Әлеуметтік желіде танымал қала әкімі кім: Шымқала басшысы 109 мың, Петропавл әкімі 2 мыңнан аса адамға есеп береді
Фото: Әкімдік
Қазақстандық қала әкімдерінің парақшасындағы оқырман санына қарап халықпен қаншалықты тығыз байланыста екенін білуге бола ма? Stan.kz әлеуметтік желіде белсенді, өңір тұрғындарының назарында жүретін қала әкімдерінің рейтингісін жасады. Тізімде Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков көш бастады.
Қазақстандағы қалаларда ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға қатысып, жергілікті халықтың жанайқайын естіп, шаһардағы өзекті мәселелерді шешімін тауып, желідегі парақшасында есеп беріп отыратын ақжағалылар көп. Stan.kz сайты оқырманы көп әкімдердің рейтінгісін ұсынады.
Фото: Stan.kz
Ғабит Сыздықбеков
Шымқаланың басшысы Ғабит Сыздықбеков 109 мың оқырманымен көш бастап тұр. Қала басшысының Instagram парақшасын есеп күнделігі ме дерсің. Қала басшысы тұрғындарға баспана кілтін табыстап, қуантқан, салынып жатқан жол мен нысандардың сапасын тексеріп, халықтың жайлылығы үшін жасалып жатқан жұмыстардың басы-қасында болған сәттері желі парақшасында жиі жарияланады. Ғабит Сыздықбековтың оқырмандары да белсенді, үнемі қолдау білдіріп, толғандыратын мәселелерін де жазба астына қалдырады. Шымкент халқы үшін Ғабит Сыздықбеков Қазақстандағы ең керемет басшы.
Ғабит Сыздықбеков 2023 жыдың күзінде Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. Оған дейін Қазақстан премьер-министрінің кеңсесі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.
Дархан Сатыбалды
94,7 мың оқырманымен мегаполис Алматы әкімі Дархан Сатыбалды екінші орында. Шешімін табылмай жүрген мәселелері көп бұл шаһардың тұрғындары да әкіммен тығыз байланыста. Кептеліс, тұрғын үй, қала тазалығы, газға қатысты қала тұрғындарымен бетпе-бет кездесіп, шешімін тауып, сапасыз жұмыстарды сынға алып жүр. Әкімнің жазбасына қалдырған пікірлерге Алматы қаласы əкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлмесі жауап береді.
51 жастағы Дархан Сатыбалды Түркістан облысындағы Абай ауылының тумасы. Ол Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылық институтын және Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. Қазақ, өзбек, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, экономика ғылымдарының кандидаты.
Жеңіс Қасымбек
Елорданың басшысы Жеңіс Қасымбек 31 мыңнан астам оқырманмен алғашқы үштікке кірді. Астана әкімі қаланың абаттандыру, дамыту, нысан, жол инфрақұрылымдары мен шаһарға инвестиция тартуға баса назар аударады. Десе де әкімге жазылушылардың белсенділігі Шымкент пен Алматыға қарағанда төмендеу.
Жеңіс Қасымбек 2022 жылдың желтоқсанында Астана қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол 1975 жылдың 7 мамырында Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Жеңіс Қасымбек Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын “сәулетші-дизайнер” мамандығы бойынша және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін “мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша экономист ретінде тәмамдаған. Ол 2019 жылдың 19 қыркүйегінен 2022 жылдың 8 желтоқсанына дейін Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарды. Оның өңірдегі қызметі шахтерлермен тығыз байланысты болды.
Алмат Ақышов
Өскемен әкімі Алмат Ақышов қаладағы ауыз су, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын басты назарға алған. Оны желіде 25 мың 500 адам оқиды. Шаһар басшысы еш мерекені ескерусіз қалдырмай, атап өтіп, мереке иелерін құттықтауды ұмытпайды. Өскемендіктер де басқа қала тұрғындары секілді әкіммен жеке кездеспесе де желіде мәселесі мен ұсыныстарын айтып, шешу үшін көмек сұрайды.
