Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нашақорлар "жасарып" барады: Қазақстандық маман есірткіге тәуелді азаматтарды емдеу қалай жүзеге асырылатынын айтты

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда бүгінде есірткіге тәуелді 18 264 адам тіркеуде тұр. Оларды психотропты заттардың шырмауынан құтқаруға бағытталған еліміз бойынша 17 орталық жұмыс істейді. Нашақорларды емдеу қалай жүзеге асырылады? Бұл қанша уақытқа созылады? Бұл сұрақтарды Павлодар қаласындағы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының аға дәрігері Мәди Тоқановтан сұрап білдік. 

Нашақорлыққа қарсы емдеу орталығында қызмет тегін көрсетіледі

Маман орталыққа Қазақстанның барлық аймақтарынан әртүрлі жастағы науқастардың жүгінетінін айтады. Сөзінше, мұндағы азаматтармен арнайы мамандар, білікті психотерапевтер мен психологтер жұмыс істейді. Кей кездері емделушілердің өздері анонимдік ұйымдар ашып, бір-біріне демеу көрсетіп жатады екен.

"Жалпы есірткі тәуелділігінен емдеу үш кезеңнен тұрады. Біріншісі, дәрі дәрмекпен емдеу бөлімшесінде жүргізіледі. Науқас алғаш түскен кезде физикалық жағынан денсаулығы нашарлап, ауыруы мүмкін. Сондай науқастардың жағдайы дәрі-дәрмекпен түзетіледі. Бұл екі аптадай уақытты алады", - дейді Мәди Тоқанов.

Орталық дәрігері екінші кезеңде науқас психотерапия және оңалту бөлімшесіне ауыстырылатынын сөз етті. Айтуынша, мұнда психикалық ауырсынулары бар науқастар емделеді. 

"Ем шаралары кезінде ең жеңілі - физикалық ауырсынуды басу, ең қиыны психикалық дертпен күресу. Нашақор өз әрекетінің қате екенін түсініп тұрса да, өз еркін басқара алмайды. Психикалық ауытқу бұл бас миы ауыруы. Сондықтан адамның миында сақталған нәрсе, оның ойын ластап, тіпті түстеріне кіріп, маза бермеуі мүмкін. Мұндай кезде науқастардың көңіл-күйлері болмай, ештеңеге зауқы соқпайды", - дейді ол. 

Осы кезеңде орталық мамандары түрлі семинарлар мен жаттығулар арқылы емделушілерге барынша көмек көрсетеді. Бұл жұмыстар таңертеңгі сағат 7-ден кешкі сағат 10-ға дейін жалғасады екен. Әр сағат күнтізбеге қойылып, сол бойынша науқастармен жұмыс жүргізіледі. Мұндағы мақсат - емделушілердің ойын өзге дүниелерге бұрып, есірткіні ұмытуына жәрдемдесу. Орталық қызметкері оның ішіне түрлі кітаптар оқу, жақсы адамдармен байланыс орнату тәсілдері кіреді дейді. Бұл кезең 2 айдан 4 ай уақытқа дейін жалғасады.

"Үшінші кезеңде әлеуметтік оңалту шараларына мән беріледі. Бұл кезде науқастар теориялық түрде алған білімдерін тәжірибе түрінде іске асырады. Мұнда науқастардың сағаты емес, минутына дейін жоспарланып, жазылып тұрады. Адамның миы күнделікті жұмыстан босамауы керек", - дейді маман. 

Мәди Тоқанов тәуелділіктен құтылғандар өткенін таразылап, жаңадан келген науқастарға қол ұшын созып, көмек көрсете алатынын тілге тиек етті. Бұл қызметі үшін оларға мемлекеттен жалақы беріледі екен. 

“Орталықтағы науқастар білім ала отырып, көбіне жаңадан ашылған жеке емдеу орталықтарына барып психолог ретінде жұмысқа тұрып жатады.  Мұндай жұмыс өзіне де, өзгелерге де пайда әкеледі. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде мойындалған әдіс”,-деді ол. 

Дәрігер орталықтан емделіп шыққандардың бір жылдай бақылауда болатынын айта кетті. Нашақорлықты ауыр дертке теңеген ол тіпті білікті мамандардың өзі де науқастардың есірткіге тәуелділіктен 100% кепілдік бере алмайтынын тілге тиек етті. 

“Адам миында қалған нәрсені ешқашан ұмытпайды. Мысалы, жол ережесінде бағдаршамның қызыл түсіне өтуіне тыйым салынғанын бәрі де біледі. Бұл ережені әрбіріміз өміріміздің соңына дейін ұмытпаймыз десем қате айтқаным болмас. Сол секілді де есірткіні тұтынып көрген адам бастан кешкен сезімін ешқашан ұмытпайды. Сондықтан да олар қайта нашақорлыққа душар болуы мүмкін. Біз науқастарға мұндай жағдайда сауықтыру орталығына қайта келіп, ем алуына болатынын айтамыз”, - деп қосты маман.

