суицидтің көбеюіне мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы себеп

"Қазақстан дағдарыс орталықтары одағының" директоры Зульфия Байсакова елімізде суицид профилактикасы бойынша дұрыс әрі жүйелі бағдарлама жоқ. Талай жоба дайындалғанымен, олар педагогикалық жұмыспен қатар денсаулық сақтау мәселелерін қамтуы керек дейді. 

"Суицид туралы сөз қозғағанда біз өзімізді қорғалмағандай сезінеміз. Меніңше, ерлердің өзіне жиі қол салуына Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы себеп. Соның ішінде жұмыспен қамтылмауы. Бала кезден бастап біз ерлерге "отбасыға жауап беріп, жақындарын толығымен қамтамасыз етуі керек" деген ойды сіңіреміз. Бірақ мемлекетте жұмыс орындары болмағандықтан, олар бұл міндетті толыққанды атқара алмайды. Салдарынан азаматтарда "бұлай өмір сүргенше сүрмеген артық" деген ой туындайды. Сондай-ақ бізде психиологиялық көмектің стандарты жоқ. Жоғарғы оқу орындарын аяқтайтын психологтар көп, бірақ нағыз мамандар саусақпен санарлық. Шынымен көмектесе алатындары қызметі үшін қомақты қаржы сұрайды, бірақ қарапайым азаматтардың қалтасы көтермесі анық", – деді Зульфия Байсакова. 

Психолог Сурия Кдралина да бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, бүгінде ер адамның жұмыспен қамтылмауы өз-өзіне қол салуға түрткі болуы әбден ықтимал. Сонымен қатар маман ер адамның күйзеліске түскенін неден аңғаруға болатынын түсіндірді. 

"Ер адамның жұмысы болмауы, жұмыстан шығарып жіберуі суицидтің негізгі себебі болып отыр. Сондай-ақ оны жұмысқа қабылдамауы мүмкін. Көбіне еркектер күйзеліске тап болғанда салмақ тастайды. Себебі көп нәрсені ойлап, іштей қорытынды жасауға тырысып бағады. Бірақ барлық келеңсіз жағдайларды жеңуге, қабылдауға күші жетпеуі мүмкін. Мұндай кезеңде, әрине, психологпен бірге жұмыс істеп, іштей кедергілерді еңсеруі тиіс", – деді психолог тілшіміздің сауалына жауап беріп. 

Дегенмен мамандар ер адамға өз қызметін ұсынғанда бас тартады екен. Сондай-ақ маман еркектер арасындағы суицидтің алдын алу жолдарын да атады. 

"Адам жақындарының немесе психологтың көмегінен бас тартып жатса, бұл да күйзелістің белгісі деген сөз. Еркек көп сөйлемесе, құлазып жүрсе, отбасыда әйелі немесе ата-анасы жылу сыйлап, "Біз саған сенеміз" деген секілді сөздер айтуы керек. Сонымен қатар бұған дейін де талай қиындықты еңсергенін еске салыңыз. Мұның барлығы ер адамдағы күйзеліске дұрыс реакция білдіру деген сөз. Ең маңыздысы қолдау көрсетіп, отбасыда тұрақтылық атмосферасын қалыптастыру. Ал суицидтің алдын алу үшін ер адам көп сөйлесуі керек. Соның ішінде өмір сүруге деген құлшынысы жоғары, жігерлі адамдармен сөйлескені жөн. Спортпен шұғылдану, сүйікті ісімен айналысу, мұның барлығы бақыт гормонының бөлінуіне әсер етеді", – деп түйіндеді психолог. 

Суицидтің бірнеше психологиялық факторы бар

Тілшіміз ерлер арасындағы суицид себебі туралы психолог Гүлмира Садвакасовамен тілдесті. Маманның айтуынша, өз-өзіне қол салудың физиологиялық және психологиялық себептері бар. 

"Алдымен, физиологиялық себептерге тоқталсақ. Көбіне ер адамдар денсаулығының болмауынан, күш-қуатының болмауынан күйзеліске душар болады. Оның ішінде бұрынғыдай шапшаң қимылдай алмауы, жұмысын уақытылы аяқтай алмауы, еркектің күшінің азаюы да бар. Тіпті кез келген дене мүшесінің немесе созылмалы ауруға ұшырауы депрессияға әкеп соғады. Бұдан бөлек психиологиялық факторлар бар", – дейді ол. 

Психологтың сөзінше, ер адамның суицид жасауды ойға алғанын бірнеше психологиялық фактордан білуге болады. 

"Мәселен, мінезі ашық-жарқын адам аяқ асты тұйықталып кетеді. Болмаса ұстамды адамның шектен тыс еркін болып кетуі, жақындарынан алшақтауы да оның суицидке бейім екенін көрсетеді. Көбіне өзіне қол салуды ойлап жүрген ер адам ештеңеге қызықпай, эмоциясын сыртқа көрсетпейді. Сондықтан адамдар жан рахаты мен тән рахатын қатар алуы тиіс. Мысалы, суицид жайлы ойдан арылу үшін кітап оқыпп, қолөнермен шұғылдануға, жүгіру немесе жүзумен айналысуға, арт терапияны қолға алып, жақындарымен жиі кездескені жөн", – деді Гүлмира Садвакасова. 

Маманның пікірінше, кез келген күйзелістің себебі – адам өміріндегі трагедия. Сондықтан мұны анықтап, адамға кез келген мәселенің шешімі бар екенін түсіндіру қажет дейді. Тіпті мәселенің шешімі болмаса, мұны дұрыс қабылдауды ұғындырған абзал. 

Талқылау