Алмат Талғатұлы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін туризм мамандығы бойынша, Алматы экономика және статистика академиясын экономика және бизнес мамандығы бойынша, Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын өңірлік даму магистрі біліктілігі бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын елордадағы “Қазақстан орталық концерт залы” әкімшілік-шаруашылық бөлімінің билет бақылаушысы болып бастаған.
Хасар Хабылбеков
Ал Павлодар қаласы әкімі Хасар Хабылбековтың желідегі парақашсына 20 мыңнан астам адам қарайды. Қала басшысының парақшасында көшелерді реставрация жасау, абаттандыру мен көгалдандырудан бөлек ауа райы қолайсыздығынан зақымданған нысандар мен коммуналдық қызметтерді қалыпқа келтіріп жатқан видеолар мен суреттер көп. Хасар мырза өзінің басқа әріптестері секілді қала аумағын аралап жүріп жұмыс істейді. Шаһар халқы басшысына дән риза.
Хасар Айтпекұлы 2023 жылдың тамызында Павлодар әкімі қызметіне тағайындалды. 1986 жылы туған қала басшысының екі жоғары білімі бар. 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын “Қаржы” мамандығы бойынша және 2014 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін “Көлік құрылысы” мамандығы бойынша тәмәмдады. “Техника және технология” магистрі дәрежесі бар.
Марат Жүндібев
Қостанай әкімі Марат Жүндібевтың 18 мыңнан астам адам оқиды. Осылайша ол алғашқы бестікке ілінбей қалды. Есесіне Марат Жүндібаев ардагерлерге, өңірдегі құрметті азаматтар мен қоғамдық белсенділерге ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ жол сапасын арттыру, қалыпқа келтіру, абаттандыру, саябақ пен демалыс орындарын көбейту жұмыстары да назардан тыс қалып жатқан жоқ.
Марат Жүндібаев 20 жылдан астам уақыт бойы Қостанай облысының жергілікті атқарушы органдарында түрлі қызметте болды. Сондай-ақ ол облыс әкімінің орынбасары және Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымын атқарған.
Мейрам Қожухов
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов 15 мыңнан астам оқырманмен рейтингте 7-орынға жайғасты. Қала басшысы тұрғындардың жайлылығы үшін қоғамдық көлік мәселесін реттеуді, сондай-ақ экологиялық мәселелерді, атап айтқанда қоқыс шығаруды ыңғайлы етуді мықтап қолға алған.
51 жастағы Мейрам Қожухов 2023 жылы Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол Қарағанды химия-технологиялық техникумын “пластмасса мен резеңке өңдеу зауыттарының жабдықтары” мамандығы бойынша, Д. А. Қонаев атындағы университетті “құқықтану” мамандығы бойынша және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін “өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, қалалық шаруашылық” мамандығы бойынша тәмамдаған.
Бір жылдары ол Қарағанды облысы Саран қаласының мәдениет, жастар саясаты, спорт және туризм бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарған. Сондай-ақ Ақтас кентінің әкімі, Сарань қаласы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және байланыс мәселелері жөніндегі орынбасары лауазымдарында болған. Кейін Қарағанды қаласының Октябрь ауданын басқарған.
Қайрат Шайжанов
Жезқазған қаласының әкімі Шайжанов Қайраттың әлеуметтік желіде 15 мыңнан астам оқырманы бар. Қала басшысының парақшасынын оның тұрғындармен жиі сенблік ұйымдастырып, шаһар тазалығынан ерекше көңіл бөлетінін байқауға болады. Қоқыс жинауға тұрғындардың жасы да, кәрісі де білек сыбана кіріседі. “Фитнестің орнына — қоқыс қаптары, марафонның орнына — су қоймасының жағалауы” делінген әкімнің бір жазбасында.