Есірткіге тәуелді азаматтарды тіркеу қалай жүргізіледі?

Маман нашақорларды тіркеу екі түрлі әдіспен жүргізілетінін айтады. Біріншісінде, есірткіге тәуелділер өз еркімен тіркелсе, екіншісі бойынша тіркеуге алу мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады. Дәрігер мәжбүрлі тіркеудің  заң мен құқық аясында іске асырылатынын қоса кетті.

“Бұрын азаматтар есірткі бойынша тіркеуде адам 5 жылдай уақыт тұратын. Ал қазір динамикалық бақылау азаматтардың қолайлылығы үшін 5 жылдан 1 жылға қысқарды. 1 жыл ішінде адам өзі ай сайын маманға барып, тексеріліп жүріп, тіркеуден шыға алады. Ал мәжбүрлі тіркеу комиссиялық дәрігерлер, білікті мамандар тексерістен өткізуі арқылы жүзеге асырылады.

Бұл көбіне синтетикалық есірткіні қолданып, тәуелділікке түссе де, өзінің ауруын мойындамайтын науқастарға байланысты қолданылатын шара. Алайда мұндай жағдайлар өте сирек және заңды түрде жүргізіледі”,- деп қосты ол. 

Дәрігер нашақорлыққа душар болғандар мемлекеттік мекемелерде тегін түрде емеделе алатынын алға тартты. 

"Өзге мемлекеттерде медициналық сақтандыруды талап етеді немесе ем ақылы түрде жүргізіледі. Бізде мемлекет тарапынан осындай қолдаудың бары қуантады. Ең басты талап тегін ем алу үшін елімізде науқас наркологиялық тіркеуде болуы шарт. Дегенмен тіркеуден қорқып ақылы түрдегі емделетіндер де баршылық. Тегін әлде ақылы емделе ме, оны науқас өзі шешеді”- деді маман. 

Мәжбүрлі түрде емдеу қалай жүргізіледі?

“Ата-аналар көбіне психиатр, нарколог маманға барып, арыз жазып, баласын мәжбүрлі түрде емдеуге қабылдауын сұрайды. Арыз қабылданған соң Ішкі істер басқармасы сараптама жүргізеді. Сот үкімі шыққаннан кейін мәжбүрлі емдеу басталады. Мәжбүрлі емдеу тегін орталықтағы ем шараларындай болмайды. Науқастың емделуге ниеті болмағандықтан, мәжбүрлі емнің нәтижесі көңіл қуантпайды. Бұндай науқастар кей кездері ата-аналарына ренжіп, керісінше есірткі тұтынуды қайта бастап кетеді. Олар өздерінің ауруға шалдыққандарын түсінбейді, мойындамайды”,- деп қосты орталық қызметкері.

Мәди Тоқанов ең бірінші кезекте есірткі қолданудың қатерлі ауру екенін түсіндіру маңызды дейді. Науқастар өз дерттерін іштей мойындағанда ғана емнен жақсы нәтиже көре алады. 

“Синтетикалық есірткіні қолданатындар оны есірткі деп мойындағысы келмейді. Тамырға екпемен жібермесем, бұл есірткі емес деп ойлайды. Алайда соның салдарынан олардың жағдайы тек ушыға береді. Қазір синтетикалық есірткінің кең таралып жатқаны да осымен байланысты. 

Өкінішке қарай, есірткі қолданушылар “жасарып” барады. Әрі елімізде кәмелетке толмағандарға арналған емдейтін арнайы орталықтар жоқ. Көбіне олар ақылы түрде ем алып жатады. Жасөспірімдер арасындағы есірткіге тәуелділік мәселесін шешу үшін бірінші кезекте олардың жарнамасын жою керек деп ойлаймын”, - деп қорытындылады дәрігер.

Айта кетсек, қазір орталықта 110 науқас ем алуда. Мұнда жылына есірткі, маскүнемдік, ойынқұмарлыққа қарсы шипа іздеп 700-800 науқас келеді екен.

Елімізде сондай-ақ анонимді түрде психологиялық көмек алуға мүмкіндік беретін тегін сайттар жұмыс істейді. Мұнда кез келген жан өзі туралы деректерді көрсетпей- ақ, тіркеле алады. 2020 жылы адамдарға COVID-19 туралы жаңалықтар шамадан тыс әсер еткен кезде, осы сайт арқылы күніне бес-он адам психологтан кеңес алған. Сайтта 50-ге жуық маман жұмыс істейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған деректерге сенсек, соңғы 10 жылда есірткінің шырмауына түскендердің саны 22%-ға артқан. Әлем бойынша есірткі тұтынатын адамдардың саны 275 милионнан асып жығылады.

Талқылау