Қайрат Абдуллаұлы Шайжанов Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келген. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, жоғары білімі бар, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы бастаған. Әр жылдары бизнес саласында, түрлі мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істеді. 2009-2013 жылдары Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, 2015-2018 жылдары Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі қызметін атқарды. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы АШМ "ҰАҒББО" КЕАҚ активтерді басқару департаментінің директоры қызметін атқарды.
Әнуар Күмпекеев
Көкшетау әкімі Әнуар Күмпекеев 13 мыңнан астам оқырманымен рейтингте 9-орынға жайғасты. Әнуар Күмпеккев қаладаңы жаңадан салынып жатқан нысандар, жөндеуден өтіп жатқан мектептер мен теміржол вокзалды және сапасыз жолдарды қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Жұмыс барысын жеке өзі тексеріп, олқылықтарды бар-жоғына көз жеткізіп жүреді.
Әнуар Күмпекеев 2024 жылы 9 қараша күні Көкшетау қаласының тұрғыны болып тағайындалды. Бұған дейін ол Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келген. Бұл қызметке 2024 жылдың тамызында тағайындалған ол, 2019 жылы “Транстелеком” АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, 2020 жылғы қазаннан бастап “Транстелеком” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Күмпекеев компания басшылығына келмей тұрып, 2012 жылдан бастап Ақмола облысы Степногорск қаласы әкімінің орынбасары, 2015 жылғы мамырдан Степногорск қаласының әкімі, 2018 жылғы тамыздан Павлодар қаласының әкімі лауазымдарын да атқарған. Павлодарды басқарған тұста Күмпекеев ысырапшылдық жасағаны үшін Павлодар облысының сол кездегі әкімі Болат Бақауовтан сөгіс еді. Облыс әкімі оның бюджет қаражатын оңды-солды шашып, қымбатқа көлік алғаны үшін сынаған. 2019 жылдың шілдесінде басшылықтан сөгіс алған әкім, өз еркімен жұмыстан кеткен еді.
Азамат Бекет
10 мыңдай оқырманы бар Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет алғашқы ондыққа кірді. Ақжағалының желідегі парақшасынан қаладағы экологияға көңіл бөлініп, су тасқыны кезеңіне ерекше дайындық жасалатынын байқауға болады. Сондай-ақ ағаш отырғызып, сенбіліктер өткізеді.
Азамат Бекет 2020 жылы Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалды. Қазақ гуманитарлық заң университетін, Экономика және құқық академиясын тәмамдаған. Бокстан халықаралық дәріжедегі спорт шебері.
Бәзіл Ернат
Талдықорған әкімі Бәзіл Ернат 9 мыңнан астам оқырманымен 11-орында. Қала әкімі қоғамдық көліктердің, салынып жатқан солдың сапасын бақылап, шаһарды аббаттандыру, автобустардың бағыттарын реттеу жұмыстарын тексереді. Сондай-ақ тұрғындармен жиі кездесіп, олардың көтерген өзекті мәселелерін тыңдайды.
Бәзіл Ернат Дүйсенбекұлы 1978 жылы туған, білімі жоғары. 2023 жылы маусым айында қала әкімі болып тағайындалды. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын құрлысшы инженер, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін қаржы мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы қаласында “Базис-А корпорациясы” ЖШС-ның учаске шебері болып бастап, осы серіктестікте прораб, учаске бастығы болған. 2023 жылдың ақпан айынан осы күнге дейін Жетісу облысы әкімінің орынбасары болды.
Әбілқайыр Байпақов
Ақтау әкімі Әбілқайыр Байпақовтың 8005 оқырманы бар. Оның парақшасында азық-түлік, жол, мұнай-газдан бөлек мерекелік іс-шарларға да ерекше аталып өтетінін байқауға болады. Десе де парақшаны белсенді деуге келмейді. Тұрғындардың қойылған сұрақтары жауапсыз қалып жатты.
Әбілқайыр Байпақовтың 2024 жылы Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалды. Әбілқайыр Байпақов 1978 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар.
Шәкір Кейкин
Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің парақшасына 7 мыңға жуық адам жазылған. Әкім шаһарды дамыту жұмыстарын қолға алып, нәтиже көрсеткен. Қалаға 90 су жаңа автобустар келіп, 33 шақырымға дейін су құбырлары жаңартылған. Жолдардағы шұңқырлар да қалыпқа келтіріліп, жарықтандыру қызметі бақылауға алынды. Сенбіліктер ұйымдастырылып, қаладағы қоқыстар жиналған.
Шәкір Кейкінұлы 2023 жылы Атырау қаласы әкімінің қызметіне тағайындалды. Ол 1970 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ политехникалық институтын “тау-кен инженері” мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Құлсары қаласында "Теңізмұнайкомплект" ЖШС-да коммерциялық бөлімінің брокері қызметінен бастаған.
Бақытжан Орынбеков
Тараз әкімі Бақытжан Орынбековтың 6 мыңнан аса оқырманы бар. Әкімнің желідегі парақшасында азық-түлік жәрмеңкелерінің ұйымдастырлғаны туралы жазбаларды жиі байқауға болады. Бұл жәрмеңкенің мақсаты – тұрғындарға қажет азық-түлікті нарықтағы төмен бағаға сатып, қолжетімді ету. Сондай-ақ қалада инфрақұрылым жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетінін көрсеткен. Жол жөндеу мен абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалып жатқан жоқ.
Бақытжан Орынбеков 2022 жылы Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін “автомобиль және автомобиль шаруашылығы” және “тау-кен ісі” мамандықтары бойынша бітірген. Ол еңбек жолын 1992 жылы Жамбыл қаласындағы “Заман” фирмасында бөлім бастығы болып бастаған. Әр жылдары "Делдал” жеке кәсіпорны директорының орынбасары, "Жамбыл-Құпарлылық" АҚ-ның механигі, “Шығыс Таңы" Сауда-өндірістік компаниясы” ЖШС бас директоры, “Тараз көлік жолы” ЖШС президенті, Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс басқармаларының басшысы, “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ-ның “Сауда-көлік компаниясы” ЖШС-де және “Волковгеология” АҚ-да түрлі басқарушы лауазымдарда еңбек еткен.
Бердіханов Асхат
Қонаев қаласының әкімі Бердіханов Асхаттың әлеуметтік желідегі парақшасында оқырман саны 3 мыңнан асады. Қала басшысы парақшасында жаңа тұрғын үй кешендерінің бой көтеретіні, газ бен жағалау маңын абаттандыру және ондағы қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары жайлы жазбалар жариялаған. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жеке қабылдағаны туралы да айтылған. Алайда желіде қала халықын мазалаған сұрақтар жауапсыз қалған.
Бердіханов Асхат 2024 жылы жас қалаға әкім болып тағайындалды. 2017 жылы С.М.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін “Энергетика және электротехника” мамандығы бойынша, 2022 жылы А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетін құрылыс мамандығы бойынша бітірген.
Серік Мұхамедиев
Оқырмандар саны бойынша рейтинг Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің 3 мыңға жуық жазылушымен аяқталды. Әкім ай сайын қала аумағын аралап, олқылықтарды өз көзімен көріп, оны жөндеуге тапсырмалар беретіні туралы жазған. Қалада жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылып, шаһар аумағы жаңартылып жатқаны туралы жазбалар да бар. Десе де жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен наразылықтары жауапсыз қалған.
Серік Мұхамедиев 1965 жылы Шығыс Қазақстан облысы Көкпектi ауданы Биағаш ауылында дүниеге келдi. Бiлiмi жоғары, 1989 жылы инженер мамандығы бойынша Өскемен қаласының құрылыс-жол институтын аяқтаған.
Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов пен Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов әлеуметтік желіге тіркелмеген болып шықты. Сондай-ақ күні кеше тағайындалған Семей әкімі Әділет Қожанбаевтың да желіде парақшасы жоқ.

Әлеуметтік желіде танымал қала әкімі кім: Шымқала басшысы 109 мың, Петропавл әкімі 2 мыңнан аса адамға есеп береді
